Зейнолла Шүкіров бюсті, 2003 жыл

Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, З. Шүкіров көшесі, н/з. (Облыстық ардагерлер кеңесі ғимаратының ауласы)

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 31.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Санаты: Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.

Тарихы: Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, сара сөзді сүзгіден өткізіп, поэзияның шыңына көтерілген Зейнолла Шүкіров 1927 жылы 16 ақпан күні Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген ауылында дүниеге келген. Бастауыш білім алғаннан кейін қатты науқастанған. Бірақ төсек тартып жатқанмен, мүгедек халіне ерлікпен, төзімділікпен төтеп беріп, қайсар жас өздігінен білім алған. Сөйтіп бар өмірін жазушылыққа арнаған. Өмірінің соңына дейін жазушылық қаламын қолынан түсірмей, ондаған кітап ұсынды. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1955 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан. Оның балаларға да арналған жинақтары бар. Адамгершілікті, адал махаббат пен шынайы сезімді суреттейтін «Теңіз жыры» (1960), «Арал дәптері» (1962), «Сағыныш» (1970) атты өлең кітаптары, сондай-ақ, Арал балықшыларының ауыр тіршілігін, өмірін бейнелейтін «Тоғысқан тағдырлар» (1961), бүгінгі замандастар келбетін ашатын «Сырлы дүние хикаялары» (1966), «Ізгілік іздері» (1967), «Қиын түйін» (1973) повестері мен «Отты өткелдер» (1983) атты романы жарық көрді. Өлеңдері мен поэмалары 1977 жылы «Таңдамалы шығармалар» деген атпен жарыққа шыққан. 2008 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясымен үш томдық шығармалары жарық көрді. Өлеңдер топтамасы «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясының он томдық антологиясына, «Қайталанбас дауыстар» Сыр саңлақтарының антологиясына енген. Жазушы ел аралап, жер шарлап, емін-еркін жүре алмаса да, Сыр бойының тұнған тарихын үйде жатып-ақ зерттеп, зерделеп, жинақтай білді. Көп жылғы еңбегінің нәтижесін «Сыр бойы» атты тарихи ұлы әңгімесінен көреміз. Алайда, бұл роман саясаттың құрбаны болып, жазушының тірі кезінде жарық көре алмады. Өз дәуірінде ел азаттығын аңсаған, бодандыққа бой бермеген, тәуелсіздігіміздің шоқтығы биік тұлғасы Жанқожа батыр өмірімен ұштастыра ел тарихын толғаған «Сыр бойы» романы 1998 жылы ғана жарыққа шықты. Зейнолла Шүкіров өмірінің соңына дейін жазушылық қаламын қолынан түсірмей отызға жуық кітап ұсынды. З.Шүкіров сонымен қатар көркем аудармамен де айналысты. Орыс ақыны Ф.И.Тютчевтің «Жартас пен теңіз» атты жыр жинағын қазақ тіліне аударды. Әлемге танымал Шекспир мен Гейнені қазақша сөйлетті. Ақынның «Сыр сұлуы», «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?», «Сәулем-ай», «Көрінбей жүрсің сен неге?» т.б. өлеңдері ел аузында әнге айналып кетті. Әрі поэзиялық, әрі прозалық жанрда бірдей қалам тербеген талант еңбегін көзі ашық, рухани дені сау жұртшылық жоғары бағалап, жазушыны «Қазақ Островскийі» деп атады. Белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев З.Шүкіров туралы «Құрыш қазақ» поэмасын жазса, көптеген ақындарымыз Зейноллаға арнау өлеңдерін шығарды. Жазушы 1977 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақ елінің бір туар азаматы, ақын Зейнолла 1979 жылы 26 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүние салды.

Сипаттамасы: 2003 жылы Қызылорда қаласында «Бірлік» автопаркінің директоры Құрманғазы Шәмшиев өзі басқарып отырған мекеменің ауласына демеушілік есебінен ақынға арнап мүсін орнатқан. Бұл сапасыз материалдан салынған. 2017 жылы облыстық бюджет есебінен ұлы ақынның есімін ұлықтау мақсатында З.Шүкіровтің бюсті сапалы материалдан қайта жасалды. Сондай-ақ мүсін облыстық ардагерлер кеңесі ғимаратының ауласына орны ауыстырылды. Бюст қоладан жасалған. Бюст жоспары төртбұрышты, бетоннан құйылған, сырты гранит плиткамен қаланған тұғырға (көлемі 70х74х155 см) қойылған. Бюсттің көлемі 90х45х110 см. Авторы - мүсінші Мұратбай Үмбетов. Бюст тұғырына QR-код тақтайша орнатылған.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, депутаттар кеңесінің ғимараты, қазіргі – Ғ. Мұратбаевтың мемориалдық музей ғимараты,ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы
2 / 5
Сырлытам кесенесі, ХІІІ ғасырлар
3 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басы Ғанибай мешіті (қазіргі қалалық кітапхана)
4 / 5
Қорқыт ата ескерткіш кешені (стелла, амфитеатр, қылует, қошқар тас, мұражай), 1980 жыл
5 / 5
Асанас кесенесі, ХVІІ ғасыр

Ақпарат

    Записей не найдено.