Алдаберген Бисенов мүсіні
Мекен жайы: Жалағаш ауданы, Аққұм ауылы, ауылдық мәдениет үйінің жанында орналасқан
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 05.09.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Алдаберген Бисенов мүсіні,
2016 жыл
Мүсін 2,5 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 4,58 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,38 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бүтін гранит тастан қашап жасалған. Оның өлшемдері h-3,20 метр, 80х70 см. Мүсіннің авторы – Қ.Сатыбалдин.
Алдаберген Бисенұлы Бисенов
Социалистік Еңбек Ері
(1926-2002 ж.ж.)
Қазақстанның ауылшаруашылығын дамытушылардың бірі, еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенұлы Бисенов 1926 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққұм ауылында дүниеге келген.
Алдаберген Бисенов еңбек жолын жаңа ұйымдасқан ұжымшардың табельшісі болудан бастаған.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңісті Германияның Магдебург қаласы түбінде қарсы алады.
1951-1952 жылдары Тереңөзек ауданында байланыс жүйесінде қызмет атқарады.
1955 жылы Қызылорда ауылшаруашылығы техникумын үздік бітіреді.
1955-1960 жылдары Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында МТС-та бөлімше механигі, Еңбек ұжымшарының бас инженері қызметтерін атқарады.
1962-1972 жылдары Жаңаталап кеңшарының директоры болып жұмыс жасайды.
1964 жылы жұмыстан қол үзбестен Алматыдағы кеңшар директорларын даярлайтын бір жылдық курсын, 1970 жылы Қазақ ауылшаруашылығы институтын оқып бітіреді.
1972-1988 жылдары Тереңөзек ауданының Қазақсанның 50 жылдығы шаруашылығын (қазіргі Сырдария ауданы, Н.Ілиясов атындағы ауыл) басқарады.Осы жылдары ішінде ауыл еңбеккерлерінің тұрмысын биік деңгейге көтеріп, егіншілік ахуалды жақсарту жолында нәтижелі еңбек етеді.Шаруашылығы құлдырап, экономикалық дағдарысқа түскен ауылда әлеуметтік нысандар (мәдениет Үйі, сауда орталығы, қонақ үйлер) қалалық сәулет үлгісімен бой көтеруіне тікелей басшылық жасады.
Алдаберген Бисенов еңбек еткен жылдары шаруашылықты механикаландырудың бірнеше өнертапқыштық жобаларын жасады.Өндіріске енгізілген бұл жобалар суландырылған егістік жерлерден мол өнім алуға қол жеткізді.
Іскерлік қабілеті мен ерен еңбегінің арқасында Алдаберген Бисенұлы Бисеновтың есімі Кеңестер Одағы Деңгейіне көтеріліп, зор құрметке ие болды.
Жетістіктері:
КСРО жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медальдарының иегері атанды.
Есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылдың 3 қазанындағы №1021 қаулысымен Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққұм ауылындағы №38 орта мектепте және Жалағаш кентіндегі көшеге Алдаберген Бисенов есімі берілді.
Марапаттары:
І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы», Ленин, Еңбек Қызыл ту ордендерімен, «Орақ пен Балға» алтын медалімен марапатталды.
1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Алдаберген Бисеновтың өнегелі өмірі мен халыққа жасаған қалтқысыз қызметі жайлы «Өрлеу жолында» (1979), «Нар тұлға» (1996), «Өнегелі өмір» (2004), «Рухқа тағзым» (2006) естелік кітаптары жарық көрді.