Әбубәкір Тыныбаев мүсіні
Мекен жайы: Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, Қ.Пірімов көшесі, Жеңіс саябағында орналасқан.
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 15.09.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Әбубәкір Тыныбаев мүсіні,
2016 жыл
1927 жылы Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде теміржолшы отбасында дүниеге келген. Балалық, жастық шағы ел басына нәубет туған қиын кезеңдерге тура келген. Ол еңбек дәмін, тұрмыс-тауқыметін ерте тартады. Буыны еңбекпен ерте қатайып, пісіп жетіледі. 1948 жылы орта мектепті үздік бітірген ол Қазақ Мемлекеттік ауылшаруашылығы институтына түседі. 1953 жылы институтты инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, жолдама бойынша Ақмола облысына жұмысқа аттанады. Ақмола облыстық су шаруашылығы басқармасында жұмыс істей жүріп, тың және тыңайған жерлерді игеруге ат салысады. 1956 жылы туған елге оралып, 1961 жылға дейін Қызылорда облысының Қазалы аудандық суландыру жүйесінде жұмыс істеді.
«Тіршілік нәрі-су» дейтін болсақ, 90 мың халқы бар ірі ауданның суға байланысты мәселесімен Әбубәкір Әлиұлы бел шешпей тікелей айналысты. Ол кездері ауыз су мәселесімен қатар суармалы жерлерді игеру ісі де кезек күттірмес шаралардың қатарына жататын. Ал бұл мәселелер аудан көлемінде ғана емес, кешенді түрде, облыс көлемінде шешілуі керек-ті.
Қазалы аудандық атқару Комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істеген іскер басшының облысқа қызметке шақырылуы оның ойының өміршеңдігінің жарқын көрінісі болып табылады.
1962-1966 жылдары Қызылорда облыстық суландыру жүйесі басқармасында жұмыс істеді. 1966-1971 жылдары «Қызылордасуқұрылысы» тресінің бастығы болды. Әбубәкір Әлиұлының бұл жылдардағы қызметі Қызылорда облысындағы күрделі құрылыстың дамуына сәйкес келді. Суармалы жерлерді игеру мәселесі тығыз қолға алынып, оған күрделі қаражат бөлінді. Облыста бірнеше құрылыс трестері,«Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі» құрметті атағы берілді.
Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев 1986 жылы Одақтық дәрежедегі зейнетке шықты. Оның үкімет пен халықтың алдындағы сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Ленин», үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» және «Халықтар достығы» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
ІХ сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің, ІХ, Х шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бірнеше шақырылған Қызылорда және Талдықорған облыстары халық депутаттары Кеңестерінің депутаты.1999 жылғы қаңтардың 20-да 72 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған науқастан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев қайтыс болды.
Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаевтың атқарған қыруар істерін халық ұмытпақ емес. Қызылорда қаласында және Қазалы ауданының, Әйтеке би кентінде, Алматы қаласында оның атында көше бар. Үкімет қаулысымен Қазалы су торабы Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаевтың есімімен аталды. Оның өнегелі өмір жолдары мен жарқын істері жайлы «Қалдырған ізің мәңгілік» атты естелік кітап жарық көрген.
Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – Қ.Сатыбалдин.