Бегім ана мұнарасы, ІХ-ХІ ғасырлар
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 30 км.
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.07.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Аңыз-әңгіме: Деректерде Бегім сұлу ХІ ғасырда өмір сүрген делінеді. Атақты Қарабура әулиенің кіндігінен өрбіген. Сырдың бойындағы атақты Жанкент шаһары басшысының баласы Санжар хан отау көтеретін шақ туғанда жолдастарымен жолға шығады. Ол Қаратаудың етегіндегі қоныста тұратын Қарабура әулиенің қызы Бегім сұлу жайлы құлағы шалады. Оны көруге ынтыға түседі. Арудың жүрегіне жол табу өте қиын. Алайда оған ес-түссіз ғашық болған Санжар дегеніне жетеді. Бегім сұлуды өзіне қаратады. Екеуі Жанкент маңайында бақытты ғұмыр кешіп жатады. Екеуінің тату-тәтті тіршілігіне талай адам қызғанышпен қарапты. Тіпті кейбір адамдар олардың арасын ашуды көздейді. Күндердің күнінде Санжар хан достарымен аң аулауға шығып кетеді. Жолда аңға салар бүркітінің басындағы томағасы жоқ екенін көреді. Сол үшін қасында жүрген әскердің бірін үйіне жұмсайды. Әлгі адам Бегім сұлуды көргенде ақыл-естен айырылып қалады. Ол үшінші күн дегенде әрең есін жинайды. Дереу келген ізімен кері қайтады. Жұмсаған адамы барлық шындықты айтпайды. Қайта жалған әңгімеге ерік береді. Өзін Бегім сұлудың кідірткенін жеткізеді. Тұла бойында тұтанған қызғаныштан Санжар кері қайтады. Ештеңеге қарайтын түрі жоқ. Бегім сұлудың айтқанына құлақ та аспайды. Ол ашумен Бегім сұлудың қолы мен бұрымын кесіп тастайды. Бұл жайсыз хабар шалғайда жатқан Қарабура әулиенің құлағына жетеді. Көп ұзамай ол кісі қызына келеді. Алдынан Санжар хан шығады. Оған атақты әулие өзінің болжамын айтқан. «Егер менің қызым кінәсіз болса, қазір оның қолы мен бұрымы қайтадан орнына келеді» дейді. Айтса айтқандай, қызын алып келгенде, барлығы да өз орнында тұр екен. Санжар ханның әйелінің кінәсіз екеніне көзі толық жетеді. Бірақ барлығы да кеш еді. Қанша жерден кешірім сұрағанмен, Бегім сұлу илікпейді. Аққу құсына айналып, көкке көтеріліп жүре берді. Санжар оның артынан қалмай, қайта оралуын сұрайды. Алайда аққу бейнесіне айналған әйелі оған қайырылмайды. Көкте біраз самғап, теңіз жағалауына құлайды. Сол жерден кейіннен мұнара бой көтереді. Қызының қазасынан кейін Қарабура әулиенің жүрегі қайғыға толады. Оның осы наразылығы салдарынан шаһар да көп ұзамай өмір сүруін тоқтатты. Дария суынан Жанкент жермен-жексен қирайды. Онда жыландар мекен етеді. Көнекөздердің айтуынша, сол ордалы жыландар күні кешеге дейін болған екен. Осы маңдағы елді мекендерде олар жиі бой көрсетіп тұрыпты. Мұнара Арал және Қазалы аудандарының ортасында орналасқан. Оған Қазалы арқылы барғандар онша жол қиындығын көре қоймайды. Ал Арал жақтан қатынау қиындау. Бұл ескерткішке ер-азаматтардың баруы да оңай емес екен. Жолға шыққан адамдарға түрлі жағдайлар кедергі болатын көрінеді. Бірде көлік бұзылып қалса, тағы бірде басқа жағдай орын алады. Әйтеуір, түрлі оқиғалар кездесіп қалады.
Сипаттамасы: Ескерткіш жазықтықтың ортасында биіктеу болып келген алаңға орнатылған. Алғашында кесектен жасалған дуалдары қазіргі кезде, өлшемі 23х235/6 см болатын, күйдірілген кірпішпен айналдыра қаланған. Мұнара әр қыры 2 метр болатын 8 бұрышты құрылысты құрайды. Жалпы биіктігі 10 метр. Жоғарғы бөлігінде мұнараның 8 қыры тарылып, күмбез тәрізді болып қалған. Мұнара төменгі жағының диаметрі 3,5 м, биіктігі 4 м. Бұл бөлмеге ескерткіш биіктігінің ортасына орналасқан арка ойығы алып барады. Камера үстінде еңіс жақтаумен қоршалған алаң орналасқан – пирамида тәрізді күмбез белгіленген. Мұнараға 2013 жылы республикалық бюджет тарапынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қоршаған аймаққа үстемдік еткен, қатаң ежелгі мұнара кейіпін біртіндеп жоғалтқан. Ескерткіш тарихи-мәдени маңыздылыққа ие, себебі Орта Азия мен Қазақстанның өзге аумақтарында мүлде кездеспейтін мұнара құрылыстарының бірегей түрлеріне жатады. Мұнараның 3D форматтағы моделін, 360 градустағы панорамалық бейнесін, бейнероликтерін www.virtualmap.xyz сайтынан тамашалауға болады.