Роза Бағланова мүсіні
Мекен жайы: Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, аудандық мәдениет үйінің ауласында орналасқан
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 08.09.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Роза Бағланова мүсіні,
2015 жыл
Бағланова Роза Тәжібайқызы 1922 жылдың бірінші қаңтарында Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. Әнші (сопрано), ҚазКСР – інің (1955) және КСРО (1967) халық әртісі, Халық Қаһарманы (1996), Тарлан сыйлығының иегері атақтарымен марапатталған. Қазақ әншілік мектебінің белгілі өкілдерінің бірі. Қызылорда педагогикалық институтында оқығаннан кейін, 1941 жылы Ташкент филармониясының ән – би ансамблінің әншісі болды.
Роза Тәжібайқызы қазақтың ән өнерін дамытуға айрықша ауқымды үлес қосты. Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторларымыздың шығармалары, әлем халықтарының – орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзербайжан, қырғыз, монғол, чех, венгр, қытай, корей, үнді, швед әндері үйлесімді көрініс тапты. Ұлы Отан соғысының отты жылдары кеңес жауынгерлерінің бойына күш – жігер бере отырып оқ пен оттың астында жүріп те ән шырқаған мұндай адам жоқ деуге болады. Мәскеу түбінде шайқасқан панфиловшы жауынгерлер алдында концерт қойды. 1945 жылы 9 мамырда Берлин қаласындағы Жеңіске арналған концертке қатысты. Майдан шебінде қойған концерттері «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, үздік еңбек және шығармашылық қызметті екі Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» және «Отан» ордендерімен марапатталды. Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атанды. Әншінің ұзақ жылдық еңбегі «Тарлан» қоғамдық және «Дәнекер» Халықаралық сыйлығымен аталып өтті. Елбасымыз Н. Назарбаевтың мәдениет, білім беру және әлеуметтік бағдарламаларды қолдау қорының президенттік степендиясын табыс еткен мәдениет қайраткерлерінің тізімінде – Роза Тәжібайқызының да есімі бар.
1957 жылы гастрольдік сапарлармен Венгрия, Германия, Қытай, Польша, Чехословакия, Ауғанстан, Үндістан, Австрия, Бельгия, Бирма, Швеция, Канадада болды. 1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің 2–ші конкурсының дипломанты. 1949 жылы Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің 2–ші Бүкілдүниежүзілік фестивалының лауреаты атанды.
1985 жылы Москвада өткен Жастар мен студенттердің Бүкіл дүниежүзілік 12 – фестивалының лауреаты атанып, халық әндерін шебер орындағаны үшін арнаулы жүлдеге ие болды. Аягөз қаласының құрметті азаматы атағы берілді.
2011 жылы 8 – ақпанда 89 жасында КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы, қазақ өнерінің майталман күміс көмей әншісі Роза Тәжібайқызы Бағланова 90 жасқа қараған шағында дүние салды.
Әйтеке би кентіндегі орталық көшеге және мәдениет орталығына Роза Бағланованың есімі берілді.
Ескерткіштің сипаттамасы:
2015 жылы 30 мамырда Роза Бағланованың туған жері Қазалы ауданында әншінің ескерткіш-бюсті ашылды. «Жеңіс» саябағында салынған Роза Бағланова атындағы 300 орындық мәдениет Үйінің алдына Қазақстанда алғаш рет әншінің ескерткіш-бюсті қойылды. Роза Бағланова мүсінінің авторы – Қазақстан Республикасының халық мүсіншісі, өнер қайраткері Бақытжан Әлімбайұлы Әбішев. Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Биіктігі 0,9 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-2 метр, 80х60 см.