Жанқожа батыр ескерткіші, 2024 жыл

Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, Жанқожа Нұрмұхамедұлы көшесінде (Жанқожа батыр кесенесінің аумағында) орналасқан.

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 14.09.2026

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.

Сипаттамасы: Ескерткіш 2024 жылы бабаның 250 жылдық мерей тойы қарсаңында аудан орталығында Жанқожа батыр кесенесінің аумағына орнатылды. Ескерткіш қоладан құйылған, салмағы-2,5 тонна. Ескерткіштің биіктігі-5,6 метр, тұғырының биіктігі-6,0 метр. Авторы: Биомаров Нұржан Құралұлы.

Жанқожа Нұрмұхамедұлы – қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы тарихында айрықша орны бар, Сыр бойынан шыққан көрнекті батыр, ел қорғаған қолбасшы. Оның есімі халықтың азаттығы мен тәуелсіздігі, ел бірлігі мен жер тұтастығы жолындағы күреспен тығыз байланысты.

Батырдың есімін ұлықтау, тарихи тұлғаның өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында аудан орталығында Жанқожа Нұрмұхамедұлына арналған ескерткіш орнатылды. Ескерткіш батырдың кесенесі орналасқан аумақта бой көтеріп, тарихи-рухани маңызы жоғары тағзым ету орны ретінде қалыптасқан.

Ескерткіш композициясында Жанқожа батырдың айбынды тұлғасы, ел қорғаған қайсар мінезі мен кемеңгерлігі көркемдік шешім арқылы бейнеленген. Батырдың көкірек керіп, алысқа көз тіккен байыпты әрі нық отырысы оның саяси салмағын, қолбасшылық қасиетін және ел тағдырына деген жауапкершілігін айқындайды. Тұлғаның кескін-келбеті мен киім үлгісі тарихи дәуірдің ерекшеліктерін ескеріп, батырдың мәртебелі бейнесін ашуға бағытталған.

Қысқаша тарихы:

Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1774–1860) – Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей империясының отарлық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті басшысы, батыр әрі қолбасшы. Жанқожа батыр 1774 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы аумағындағы Арықбалықта дүниеге келген. Батырдың арғы атасы Киікбай, түп нағашысы – Тама Есет тархан, әкесі Нұрмұхамед ел қорғаған, қазақ халқының тарихындағы күрделі кезеңдерде ерлігімен танылған тұлғалар болған.

Жанқожа жастайынан ерлігімен көзге түсіп, ел қорғау жолына ерте араласқан. Он жеті жасында Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығына қатысып, жекпе-жекте қарақалпақ батыры Тықыны жеңеді. Әділетсіздік пен озбырлыққа төзбеген Жанқожа сол кезеңнің өзінде ел ішінде батылдығымен және әділдігімен таныла бастайды.

XIX ғасырдың 30–40-жылдарында Хиуа және Қоқан хандықтарының Сыр бойы мен Арал өңіріндегі қазақ ауылдарына жасаған қысымы күшейді. Қазақ ауылдарына шабуыл жасалып, мал-мүлік талан-таражға түсіп, халықтан алым-салық жиналды. Жанқожа батыр елді осы зорлық-зомбылықтан қорғау үшін қол жинап, жауға қарсы күрес жүргізді.

1836 жылы Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына қарсы күрес барысында Хиуа жасағымен келген Аймұхамед палуанды Ақирек маңында жекпе-жекте жеңеді. Кейінгі жылдары Қоқан билеушілерінің Сыр бойындағы қазақтарға жүргізген қысымына қарсы шайқастарға қатысып, елді уақытша болса да ауыртпалықтан азат етуге күш салды.

1841 жылы Жанқожа батыр Кенесары хан бастаған жасақпен бірге Қоқан хандығының Созақ бекінісін алуға қатысты. Сонымен қатар Хиуа билеушілеріне қарсы жорықтарда да Сыр бойының батырларымен бірге ел мүддесін қорғады.

1856–1857 жылдары Жанқожа Нұрмұхамедұлы Сыр бойындағы қазақтардың Ресей империясының отарлық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне басшылық етті. Көтеріліске бастапқыда шамамен 1500 сарбаз қатысып, кейін олардың саны 5000-ға жуықтады. Көтерілісті басу үшін Ресей әскері зеңбірекпен және жаяу-атты әскермен қаруланған жазалау жасағын жіберді. Арықбалық маңындағы шайқастардан кейін көтерілісшілер Қызылқұмға шегінуге мәжбүр болды.

Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Жанқожа батыр елден алыстап, біраз уақыт Қызылқұм өңірінде өмір сүрді. 1860 жылы қартайған шағында Қызылқұмда отырған Жанқожа батыр Елікей Қасымов бастаған казак жасағының қастандығынан қаза тапты.

Батырдың бейіті қазіргі Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Кәукей ауылынан батысқа қарай орналасқан Қызылқұм өңірінде, Өзбекстанмен шектесетін шекара маңына қойылған.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы. Жақаев мүсіні, 1975 жыл
2 / 5
Шіркеу, қазіргі - теміржолшылар клубы ғимараты, 1904 жыл
3 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, депутаттар кеңесінің ғимараты, қазіргі – Ғ. Мұратбаевтың мемориалдық музей ғимараты,ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы
4 / 5
Жанкент (Янгикент) қалашығы, ІХ-ХІ ғ.ғ.
5 / 5
Жетіасар ІІІ (Алтынасар) қалашығы, б. з. д. І мыңжылдықтың соңы- б. з. ІV-V ғасырлар

Ақпарат

    Записей не найдено.