Жанқожа батыр кесенесі

Мекен жайы: Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінен батысқа қарай 4 шақырымда орналасқан

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 04.09.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Жанқожа батыр кесенесі, 1992 жыл

 

Маңызы: жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші

 

Орналасқан жері. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,  Әйтеке би кентінен оңтүстікке қарай 4 шақырым. Географиялық координаттары: N 45º48′42,94″Е 062º07′39,73″.

 

 Тұлға туралы ақпарат: Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (1774-1860ж.ж.) – қазақ халқының ел азаттығы жолында арыстандай арпалысқан атақты батырларының бірі. Атасы Киікбай Әбілқайыр ханның батыры әрі биі болған. Ал әжесі Тәжі қалмақпен де орыстармен де шайқасып өткен, өлгенде де «табаным тіреп жатсын» деп аяғын Орынборға қаратып көмуді өсиет еткен атақты Есет батырдың жалғыз қызы. Жанқожа осы Киікбай мен Тәжіден туған Нұрмұхаммедтің баласы.

Ел аузындағы деректерге қарағанда, Жаңқожаның батырлық даңқы ерте шыққан. 1830 жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан соң Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алды. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтіргені үшін Құрман биге тапсырады. Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандайды. Хиуа хандығы Аллақұл ханның тұсында 1835 жылы Қуандарияның батысындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200 әскер ұстайды. Жанқожаға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін түрікмен Аймұхамед палуанды жасақтарымен жіберді. 1836 жылы Ақирек деген жерде елге тізесі батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырды. Ел аузында Жанқожа батырдың Созақ қамалын алмаққа келген қазақтың соңғы ханы – Кенесары қолымен бірігіп жасаған шабуылдары жөнінде біраз әңгіме сақталған. Батыр осы жолы әуелі өзінің жігіттерімен Созақ қамалына көмекке келе жатқан Қоқан әскерінің алдынан шығып, оларды талқандап, кері қуып жібереді. Содан соң Созаққа қайта оралып, Кенесары қолымен тізе қосып, қамалды алады. Қамалдың қақпасын бұзып, алдымен ішке кірген осы Жанқожа батырдың сарбаздары болыпты.

Патша үкіметінің әскери әкімшілігі Жанқожа Нұрмұхамедұлының көзін жою үшін Елікей Қасымов бастаған арнаулы жазалаушы әскер жіберді.    1860 жылы жазалаушы әскер Қызылқұмның ішіндегі Жанқара көлінің басында отырған Жанқожа батырдың ауылын қоршауға алды. Қанды шайқастың барысында 80-нен асқан Жанқожа батыр жазалаушылардың оғынан қаза тапты.

 

Ескерткіштің сипаттамасы: Жанқожа батыр кесенесі 1992 жылы салынған. Кесене халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының құрметіне арнап салынған. Кесене құрылысын салуға мекемелер мен кәсіпорындар, мыңдаған жекелеген азаматтар қаржылай көмек көрсетті. Ескерткіштің іргетасына бетон блоктары төселіп, қабырғалары күйдірілген кірпішпен қаланған.

Ұзындығы 11,5 м., ені 11,5 м., биіктігі 8 м. Жалпы ауданы 127 ш.м. Кесененің ішкі жабдығы сәулеттік бөлшектерден тұрады. Айналасы абаттандырылған және жыл сайын көгалдандырылады. Кірер жолдары мен автотұрағы бар.

Кесененің жалпы жай-күйі: жақсы. 2021 ж. кесенеге жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Арада қаншама уақыт өтсе де кесене келбеті көріктілігімен көз тартады. Бүгінде Қазалыға келген қонақтар мен аудан тұрғындары онда барып ниет етіп, баба рухына құран бағыштайды. Іргелі іс бастар кезде де ел азаматтары кесенеге бас сұғып, баба рухы желеп-жеберп жүргей деп дұға етеді. Отау құрып, жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлар да баба басына барып, бата тілейді.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Сауысқандық петроглифтері, қола, ерте темір дәуірлері
2 / 5
Қожан қожа кесенесі, ХVІІІ ғасыр
3 / 5
Бақатам кесенесі, ХІХ ғасыр
4 / 5
Оқшы ата кесенесі, ХІ ғасыр
5 / 5
Айтбай мешіті, 1878 жыл

Ақпарат

    Записей не найдено.