Қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіш

Мекен жайы: Қызылорда қаласы, «Арай» мөлтек ауданында орналасқан

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 31.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіш,

1998 жыл

  Мемориалды ескерткіш 1998 жылы 1930-1940 жылдары саяси жазалау құрбандарының жерленген орнында орнатылған. Ескерткіштің авторы – Мәлік Сапарғалиев. Қаңқа негізінде қаңылтыр табақтарынан жасалған қуыс металды элементтердің үстіңгі бөлігінде қосылған үшбөлікті құрылыс астына қарай үш сәулелерімен тарқалады және бетоннан жасалған биік емес стилобатқа негізделген. Құрылыс элементтерінің ішкі жағының үш бөлігінде үш тілде жазулар бар. Қазақ тілінде - «Бұл жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарының мүрделері қайта жерленген», орыс тілінде – «Здесь захоронены останки жертв политических репрессий», ағылшын тілінде – «Politikal repressions pemains ARE burrid here». Бетонды стилобаттың ортасында алқызыл гранит тақта орнатылған. Тақтайшада көгершіннің бейнесі және 97 саны, сонымен бірге қазақ және орыс тілдерінде – «Год согласия и памяти татулық пен еске алу жылы» деген сөздер қашалып жазылған. Ескерткіш солтүстік бағытқа бағдарланған. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер»деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады. Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Кіші Қазан төңкерісін қайта жасап, халықты ұжымдастыруға шақырды. Әр тап өкілдерін теңестіруді көздеп қазақты малынан айырды. Нәтижиесінде 1931-1933 жылдары Жаппай ашаршылық орын алып, қазақ халқының саны 49 пайызға кеміді. Одан кейінгі жаппай жазалау кезеңі 1937-1938 жылдары жалғасып Қазақ зиялыларын түрмелерге жауып кейін ату жазасына кесілді. Қазақ тарихындағы ақтаңдақ кезеңді мәңгі есте қалдыру үшін Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып аталған 1997 жылдан бастап атап өтіледі. Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі - 1993 жылғы сәуірдің 14-індегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы. 1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Жалпы 1930-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар интелегенция өкілдері ұшыраған. Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылып келген.

2017 жылы мемориалды ескерткішке қайта жаңғыру жұмыстары жүргізілді.

1930-1940 жылдардағы Қазақстандағы саяси-қуғын сүргін.  

1937 жылы  И. В. Сталин мен оның айналасындағылардың «халық жаулары және олардың құйыршықтарын түп-тамырымен жоюдың» қажеттігі жөніндегі нұсқауы барлық жерде қолдау тапты. Осындай жағдайда И. В. Сталин мен оның серіктері мүмкін болатын оппозицияны орталықта ғана емес, ұлттық республикаларда да біржолата талқандауды ұйғарды. 1928 жылдың ортасынан бастап Алаш қозғалысына қатысқан зиялылар жаппай тұтқындала бастады. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деген жалған айып тағылды. Сол жылы 44 алашордашы тұтқындалып, оның ішінде Ж. Аймауытов, Ә.Байділдин, Д.Әділев ату жазасына кесіліп, үкім орындалады. Ал қалғандары түрмеге қамалады. Ұлттық зиялылардың екінші тобы 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында тұтқындалып, оның 15-і Орталық, Ресейге жер аударылды. 1936-1938 жылдары қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-іне «халық жаулары» немесе «халық жауларының сыбайластары» және т. Б. Айыптар тағылды. Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсыз қудалау көрді. 1931 жылдан бастап 1954 жылдың 1 ақпанына дейінгі кезеңде КСРО-да соттан тыс және сот органдары 3 млн 777 мың адамды ату жазасына соттап, оның 643 мыңына үкім орындалса, ал 2 млн 369 мыңын 25 жылға дейінгі мерзімге түрмелерге қамап, лагерьлерге айдаған. Жалған айып тағылғандардың қатарына 1931-1933 жылдардағы қазақтардың жаппай қырылуына байланысты ашық наразылық білдіріп, Қазақстан халқының мүдделерін қорғағандар да қосылды. Ашық сот процестері 1937 жылы республиканың Үржар, Преснов т. б. аудандарында болып өтті. 1937 жылы қарашада Қарағанды облысының Ә. Асылбеков, Н. Нүрсейітов, М. Ғатаулин т. б. басшыларының үстінен жүргізілген сот процесі халықтың жан-жақты талқылауына ұласты. Алайда «халық жауларының» негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының мәжілістерінде, «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешіліп жатты. 1930 жылдардың ортасында Л. Мирзоян, Ү.Құлымбетов, Н. Нұрмақов, Т. Рысқұлов. О.Жандосов, Т.Жүргенов сынды көрнекті партия және мемлекет қайраткерлері «халық жаулары» ретінде тұтқындалды.

Бұл заң бұзушылық қуғын-сүргін саясатын жүзеге асыру барысында бұқаралық сипат алып, оған заңдық негіз бен жариялылық түр берген кеңес заңдарының нормалары нұсқаулармен бүркемеленді. Бұл кезең қолданылған қылмыстық жазалардың ерекше қаталдығымен сипатталады. Мысалы, 1926 жылғы РКФСР Қылмыстық Кодексінің ерекше бөлімінің I тарауында көрсетілген контрреволюциялық қылмыстардың 17-сінің 12-іне ең жоғарғы жаза - ату жазасын қолдану қарастырылды. Азаматтарды «халық жауы» деп жариялап, азаматтық құқықтардан айыру, мемлекеттен қуу, дүние-мүліктерін тәркілеу, қатаң оқшаулау арқылы еркінен айыру тәрізді жазалау шаралары да кеңінен қолданылды.  Тоталитарлық тәртіп адамдардың өздеріне қарсы қойылған айыптауларды әділ, жан-жақты талқылайтын соттың қарастыруын талап ету сияқты ажырамас құқығын да теріске шығарды. БОАК-нің 1919 жылғы 17 ақпандағы «Бүкілресейлік Төтенше Комиссия туралы» декретінің өзінде қарулы қарсылық (контрреволюциялық, бандиттік) көрсетілген жағдайда төтенше комиссияларға тікелей қару қолданып, жазалау әрекеттерін жүзеге асыру құқығын сақтаған ереже бекітілді.

Қазақстандықтарға көбінесе жапон, кейде герман тыңшылары деген айып тағылып, айыптаушылар мен сотталғандардың «мойындауы» ешқандай дәлелдеусіз жүзеге асырылды. Негізінен көршілердің, қызметтестердің, тіпті таныстар мен туыстардың жалған ақпараттарына негізделген, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деген айыптау да кең тарады. Қазақстанда, сондай-ақ азаматтарды ұлтшылдық, ұлтшыл ұйымдар құру арқылы республиканы Кеңес Одағының құрамынан бөліп алуға тырысқан ұлттық ауытқушылық үшін айыптау да кең қолданылды. Көптеген адамдар террорлық әрекеттер, диверсия, саботаждарды жүзеге асыруға дайындық жасағаны, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қалыпты жұмыс істеуіне қарсы экономикалық контрреволюциялық әрекеттер ұйымдастырғаны үшін негізсіз қуғын-сүргінге ұшырады.

«Әлеуметтік тапсырыс беру» мемлекеттік қуғындау-жазалау органдарын толық қуатымен жұмыс істеуге мәжбүр етті. Бұл жұмыстың көлемі ұлғайып, «тасқынды» сипатқа ие болды. БК(б)П ОК-нің саяси бюросы өз бастамасымен, республикалық және жергілікті партия, кеңес органдарының, НКВД өтініштерінің негізінде жекелеген аймақтардағы қуғын-сүргінге ұшырауға тиісті адамдардың шектеулі тізімін бекітті. Қызмет бабында өсуге, көрініп қалуға ұмтылушылықтың нәтижесінде республикалық және жергілікті органдар бұл тізімді кебейтуді ұсынған өтініштер білдірді.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Көтібар мұнарасы
2 / 5
Бақатам кесенесі
3 / 5
Құттыбай кесенесі, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар
4 / 5
Сырлытам кесенесі, ХІІ-ХІІІ ғасырлар
5 / 5
Христос Спаситель шіркеуі

Ақпарат

    Записей не найдено.