Ы. Жақаев ескерткіші
Мекен жайы: Шиелі ауданы, Шиелі кенті, Ы. Жақаев гүлбағында орналасқан
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 07.09.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Ы. Жақаев ескерткіші,
2011 жыл
Ы.Жақаев (1891-19.9.1981 жылы қайтыс болған) — әйгілі күріш өсіруші, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы “Қызыл Ту” (кейінгі Ы.Жақаев атында) кеңшарының звено жетекшісі болған.
Оның жастығы, өмірдің ащы зардабын тартудан басталды. Бұғанасы бекімеген жас бала әкесі екеуі байдың малын бағып «отымен кіріп, күлімен шығып» жүргенде тапқаны тамағына жетпейтін. Сол балаң кездің өзінде-ақ оның жүрегінің терең түкпірінде диқан болсам, аштық азабынан адамдарды арашаласам деген ой ұшқыны маздап жататын.
Сонау 1929 жылы Ы. Жақаев туып өскен Қарғалы ауылында он кедей жиналып серіктестік құрғанда, оның бір мүшесі өзі еді. Кейіннен атағы алысқа жайылып кеткен Қызылорда облысы Шиелі ауданының «Қызылту» колхозының ірге тасы, түп қазығы еді бұл.
Ы. Жақаев диқаншылық еңбекті Сыр суын кәдеге жаратып, дарияны ырыс арнасына айналдыру мақсатында жүргізілген канал қазу жұмыстарына қатысудан бастады. Жерге деген диқаншылық сүйіспеншілігін қиындыққа қаймықпай, табандылық пен мұқалмас жігерлікпен еңбек етумен танытты.
Тәжірибенің де, таланттың да атасы – еңбек. Бұл – Ыбырай атамыздың ұстанған философиясы еді.
Соғыс майданында қаза болған тұңғыш ұлының кегін алудың көзі, астықтан мол өнім алумен қайтаруды алдына міндет етіп қойды. Фашистерді жеңген Ұлы Жеңіс диқанның еңбекте де зор табысқа ие болған жылы еді. Әр гектардан 156 центнерден өнім алып, елімізде ешкім, еш уақытта алып көрмеген ғажап жетістікке жетті.
Ол 1949 жылы қарауындағы 5 гектар күріштің әр гектарынан 171 центнерден дән жинап, дүниежүзілік рекорд жасады. Даңқты шебердің омырауында Социалистік Еңбек Ерінің алтын жұлдызы жарқырады. «Өз бақытымды еңбектен таптым. Нағыз бақыт еңбекте, неге жеткізсе де сол жеткізеді», - деуі де сондықтан болар.
«Жеке шапқан жүйрік емес» деген халық даналығын Ыбырай ешқашан естен шығарған жоқ. Ол әрдайым өзіне ізбасар іздеп, жастарга қамқорлық жасап жүрді. Диқанның ұрпақ алдындағы борышы өз білгенін жастарға мұра етіп қалдыру екені оны толассыз толғантатын. Осы толғаныс 1964 жылы ауыл жастарын диқандыққа күріш өсіруге шақырған мынадай хат жазуға әсер еткен еді: «Кұрметті менің жас достарым, күріш өсіруге келгендер мен енді келетін жастар! Біздің облысымыздың Сырдың бойында екенін ұмытпаңдар. Сыр өңірінде күріш өсіруден дүние жүзілік рекорд жасалғанын естен шығармаңдар. Қазір біздің қолымызда ғылым мен техниканың озық тәжірибесі, құралдары бар. Біздің кеудемізде энтузиастердің қызу қанды отты жүрегі бар. Сондықтан да мен сендерге рекордтар мен аталарыңның еңбек эстафетасын сеніп тапсырамын!»
Тарлан күрішшінің іс-өнегесін, тәжірибесін бүкіл республика диқандарының игілігіне айналдыру үшін Шиелі ауданының «Қызылту» колхозында Жақаевтың озат тәжірибе мектебі ұйымдастырылды.
Еңбегін елге өнеге етіп, көпті соңынан ерту, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бастаманың баянды болуы оның құндылығында, көптің жүрегіне жол таба білуінде болса керек. Жастардың жүрек жалыны бүкіл өңірге қызу беріп, дала төсін еңбек дүбіріне бөледі. Күріш өсіруші жастар звенолары құрылып, жұрт оларды «Жақаевшылар звеносы» деп атады. Бұл кұрметті атақ Сыр бойында берік орын тепті.
Оның кең кеудесінде Социалистік Еңбек Ерінің қос алтын жұлдызы, төрт Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту ордені, Халықтар достығы орденімен, бірнеше медальдар, СССР Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медальдары жарқырады. КПСС XXIII съезінің делегаты, облыстық және аудандық партия комитетінің мүшесі ретінде атқарған жұмыстары қаншама. Ол СССР Жоғарғы Советіне бір рет, республика Жоғарғы Советіне төрт рет депутат болып сайланды.
Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы бұрынғы “Қызыл Ту” ұжымшары, орта мектеп, Қызылорда қаласындағы көше, облыс емдеу- сауықтыру профилакторийі Жақаев есімімен аталады. 1982 жылы Шиелі ауданындағы Жақаев атында күріш өсіру тарихы мұражайы ашылған. Қызылорда қаласында Жақаевқа ескерткіш орнатылған, дала академигі атанған Ы.Жақаев есімі Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына берілген.
Ескерткіштің сипаттамасы:
Ы.Жақаев ескерткіші Шиелі кенті, Ы.Жақаев атындағы саябақ ішінде орналасқан. Ескерткіш 2011 жылдың қараша айында, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, күрішші Жақаевтың 120-жылдығы құрметіне орай орнатылған. Жобаның авторы, мүсінші М. Үмбетов. Ескерткіштің биіктігі – 2,60 м. Тұғырдың биіктігі 1,50м, ені 1,30м. Бюсттің іші бетоннан құйылып, сырты мыс қаңылтырмен қапталған. Бюсттің биіктігі 95 см. Ескерткіштің айналасына мрамор плиталар төселген. Бүгінгі күні ескерткіштің айналасына гүл егілген, абаттандырылған, жарықтандырылған.