Көккесене сағанасы

Мекен жайы: Жаңақорған ауданы, Қожамберді ауылы.

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 21.09.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Көккесене сағанасы. ХІ ғ.

Мәртебесі: жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші.

Көккесенені зерттеу тарихы ХХ ғасырдың басынан басталады. 1900 жылдың сәуір айында В. А. Каллаур Көккесенеге арнайы келіп, ескерткішке жан-жақты сипаттама берген. Оның пікірінше, бұл құрылыс – мавзолей болып табылады және онда ақсүйектер әулетінің өкілдері жерленген. Зерттеу барысында В. А. Каллаур күмбездің ішкі бетінде арабша жазулардың бар екенін анықтаған. Жазулардың бірі 5–6 рет қайталанып жазылған. Мавзолейдің ішкі бөлігі құлаған қыштар мен қоқыстан тазартылғаннан кейін Сығанақтың шырақшысы, молда Қош-Мұхаммет Тәтібаев мавзолейдің артқы жағында «сағана» бар екенін және оның еденінде арнайы ойық орналасқанын хабарлаған. В. А. Каллаурдың өтінішімен А. Я. Уткин Көккесененің шығыс және оңтүстік-шығыс көріністерін суретке түсірген.

А. А. Диваев «Көккесене мавзолейі» атты мақаласында Сығанақ өңіріне қатысты бұл ескерткіш туралы жазба деректерде сақталған аңыздарды келтірген. Сонымен қатар ол Ақкесене мен Көккесене атауларының осы ескерткіштердің орналасқан жер атауларымен байланысына назар аударған.

            1927 жылы Академияның Материалдық мәдениет тарихы институтының қызметкері А. Ю. Якубовский Төменарық станциясының солтүстік-шығысында орналасқан Көккесенеге зерттеу жүргізіп, ескерткіштің сол кезде қираған күйде ғана сақталғанын жазған. Оның мәліметінше, диаметрі 6,5 м, биіктігі 4,36 м болатын қақпа аркасының оңтүстік тіреуі ғана сақталған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мавзолей 1914 жылы бұзылған. Ескерткіштің орны шеңбері 110 қадам, биіктігі 3,1 м болатын төбе түрінде сақталған.

            2022 жылы «Тарихи-мәдени мұра нысаны – ортағасырлық Сығанақ қалашығында кешенді археологиялық зерттеулер жүргізу» ғылыми бағдарламасы аясында Көккесене мавзолейінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, сақталған бөлігі толық ашылды. Мавзолейдің көлемі 16 × 10,58 м, сақталған биіктігі 2,5–3,7 м. Құрылыс негізінен өлшемі 25 × 25 × 5 см күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, сонымен қатар 39 × 25 × 5 см және 33 × 33 × 9 см көлеміндегі кірпіштер де пайдаланылған. Мавзолейдің сырты түрлі-түсті жылтыр қаптамалық керамикамен безендірілген.

Мавзолейдің орталық бөлмесінің солтүстік-шығыс жағында сағана бөлмесі орналасқан. Сағананың ұзындығы – 3,95 м, ені – 2,8 м, биіктігі – 1,65 м. Сағана едені күйдірілген кірпішпен бір қатар етіп төселген және есік деңгейінен 0,5 м төмен орналасқан. Сағана ішінен бастары солтүстік-батысқа қаратылып жерленген үш ересек адамның қаңқасы, сондай-ақ солтүстік бұрышқа жиналған тағы алты адамның сүйектері табылды.

Көккесене мавзолейінің абсолюттік мерзімін анықтау мақсатында жерленген адамдардың сүйектерінен сынамалар алынып, Түркия Республикасындағы «TÜBİTAK MAMARA» зертханасында радиокөміртектік (C14) талдау жүргізілді. Сараптама қорытындысы бойынша мавзолейдің шамамен XV ғасырдың ортасында салынғаны анықталды.

Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани өзінің «Михман-наме-йи Бұхара» атты еңбегінде Әбілқайыр ханның мавзолейі Сығанақ қаласының сыртында орналасқанын жазады. Соңғы жылдары зерттеушілер Көккесене мавзолейі Әбілқайыр ханның кесенесі болуы мүмкін деген пікірді алға тартып келеді. Сонымен қатар C14 талдауының нәтижелері де Көккесененің XV ғасырдың ортасында тұрғызылғанын дәлелдейді.

Қазіргі уақытта ескерткіштің сақталған бөлігінің жалпы жағдайы жақсы деп бағаланады.

            2026 жылдың сәуір–мамыр аралығында ортағасырлық Көккесене кесенесінде археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасын тапты.

Қазба жұмыстарын жүргізудің басты мақсаты кесенелердің мерзімдеу мен құрылысындағы ерекшеліктері, архитектуралық ерекшеліктері мен жоспары жайлы жаңа деректер алу болып табылады.

Зерттеу барысында екі төбеде қазба жұмыстары жүргізіліп, бес кесене орны ашылды, олардың шартты түрде №2,3,4,5 және №6 кесене деп реттік санмен белгіленді. Зерттеу барысында кесенелерде ашылған адам қаңқалары алынып, оларға зертханалық зерттеулер жүргізілуде. Қазба жұмыстарын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім гранты есебінен Қ. А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті археологиялық зерттеулер жүргізді.

Қазба жұмыстары біткен соң ашылған нысандар қабырғалары геотекстильмен жабылып, рекультивация жасалды, яғни, қазба барысында шыққан бос топырақпен нысандар қайта көмілді.

            Кесене Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасында қалашық туралы ақпарат енгізілген. QR-код тақтайшасы және үш тілде ақпараттық тақта орнатылған.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Баланды ІІ кесенесі. б.з.д. VІ-ІІ ғасырлар
2 / 5
Жанкент (Янгикент) қалашығы, ІХ-ХІ ғ.ғ.
3 / 5
Жент қалашығы, Х-ХV ғасырлар
4 / 5
Көтібар мұнарасы, ХІХ ғасыр
5 / 5
Оқшы ата кесенесі, ХІ ғасыр

Ақпарат

    Записей не найдено.