М.Әуезов ескерткіші, 2000 жыл

Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, М. Әуезов көшесі, н/з.

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 31.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Санаты: Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.

Өмір жолы: Қазақ халқының мәдени, әдеби даму тарихында жазушы, драмашы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі аса ірі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің алатын орны ерекше. М.Әуезов – ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгеріп, қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің реалистік сапасын арттыруға, әдеби тілді байытуға ересен зор еңбек сіңірген.

Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Шыңғыстау деген жерде дүниеге келген. Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортаазиялық түркі әдебиетімен таныс кісі болған. Ол бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. Мұхтардың әкесі Омархан да, атасы Әуез де Абай ауылымен іргелес отыратын, сыйлас көңілді, құдандалы, дос-жар адамдар. Абай ауылымен қатар болған аралас-құраластық, ұлы ақынның шәкірттерімен және балаларымен бір ортада өсу жас Мұхтардың рухани жағынан өсіп-жетілуіне игі әсерін тигізді. Жас Мұхтар хат танығаннан кейін-ақ атасының ықпалымен ауыз әдебиетінің үлгілерін, Абай өлеңдерін жазып алып, жаттап үйренеді. Классикалық түркі әдебиетінің жекелеген нұсқаларымен таныстығы да осы кезеңде басталған. Бұл жағдай алғыр ойлы, зерек баланың сөз өнеріне деген құмарлығын тым ерте оятады.

Мұхтар Әуезов 1923 жылы Ленинградтың мемлекеттік университетінің филологтар дайындайтын факультетіне түсіп, 1928 жылы бітірді. Оқу жолына сарыла көп түскен Мұхтар 1928-30 жылдары Орта Азия университетінің шығыс факультеті жанындағы аспирантурада оқиды. Бұдан кейінгі жылдары ҚазПИде, ҚазГУ-де сабақ берді. Ғылымдық, педагогтық, қоғамдық жұмысын жазушылығымен қатар қайыспай алып жүре білген ол – профессор, доктор, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі атағын алды. Филология ғылымдарының 22 дей докторлық, кандидаттық диссертация қорғағандардың жетекшісіне оппоненті болды. Совет Жазушылар одағы басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болды.

Мәдениет, әдебиет саласында зор еңбек еткен Мұхтар Омарханұлы Әуезовке 1949 жылы «Абай» романы үшін Мемлекеттік сыйлық, 1959 жылы «Абай жолы» үшін Лениндік сыйлық берілді. Ол екі рет Еңбек Қызыл ту, бір рет Ленин орденін алды. Бейбітшілікті қорғайтын совет комитетінің және Лениндік сыйлық комитетінің мүшесі болып та күрделі еңбек сіңірді.

Мұхтар Әуезов жазушылық, ғылымдық, педагогтық жұмыстарымен бірге, аударма мәселесімен де аз айналыспаған. Оның бұл саладағы жұмысы – қазақ әдебиетіне қосылған үлкен үлес. 1918-1952 жылдар арасында Мұхтар жарияланған аудармалар ішінде: «Будда», «Қорқыныш», «Ревизор», «Ақ сүйектер», «Той тарқар», «Отелла», «Дворян ұясы», т.б. бар.

Қазақ халқы әдебиетінің зор туындысы «Абай жолының» 1937-1965 жылдары тараудай, жеке-жеке кітаптай басылып шыққан саны екі жүзден асты, шығармалары 27 тілге аударылды. СССР халықтарының талайы Мұхтар шығармасын өз тілінде оқиды, «Абай жолы» ағылшын, француз, неміс, поляк, румын, грек, венгер, вьетнам, чех, болғар тілдеріне аударылды. Бұл роман қазақ халқын, әдебиетін әлем деңгейіне көтерді.

Қазақтың заңғар жазушысы артына мол әрі бай мұра қалдырды. Елдің оқу-ағарту ісіне, драматургия саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде, 63 жасында қайтыс болған.

Мұхтар Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Сипаттамасы: Ескерткіш Қызылорда қаласы, М.Әуезов көшесі, н/з мекенжайда орналасқан. Ескерткіш орындықта отырған тұлға түрінде бейнеленген, толық бетоннан жасалған. Тұғыр платформаға бекітілген, ол бут тасынан қаланған (көлемі 200х140х90 см). Ескерткіштің авторы – мүсінші Мұратбай Үмбетов. QR-код тақтайша орнатылған.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Сырлытам кесенесі, ХІІ-ХІІІ ғасырлар
2 / 5
Айқожа кесенесі, ХVІІІ-ХІХ ғасырлар
3 / 5
Айтбай мешіті, 1878 жыл
4 / 5
Қазалы қаласының ескі бөлігі, қала құрылыс кешені. ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы Ноғай (Нұралы) мешіті
5 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басы Ғанибай мешіті (қазіргі қалалық кітапхана)

Ақпарат

    Записей не найдено.