Қайта жаңғырту
Мекен жайы:
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 19.12.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Қызылорда облысындағы қайтажаңғырту жұмыстары жүргізілген тарих және мәдениет ескерткіштері
СЫҒАНАҚ ҚАЛАСЫ ортағасырларда Ұлы Жібек жолының бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі сауда, діни және саяси орталықтардың бірі болды. Негізгі мәліметтер бойынша Сығанақ қаласы ХІ-ХІІ ғасырларда Қыпшақ хандығының орталығы, ХІІІ-ХІV ғасырларда Ақ Орданың, ХV ғасырда Әбілхайыр хандығының, XV ғасырдың соңы – XVI ғасырдың басында Қазақ хандығының астанасы болған.
Ортағасырлық Сығанақ қаласы туралы алғашқы деректер Х ғасырдың соңындағы белгісіз парсы авторының «Худуд-әл Әләм», араб географы ал-Мукаддасидің, ХІ ғасырда Махмут Қашқаридың «Диуани лұгат ат-Түрк» еңбектерінде кездеседі. Ал, ХІІ-ХІІІ ғасырларда парсы тарихшылары Жувейни, әл-Бағдади, ан-Насавидің еңбектерінде қаланың аты жаппай кездесе бастайды.
Cығанақ қалашығын зерттеу тарихы ХІХ ғ. екінші жартысынан басталады. Қалаға алғаш рет 1867 жылы Орыс археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша археолог П.И. Лерх, 1895-1899 жылдары Археология әуесқойлары Түркістан үйірмесінің мүшері - өлкетанушылар Е.А. Смирнов пен В.А. Каллаур болып, оны топографиясын сипаттап, қалашықтың алғашқы жобасын түсірді.
Қаланың қазіргі орны 10 гектар аумақты алып жатыр. Жоспар бойынша бес бұрышты көлемдегі қалашықтың өлшемдері: солтүстігі 275 м, солтүстік-батысы 175 м, оңтүстік-батысы 190 м, оңтүстігі 175 м, оңтүстік-шығысы 320 м. Бүгінгі күні республикалық бюджет есебінен Сығанақ қалашығының солтүстік-шығыс қақпасына және орталық көшесіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Әр жыл сайын облыстық бюджет есебінен археологиялық қазба жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп келеді.