Бұқарбай батыр ескерткіші

Мекен жайы: Жалағаш ауданы, Жалағаш кенті, Желтоқсан көшесі, 9

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 05.09.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Бұқарбай батыр ескерткіші, 2006 ж.

(Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне алынған)

 

         ХІХ ғасырда  патша отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген қазақ ханы Кенесарыны қолдаған батырлардың бірі Бұқарбай Естекбайұлы.

     Бұқарбай Естекбайұлы 1812 жылы қазіргі Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. Әкесі Естекбай халқына өте сыйлы, тілге шешен, қоғамшыл, қайырымды, саят жасағанды ұнататын, әрі сері кісі болған. Бұқарбай жас кезінде ерлік істерге жақын болып Ақмешіт бекінісі мен Райым бекінісінің арасындағы Сыр бойы халқын жан-жақты қыспаққа алған Хиуа, Қуаңдария-Жаңадария бойын жайлаған бейбіт елге бүйідей тиген Қоқан бектерінің зорлық-зомбылығына қарсы көтерілістердің басшысы болған. Сонымен қатар, Бұқарбай батыр 1837-1847 жылдары Кенесары хан көтерілісіне белсенді түрде қатысады. Бұқарбай батыр 10 жыл бойы, қашан Кенесары ханның ақтық демі біткенше азаттық туының астында арыстанша айқасады. Бұқарбай батырдың Ұлқаяқ, Бұланты, Жыланшық өзендерінің бойындағы өшпес ерліктері мен Созақ, Ақмола бекіністерін бағындырудағы әбден ысылған, шын болаттай ширыққан, өр тұлғасы мен кәнігі әскери қолбасшыларға ғана тән ойлы іс-қимылдарын Кене хан әрқашан ризалық сезімімен еске алып, өзге сардарларға үлгі-өнеге етіп отырған. 1838 жылы 7 тамызда Кенесары көтерілісшілерінің Ақмола бекінісіне жасаған шабуылының арасында болады. Ол Кенесары әскерінің қоқандық бекіністер, соның ішінде Созақ бекінісін азат етуге қатысқан шабуылды ұйымдастырушылардың қатарында болды. Бұқарбай батыр Кенесары ханның 1847 жылғы сәуірдегі қазасына дейін үзеңгілес серігі болған. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары Қазақ жерін Қоқан басқыншыларынан азат етуде Қоқандықтарға қарсы шығып, Ресей империясының жоғары билігін мойындап, Ақмешіт бекінісін жаулап алу кезінде патша әскеріне көмек көрсетті. Қоқандықтармен болған бір шайқаста Бұқарбай  батыр ауыр жарақат алған. Қоқан хандығына қарсы әскери жорықтарға қатысқаны үшін патша үкіметінен марапаттарға ие болған. Өмірінің соңында ол өз ауыл аймағында өмір кешіп, бейбіт шаруашылықпен айналысқан.

         Ескерткіш Жалағаш ауданы, Жалағаш кенті, Желтоқсан көшесі, 9 мекенжайда орналасқан. 2006 жылдың 25 қазан күні жаңадан сомдалған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Ескерткішке тапсырыс беруші – Жалағаш аудан әкімдігі. Батырдың мүсіні бетоннан құйылып, сыртынан қаңылтыр мыспен қапталған. Ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр. Ескерткіш тұғырының көлемі 10х13,5метр. Биіктігі - 4 метр, тұғыр темірбетоннан тұрғызылып, сыртынан қара гранит және мрамор плиталармен қапталған. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 7,5 метр.

 

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Сараман-Қоса (Сарман-Қожа) мұнарасы, Х-ХІ ғасырлар
2 / 5
Қорқыт ата ескерткіш кешені (стелла, амфитеатр, қылует, қошқар тас, мұражай), 1980 жыл
3 / 5
Айтбай мешіті, 1878 жыл
4 / 5
Баланды ІІ кесенесі. б.з.д. VІ-ІІ ғасырлар
5 / 5
Бегім ана мұнарасы, ІХ-ХІ ғасырлар

Ақпарат

    Записей не найдено.