Дүр Оңғар Дырқайұлының ескерткіш-кешені
Мекен жайы: Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Қорқыт Ата көшесі, н/з.
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 05.09.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Дүр Оңғар Дырқайұлының ескерткіш-кешені
2009 жыл
Ескерткіштің сипаттамасы
Тұғырда орнатылған Дүр Оңғардың бетонды ескерткіші ротондада орналасқан. Қимасында шаршы болып келген іргелі тұғыр тақталармен қапталған. Тұғырдың өлшемдері: 0,94х0,94 м, биіктігі 1,44 м. Іргесі 0,13 м биіктікте 0,05 м биіктікте шығып тұр. Тұғырда жазуы бар граниттік тақтайша орнатылған: «Дүр Оңғар Дырқайұлы 1859-1902». Ескерткіште Дүр Оңғардың кеуде мүсіні ұлттық киімде, домбырасымен бейнеленеді. Ескерткіштің тұғырмен бірге алғандағы биіктігі 2,88 м. Алқызыл ұлутастан жасалған ротонда ұстындарда тұрған күмбезді құрылыс болып келеді. Ол бетінен 0,25 м биіктіктегі өлшемдері 5,75х5,75 м болатын шаршы пішінді алаңда орналасқан. Екінші сатысы сегізқырлы болып келеді, оның диаметрі 4,96 м, биіктігі 0,46 м. Сегіз алтықырлы ұстындардың диаметрі 0,6 м. Ұстынның үстіңгі бөлігі ою-өрнекпен әшекейленген, сонымен бірге «Дүр Оңғар» деген жазуы бар. Ротонданың биіктігі 8 м.
Өмірдерегі
Дүр Оңғар Дырқайұлы (1859-1902) – ақын, жырау. Эпостық әндердің, салт-дәстүр өлеңдердің авторы болып табылады. Қазіргі Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының «Жаңажол» ауылында дүниеге келіп, осы өңірде өмір сүрген. Оны кейде «Қаратамыр Дүр Оңғар» дейді. Осындағы Қаратамыр – Кіші жүздегі Шөмекей руынан тарайтын бір аталық. Ұлы жыраудың музыкалық мұрасына М.Әуезов, М.Жұмабаев, А.Қайнарбаев, Х.Досмұхамедов өз еңбектерін арнады. Омар Шораяқұлы және Тұрмағамбет сияқты атақты ақындар Дүр Оңғардың шығармашылығы туралы пікірлерін білдірген.
Оңғар Дырқайұлы –қазақ әдебиетінің қалыптасуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірден бір тұлға. Демек, Сыр сүлейлерінің шығармашылығындағы өскендік пен өркендегендіктің белгісін Оңғар жырау Дырқайұлының туындылары да дәлелдейді. Ол Сыр аймағына тән жыраулық дәстүрді алдыңғы толқыннан бойына дарыта білуімен қатар, кейінгі толқын – ізін басқан ұрпақтарға ұлағат, өшпес өнерін паш ете білген. Оның әдеби мұрасы – мың жылдықтар бойы қалыптасқан, дамыған ақындық-жыраулық өнердің дәстүрлі жалғасы. Оңғар Дырқайұлы Сыр сүлейлері мектебінің көрнекті өкілі ғана емес, ол - сол топтағы және кейінгі кезеңде талай ақындарға ұстаз да болған тұлға.
Кестелі көркем, сұлу сөздің сардары Сыр сүлейінің бірі – Шораяқтың Омары «Ұстаздарым» атты өлеңінде:
Балқы Базар, Дүр Оңғар
«Алқалап» атты қойғанда
Қанша пырақ болса да
Қарасын көрмей қаңғалар,- деп
тебіреніп, Оңғарды Балқы Базармен қатар қояды. «Әр елдің бар бұлбұлы» өлеңінде Тұрмағамбет ақын да Дүр Оңғардың есімін құрметпен атап, өзіне ұстаздығын, ағалығын мойындайды.
Оңғар жыраудың мұрасы - өз заманының, уақытының ақиқат шындығын айта алуымен бірге, шыншылдықтың ғана емес, сыншылдықтың да биік өресінен көрінген құнды дүниелер.
Дүр Оңғар - айтыс өнеріне де көбірек ден қойған ақын. Ол өз дәуіріндегі бірталай ірі ақындарымен айтысқан. Бірақ дер кезінде жинап, қағазға түсірілмегендіктен уақыт озған сайын ұмытылып, жұрт аузында айтыс өлеңдерінің аздаған шумақтары ғана сақталған. Бүгінгі ұрпағына толық күйінде жеткен ақынның бұл саладағы шығармаларының саны екі-үшеу-ақ. Соның бірі – Оңғар жыраудың Ырысты қызбен айтысы. Ырысты – Кіші жүздің Шөмекей руындағы Аспан, сонан тараған Төбет аталығынан. Жүрген жері той-думан жыраудың бұл сияқты бірқақпай жырлары өте көп болған. Қияс мінез, жат қылықты жандарды көргенде табан астында суырып салып өткір жырмен іреп тастап отырған.
Аңыз-әңгімелер
Жырау жайында әр түрлі дерек бар. Соларды бір-бірімен салыстырып, оның өмірі мен тұрмыс жағдайындағы мәліметтерге сүйенсек, ол үш жасынан-ақ әкеден жетім қалып, таршылық көреді. Оңғар тоғыз жасар кезінен-ақ би-болыстар мен елдің атқамінерлері жиналған үйге қайта-қайта барғыштап, үлкендердің әңгімелеріне құлақ түріп, күнде сол маңды айналып кетпейді екен. Ел ішінде Оңғарға байланысты аңыз-әңгімелер көп-ақ.
Бірде алты қанат ақ боз ат үйдің кең дастарханын жағалай жайғасқан мықтылар өздерінің қалауы бойынша астырған тамақты әлсін-әлсін ортаға алып, сүйсіне тояттай жейді де, айналасындағы жәутеңдеген балаларға асатуды да ескермейді. Солардың қолына дәмеленіп, әбден тісінің суын жұтып тамсанып, шыдамы таусылған Оңғар:
Азанда жедің сыр күріш,
Түсте жедің сыр күріш.
Жетерін білсең жей тұра,
Осыларың дұп-дұрыс, -
деп өлеңдете айтыпты да қаша жөнеліпті. Мұның оқыстан найзағайдай жалт еткізген өлеңіне таңданған ел ақсақалдары: «Бұл бір нәрсе шығатын бала ғой» деп шамалап, оған ақ тілек білдіріп, бата берген деседі.
Оңғарға түсінде жастай қайтыс болған апасы: «Қалқам, Оңғар саған өлеңді қаппен берейін бе, әлде хатпен берейін бе?» депті. Сонда інісі: «Апа, хатпен бергеніңді тілеймін» деп алақанын жайыпты. Жазған жырларының бәйгеге қосатын пырақтай ұшқыр, түпсіз шыңыраудай терең ойлы, інжу маржандай көркем, хатқа түсіргендей мінсіз болып келетіні содан екен деседі жұрт.
Тағдырдың тауқыметін жастай арқалаған Дырқайдың Оңғары жарлылықтың боз шекпенін жамылып жүріп күнелтеді. Дана халқымыз: «Барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді» деп, қалай тауып айтқан десейші! Байлығымен есімі Сыр бойына жайылған Досқазы төре бірде Оңғар жыраудың сіңірі шыққан кедейлігін мін қылып әрі мұны жарылқамақ пейілмен: - Жүр, біздің ауылға! Сонда барып жырлайсың, ақысына семіз өгіз берем. Өзі ұсталмаған асау, құлағы жоқ шұнақ, мүйізі жоқ тоқал, - деп мардымси сөйлейді. Сол сәтте жырау оның бетіне тіктеле қарап:
Құлағы, мүйізі жоқ неткен өгіз?
Қалайша қайырусыз кеткен өгіз?
Бер деуші еді ақсүйектер, ал демеуші еді,
Айтқаның боп жүрмесін жалғыз өгіз.
Сіздерден сұмдық болар алған деген,
Өзіңіз күзде соны сойып жеңіз, -
дейді мүдірместен. Отты сөз жалыны жүзін шарпығандай кеудесін керген төре теріс айналады.
Оңғар жырау есімі Сыр өңіріне кең тараған. Ауыл-аймақтың үлкенді-кішілі жырауларының жиын-тойда «Дүр Оңғар былай жыр толғапты» деп айтар толғаулары мен әңгімелері бір төбе. Ертеректе Шөмекей руының Жанғабыл – Сарғасқа аталығынан шыққан Қалдан би күзде қырдан Сырға құлаған шақта, «Көкшоқы» деген жерде біраз күн аялдап, сол маңның ел-жұртына үлкен той жасайды. Бұл айтулы думанға атағы кеңге жайылған алты жырауды таңдап шақырады. Қалдан би оларға «Сендер бір күн, бір түн тоқтаусыз жырлайсыңдар», - дейді. Осы өнер додасында Дырқайдың Оңғарының ақындық талантына сүйсінген би: «Кәне, сен менің болашағымды болжап, жырға қосшы» депті. Оңғар шарт жүгіне отырып, домбырасын күмбірлете үстемелей қағып-қағып жіберіп:
Жалғыз болсаң – топқа басың кіре алмас.
Жарлы адам – ел шаңына ере алмас.
Жағдайсыздық және қолды жаздырмас,
Кемдік – мұнар
Ердің көркін шығармас, -
деп табанда екпіндете төккіштеп, әрі қарай оның мінез-құлқын термелеп тізе бергенде Қалдан би ақынның семсер сөзінен қорғаштанып кезекті өзге жырауға беруге ишара білдіреді.