Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш

Мекен жайы: Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Теміржол көшесі, н/з

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 05.09.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш

1969 жыл

1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес-герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса- көктеп кірді. Жер бетінде болып өткен соғыстардың ішіндегі ең қатал әрі ауыр соғыс басталды. КСРО-ға қарсы соғысқа Германияның одақтастары — Румыния, Венгрия, Италия, Словакия, Финляндия қатысты. Гитлершілдердің жағында соғысқа кіруге Жапония, Болгария, Түркия, Испания дайын тұрды. Бұл жағдай Қызыл Армияны Қиыр Шығыс пен Закавказьеде ірі әскери құрамаларын ұстап тұруға мәжбүр етті. Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс орасан зор кеңістікте жүргізілгенімен, соғыс қимылдары кеңес елінің аумағында өтті. Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысына дайындықсыз кірісті. 1930 жылдардағы әскерилерді қудалау соғыстың алғашқы күндерінде сәтсіздіктерге ұшыратты.

И.В. Сталин халыққа 1941 жылдың 3 шілдесінде радио арқылы үндеу жариялады. Оны бүкіл ел тыңдады. Қазақстан халқы соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ өздерінің борышын өтеп, майдандағы армияның қатарын толықтырды. Әскери міндеттілерді әскерге алу өте қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Тарихи әдебиеттерде бұл соғыс «Ұлы Отан соғысы» деген атқа ие болды. Бүкіл кеңес халқы ортақ жауға қарсы күреске жұмылды. Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастар жүргізді. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда армия қатарына 300 мыңдай, ал соғыс кезінде 1 млн 200 мыңнан артық қазақстандық әскери міндеттілер шақырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап барлық жерде әскери құрамалар мен бөлімдер құрыла бастады. 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылды.

Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шайқас елдің бүкіл солтүстік-батыс бөлігін қамтыды. Барлық ұлттардың жауынгерлерімен бірге қазақ жауынгерлері де Ленинградты табан тіреп қорғады. Жаудың қоршауында қалған қалаға Қазақстаннан азық-түлік, қару-жарақ пен әскери құрал-жабдықтар тиелген көптеген эшелондар жіберілді.

Қазақстандықтар тек майдандарда ғана емес, жау тылында да шайқасты. Елдің басқа халықтарымен бірге олар жау уақытша басып алған аумақтардағы партизандық қозғалысқа қатысты. Соғыс жылдары партизан қозғалысына қатынасқан қазақстандықтардың саны 3,5 мыңға жетті.

Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі — бір орденмен, төртеуі — екі орденмен, екеуі үш орденмен марапатталды. 5 дивизия (олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия да бар) гвардиялық дивизияларға айналды. Әскери ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандықтар ордендер мен медальдармен марапатталды, 497 қазақстандық Кеңестер Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 97 қазақ иеленді, олардың ішінде қазақ қыздары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш — Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ие болды. 1990 жылы 11 желтоқсанда көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлына да осы құрметті атақ берілді. «Даңқ орденінің толық иегері» атағына 110 қазақстандық ие болды. 1941 жылы 26 маусымда әуеде от-жалынға оранып бара жатқан бомбалаушы ұшағын жау танкісі колоннасы үстіне шүйілтіп, жандарын пида еткен казақтың баһадүр ұшқышы Бақтыораз Бейсекбаев пен ұшақ экипажына 1996 жылы 2 мамырда Ресей Федерацясының Батыры атағы берілді. Рейхстагқа тікелей шабуыл жасап, оған Жеңіс туын тіккендердің қатарында қазақстандықтар Р. Қошқарбаев, капитан Б.В.Чупрета, минометші А. Бақтыгереев, пулеметші A.Е.Вицко, байланысшы К.М.Волочаевтар болды.

Бүгінгі таңда қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы адам шығыны жөнінде әр түрлі пікір айтылып жүр. Цифрлар 350 мыңнан бастап 410 мыңға дейінгі деңгейді меңзейді. Бірақ мұнда республикадан тыс жерлерден майданға аттанған қазақтар, еңбек армиясынан оралмай қалғандар, майданда алған жарақаттан қаза тапқандар еніп отырған жоқ. Қазақстандық құрамалар Ленинградты қорғауға, Сталинград түбіндегі, Курск доғасындағы шайқастарға, Днепрден өту мен Украина, Белоруссия, Молдова мен Балтық елдерін, Еуропа халықтарын фашистік езгіден азат ету шайқастарына қатысты.

1945 жылы 8 мамырда Потсдамда гитлерлік Германияның сөзсіз тізе бүгу Актісіне қол қойылды. Сол жылдың 2 қыркүйегінде американдық «Миссури» линкорының бортында милитаристік Жапонияның сөзсіз тізе бүгуі жөніндегі Актіге қол қойылды. Бұл оқиғаның жедел өткізілуіне: біріншіден, Кеңес Армиясының Қиыр Шығыста (Маньчжурияда) жапондық Квантун армиясын қысқа мерзімде талқандауы, екіншіден, американдықтардың жапон қалалары Хиросима мен Нагасакиге екі атом бомбасын тастауы себепші болды. Жапонияның тізе бүгуімен Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына Қызылорда облысынан 150 мыңға жуық азамат аттанған екен. Олардың 30 мыңнан астамы елге оралмаған. Қызылорда облысынан 20 Кеңес Одағының батыры, 1 «Даңқ» орденінің толық кавалері шыққан. Қызылорда облысынан соғысқа атанып неміс басқыншыларының концьлагерлерінде қаза болған 102 жерлестеріміз бар.

Осыдан кейін 9-мамыр Жеңіс күні деп белгіленіп, бұл ерлік пен даңқ, елдің бірлігі мен ынтымағы салтанат құратын сәт деп бағаланатын болды. Ұлы Жеңіс жолында парыз бен намысты алға қойып Отаны үшін от кешкен жаужүректерімізді ұлықтап, жанқиярлық ерлікпен қаза тапқан батырларымызды еске алу мақсатында тағзым алаңдары салынып, бой көтерді.

Қармақшы ауданы орталығы Жосалы кентінде 1969 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арнап «Ер есімі-ел есінде» атты ескерткіш орнатылған. Аудан жұртшылығының жыл сайынғы 9 мамыр мерекесінде қаза болған жауынгерлер мен хабар-ошарсыз кеткен азаматтарға тағзым ететін. «Тағзым алаңы». Ескерткіш екі бөліктен тұратын. Біріншісі – Батыр әскери гимнастеркада, арқасындапоащ-палатка және ППШ-41 автоматы, басында каскасы бар. Мүсін бейбіт қадымдап, алысқа көз жіберіп келе жатқан жауынгерді бейнелеп тұр. Мүсін бетоннан құйылып, қола түстес бояумен боялған. Биіктігі 280см. Ескерткіш жоспары төртбұрышты екі сатылы тұғырға орнатылған. Біріншісінің көлемі 113х113х50 см, екіншісі 147х140х207 см. Тұғырдың негізі (іргетасы) бетоннан салынған оның жоспары үшбұрышты, көлемі 12х12х30 м. Тұғыры және іргетасы толықтай қызыл гранит плиткамен қапталған. Ескерткіштің жалпы биіктігі 490 см. Ескерткіш тұғырынан 175 см жерде мереке кезінде жағылатын «мәңгілік алау» орнатылған.

Екіншісі – жауынгер мүсінінің артқы жағында Қармақшы ауданынан соғысқа қатысқан адамдардың тізімі жазылған тақтайшалар орнатылған «құрмет қабырғасымен» толықтырылған. Бір қарағанда ежелгі қалалардың бекіністі дуалын еске салатын бұл қабырғада 114 қара гранитке жазылған тақтайша бар. «Құрмет қабырғасы» күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, жалпы ұзындығы 80 м, биіктігі 3,3 м.

Авторлары: Тұрғынов А., Аденов А.

 

 

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Жанкент (Янгикент) қалашығы,
2 / 5
Бәбіш-Мола ескерткіштер кешені
3 / 5
Сырлытам кесенесі
4 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басы, Ғанибай үйі
5 / 5
Асан ата кесенесі, ХҮІ ғасыр

Ақпарат

    Записей не найдено.