Ә.Егізбаев бюсті
Мекен жайы: Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Қорқыт Ата көшесі, 62
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 05.09.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Әбзали Егізбаев бюсті, 2007 ж.
(Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне алынған)
Әбзәли Егізбаев 1907 жылы Қармақшы ауданы, Алдашбай ахун ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінде даңғайыр ақын Тұрмағамбеттен діни тәлім және шығыс әдебиетінің классиктері Айни, Низами, Сағди, Фердауси және басқалардың шығармаларын көп оқиды. 1930 жылдан бастап комсомол, кеңес жұмыстарында түрлі лауазымды қызмет атқарады. Ал, 1933 жылы ұстаздық қызметке ауысқан ол кейін өзі қызмет еткен орта мектептің директоры қызметіне тағайындалады. Ауыл әлеуетінің өсіп-өркендеуіне етене араласқан оған шолақ белсенділердің ұйымдастыруымен «мектепті жөндеу жұмыстарын қасақана ұзартқан», «ауданға ауылдағы мектепте оқитын бала санын азайтып көрсеткен» деген арыз-шағыммен «халық жауы» деген жала жабылып, 1938 жылы Сібірге жер аударылады. Осылайша, сталиндік солақай саясаттың салдарынан жазықсыз жапа шеккен Әбзәли Егізбаев бірнеше жыл түрмеде жазасын өтеп, елге оралады. Елімізде Ұлы Отан соғысы басталғанда Отан қорғауға майданға аттанады. Жауынгер Ә.Егізбаев Ресейдің Тоцкий, Воронеж және Калинин облысы мен Латвия елін неміс басқыншыларынан азат етуде аянбай шайқасқа түсіп, ерлік көрсетеді. Талай рет жауға қарсы қанды ұрысқа қатысып, жаралы да болады. Соғыстың соңғы күндерінде ол өзінің әскери бөлімімен Қиыр Шығыстағы Жапон соғысына қатысады. Бірақ, туған елге қайтуға бірнеше күн қалғанда Манчжурияда жаудың оғынан қаза болады. Жеңістің жалауы желбірегелі тұрған кезде есіл ер қапыда көз жұмады. Есіл ер соңғы демі біткенше еліне, Отанына адал болды, сол үшін де ол қасық қанын аяған жоқ. Ақынның өзі өлгенмен өлең-жырлары туған ел-жұртының жадында мәңгі сақталып қалды. Оның соғыс жылдары және соғысқа дейінгі өмірінде жазған өлеңдерін ұрпақтары жарыққа шығарды. «Жауынгер жүрегі» және «Жыр-аманат» атты кітабын оқырман қауым жылы қабылдады.
Бүгінде Қызылорда қаласы мен аудан орталығында жауынгер-ақын Әбзәли Егізбаев атында көше болса, Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі №121 орта мектеп Ә.Егізбаев атымен аталады.
Мүсін Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде, Қорқыт ата көшесі, 62 мекенжайда орналасқан. Іргесі бар тұғыр тақталармен қапталған, оның өлшемдері 1,36х0,98 м, биіктігі 1,9 м. Іргесі 0,15 м биіктікте 0,06 м-ге шығып тұр. Тұғырдың алдында саты бар. Ескерткіштің тұғырмен бірге алғандағы биіктігі 3,1 м.