Ыдырыс Қалиев мүсіні, 2020 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Желтоқсан және А.Тоқмағамбетов көшелерінің қиылысында орналасқан
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 19.08.2020
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Санаты: Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.
Тарихы: Ыдырыс Қалиев 1925 жылы 15 мамырда Қазалы ауданы, Жалаңтөс баһадүр ауылында дүниеге келген. Еңбек және соғыс ардагері, қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы. 1950–54 жылдары Қазалы локомотив депосында, темір жол саяси бөлімінде, Қызылорда облысы партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды. 1954 жылы облыстық комсомол комитетінің 1-хатшысы. 1960 жылы СОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірген.
Еңбек жолдары: 1960–69 жылдары Қызылорда қалалық партия комитетінің 2-хатшысы, Арал аудандық, Қызылорда қалалық атқару комитеттерінің төрағасы;
1969–73 жылдары облыстық пария комитетінің өндіріс және көлік бөлімінің меңгерушісі;
1973–78 жылдары Қызылорда қалалық атқару комитетінің төрағасы;
1978–82 жылдары Қызылорда қалалық партия комитетінің 1-хатшысы;
1982–87 жылдары облыстық атқару комитетінің төрағасы болды;
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне 6 рет депутат болып сайланды. Қазақстан Компартиясы съездеріне, КОКП-ның XXVII съезіне делегат болып сайланған.
Марапаттары: «Отан соғысы», 2 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және тағы да басқа медальдарымен марапатталған.
Шығармалары: «Дарияның жағасындағы қала», «Пайғамбар сөзі», «Ұлы Жеңіске елу жыл», «Жалаңтөс баһадүр», «Сыр өңірі тарихы», «Ұлы Жеңістің 60 жылдығы – Ерлік пен елдігіміздің мерекесі», «Қызылорда», «Ғибратты өмір жолы» кітаптарын шығарып, еліміздің мәдени мұрасын жаңғыртуға да өзінің лайықты үлесін қоса білді.
Ыдырыс Қалиев 2017 жылы 26 қыркүйекте 92 жасында өмірден озды.
Сипаттамасы: 2020 жылы еңбек және соғыс ардагерін мәңгі есте қалдыру мақсатында Қызылорда қаласында Ыдырыс Қалиевтің мүсіні орнатылды. Мүсін қола материалынан құйылған. Мүсіннің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі , мүсінші Аманкелді Кененбаев. Мүсіннің биіктігі – 1 м. Тұғырының биіктігі -2,30 м.