Сейілбек Шаухаманов мүсіні, 2020 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, «Білім-Инновация» лицей-интернатының ауласында орналасқан
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 18.08.2020
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Санаты: Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.
Тарихы: Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов 1939 жылы 15 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Өзгент ауылында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын (1962 ж.) және Алматы жоғарғы партия мектебін (1982 ж.) бітірген. С.Шаухаманов КСРО-ның күйреуі мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қызылорда облысын басқарды. Білікті басшының арқасында 3,5 мың цех және облыстық медициналық және диагностикалық орталық салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ол 1993 жылдың 26 наурызында Орталық Азия елдері басшылары қатысқан Саммиттің Қызылорда қаласында өткізілуіне үлес қосты. Самитте Арал теңізі және Арал маңының экологиялық сауықтырылуы мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мәселелерін шешуде бірлесе қызмет ету туралы мәлімдеме қабылданды.
Еңбек жолдары:
1956 жылы МТС-тағы (машина трактор стансасы) тракторшылар бригадасында есепші болды;
1962-1965 жылдары Қызылорда облысы Шиелі ауданында «Қазауылшаруатехникасы» бірлестігінде механик, инженер жетекшісі;
1965-1991 жылдары Совет Одағының коммунистік партиясының мүшесі;
1991 жылы Қазақстандық Лениндік коммунистік жастар одағында Қызылорда облысының Сырдария, Тереңөзек аудандарының алғаш секретарі;
1975-1980 жылдары аралығында Жалағаш ауданының екінші секретарі;
1980-1983 жылдары Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы;
1983-1987 жылдары Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы;
1987 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінде инспектор;
1987-1989 жылдары Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы;
1989-1991 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы;
1992-1995 жылдары Қызылорда облыс әкімшілігінің бірінші басшысы, бірінші облыс әкімі;
1998-1999 жылдары өңірден сайланған бірінші сенатор болды;
2005-2018 жылдары облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
Марапаттары: Қызылорда, Алматы облыстарының жəне Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы. Сондай-ақ, Өзбекстанның Хорезм облысының Құрметті азаматы. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, бірнеше медальдармен және Қазақстан мен Өзбекстанның Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісінің иегері.
Шығармалары: «Бақыт кілті», «Иесі кім бұл елдің, киесі кім бұл елдің?», «Алтын алма, алғыс ал», «Ер қанаты», «Ақ бата», «Бақытыңды бағалай біл», «Қайраткер», «Қазақ ел болам десе...», «Парыз бен парасат», «Қызылорданың ақылдылары мен айтқыштары» атты еңбектері жарық көрген.
Сейілбек Шаухаманов 2018 жылы 26 тамызда 79 жасында өмірден озды.
Сипаттамасы: 2020 жылы Қызылорда қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының алдына мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы «Құрмет» орденінің иегері Сейілбек Шаухаманұлының мүсіні орнатылды.
Мүсіннің авторы - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Аманкелді Кененбаев. Мүсіннің биіктігі-1 м. Тұғырының биіктігі – 2 м.