Бала би кесенесі

Мекен жайы: Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылынан шығысқа қарай 5 шақырымда орналасқан

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 06.09.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Бала би кесенесі, 1999 ж.

(Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне алынған)

 

Бала би шешен 1811 жылы киелі Шиелі топырағындағы Бәйгеқұм, Жөлек маңайында туылған. Шын есімі Бименбет Есенәліұлы. Он үш жасында жетім қалып, әкесінің інісі Арғынбайдың тәрбиесінде болып, қасына еріп жүреді. Ағасы жас Бименбеттің зеректігін байқап, ел ішіндегі жиын, той, ас, басқада басқосуларға ертіп апарып, болашағынан зор үміт күтеді. Осылайша жастайынан ел мен жер дауына араласып, халық арасында Бала би атанады.

Қоңырат жұртында Байзақ атты датқа болыпты. Байзақтың жүйрік тұлпары бар екенін естіп, қатты қызыққан Қоқан ханы, сол тұлпарды түрлі амал-айламен қолына түсіре алмапты. Түркістан билеушісі түрлі себеп-сылтау іздеп, Байзақ датқаны қамауға алып, оның үстіне алба-жұлбасы шыққан киімдер кигіздіріп қояды. Қарауындағы барлық датқаларды жинап алып, Байзақ датқаны алдарынан өткізіпті. Жиналған датқалардан Байзақтың үстіндегі жұлымы шыққан киімді жарасады ма деген сұрағына көпшілігі, «иә, жақсы жарасады» деп бір ауыздан билеушінің сөзін сөйлейді.Сонда сөз реті Бала биге тигенде, ол «Уа, мырзам, күндердің күнінде басыңнан бағың тайып, дәулетің мен атағың аяқасты болғанда, бұл киімдер сізге де жарасады. Өмірде бастан бақтың таюы бір-ақ сәтте, ұлықтан кішік болу, ел-жұрттың өзіңнен теріс айналып кетуі әп-сәтте» - деп жауап беріпті. Сөз астарын дұрыс түсіне білген бек, өзінің негізсіз іс-әрекетін тоқтатыпты. Тәубесіне келіп, Байзақ датқаны босатып, кешірім сұрап, сый-сияпатымен шығарып салыпты.

         Кесене Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылынан шығысқа қарай 5 шақырымда орналасқан. Бала би шешен ойға жүйрік, тілге шебер, тапқыр, маңызды мәселелер шешуде адамгершілігімен көптің көкейінен шығып отырған. Шешендік сөздерінің әсерлі де ұлағатты, ұтымды да тапқырлығы тыңдаушыларын таң қалдырған. Осындай үлгілі істерімен би Сыр елінің құрмет-мақтанышына бөленген. Бала би Түркістан мен Сыр бойындағы қазақ руларын билеп-төстеген Қоқан хандығына, одан кейін Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы Досбол бимен бір ниетте, бір тілекте болады.

Кесене 6 қырлы етіп күйген кірпіштен өрілген. 2.40 метр ұзындықта 6 шығыңқы (выступ) қырларында 6 бағана (колонна) өрілген. Кесененің  биіктігі – 6 м. Объектінің иллюстрациялық материалы: күйдірілген кірпіш, ағаш, бетон.

 

 

 

 

 

 

 

 

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Қорқыт ата ескерткіш кешені (стелла, амфитеатр, қылует, қошқар тас, мұражай )
2 / 5
Сырлытам кесенесі
3 / 5
Сауысқандық петроглифтері
4 / 5
Оқшы ата кесенесі
5 / 5
Теміржолшылар клубы ғимараты (бұрынғы шіркеу)

Ақпарат

    Записей не найдено.