«Жазушылар композициясы» (Қ.Мұхамеджанов, Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров), 2003 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Ы. Жақаев көшесі, н/з.
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 31.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Санаты: Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.
Өмір деректері: Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов 1928 жылы 24 желтоқсанда Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы (қазіргі Сырдария ауданы) Шіркейлі ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Ташкенттің театр және көркемөнер институтын тәмамдайды. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінде, Мемлекеттік кино комитетінде, Қазақстан Жазушылар одағының, Кинематографистер одағының екінші, бірінші хатшысы, 1988–1998 жж. республикалық «Ара–Шмель» журналында, халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінде бас редактор болды. Өмірінің соңғы жылдары халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. Шығармашылық жолын М.Горькийдің «Тоғышарлар», С.Айнидің «Құлдар», Айбектің «Киелі қан» сияқты атақты туындыларын аударудан бастаған. 1959 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында «Бөлтірік бөрік астында» атты тұңғыш драмалық туындысының премьерасы болады. «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын» пьесалары да кезінде театр сахналарында қойылған. «Шыңдағы шынар», «Айман–Шолпан» киносценарийлерінің авторы. Жазушы А.Қаһардың «Ауру тістерін», Ш.Айтматовтың «Ана–Жер–Ана», «Арманым, Әселім» пьесаларын, «Ақ кеме» повесі және Шығыс классикасының «Мың бір түн» ертегісін (1-4-томдарын) қазақшалады. 1978 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы шығармаларының екі томдығы, 1998 жылы таңдамалы шығармаларының 3 томдығы жарық көрді. Карл Маркстың «Капиталын» үш-ақ ауыз сөзге сыйдырған сатира саңлағының қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовпен бірлесе жазған «Көктөбедегі кездесу» пьесасының алар орны ерекше. 1992 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілген. «Құрмет Белгісі», Халықтар Достығы, «Парасат» ордендерімен, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік жоғары марапаттарға ие болған.
Әбділда Тәжібаев (1909-1998) - ақын және драматург, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның халық жазушысы. Ол 1909 жылы Қызылорда (Ақмешіт) қаласында дүниеге келді. Қызылордадағы жетім балалар интернатында тәрбиеленген. Шымкент қаласындағы жетіжылдық мектепті оқып бітірген. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетті (қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университет), Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курсты бітірген. Еңбек жолын 1926-1928 жж. «Еңбекші қазақ» газетінде пошта-газет тасушысы болып бастаған, кейін корректор болып жұмыс атқарды. 1932-1934жж. Қарсақбайдағы «Қызыл кеші », «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттерінде редактордың орынбасары, 1934-39жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1939-1943жж. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1945-1948жж Қазақ ССР ҒА Тіл және әдебиет институтында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1958-1960жж. «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы, 1960-1984жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қазақ ССР ҒА әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, театр өнері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Әбділда Тәжібаевтың ең алғаш өлеңдері 1927 жылы «Жұмысшы» газетінде, кейін 1933 жылы «Жаңа ырғақ» атты жинақ болып шықты. Көптеген жылдар бойы Әбділда Тәжібаев поэзия, драматургия, әдебиеттану саласында жемісті еңбек етті. Қазақ әдебиетінің дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосты. Ә.Тәжібаевтың шығармашылығы қазақ әдебиетін биікке көтерді. Жас ақынның алғашқы өлеңдерін оқыған М. Әуезов көркемдік ерекшеліктерін байқаған. Расында да, сол кездердің өзінде ақын шын көңілден өлең жырларын жаза отырып , қазақтың қалыптасқан дәстүрлі лирикалық өлең жолдарын қолдана білді. Ә. Тәжібаевтің шығармашылығында Сырдария өзенінің бейнесі үлкен орын алады, кейіннен ол Рейн өзенін жырлаған Гейне, Днепрді жырлаған Шевченко сияқты ол өзенді символға айналдырады. қаһарлы соғыс жылдарында ақынның лирикасы жанрлық ерекшеліктерін тереңдете, молыға түседі. Соның бірі «Аралдар» атты жыр жинағы. Ә. Тәжібаевтің сценарийі бойынша (Н:Ф.Погодинмен бірге) «Жамбыл» атты көркем фильм түсірілген. Ақынның көптеген шығармалары шет мемлекеттер және де басқа халықтар тіліне аударылған. Орыс жазушылары А.С.Пушкиннің, Т.Г.Шевченконың, А.Н.Островскийдің, Г.Гейненің бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. «Ленин» орденімен, Октябрь революциясы орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісімен» және медальдармен наградталған. 1985 жылы Ә.Тәжібаевқа «Қазақ ССР-нің халық жазушысы » атағы берілген.
Зейнолла Әнәпияұлы Шүкіров 1927 жылы 16ақпанда Қызылорда облысы Арал ауданы Бөген ауылында туған. Бастауыш білім алғаннан кейін қатты науқастанған. Бірақ төсек тартып жатқанмен, мүгедек халіне ерлікпен, төзімділікпен төтеп беріп, қайсар жас өздігінен білім алған. Сөйтіп бар өмірін жазушылыққа арнаған. Алғашқы жинағы 1955 жылы «Менің достарым» деген атпен жарыққа шыққан. Адамгершілікті, адал махаббат пен шынайы сезімді суреттейтін «Теңіз жырлары» (1960), «Арал дәптері» (1962), «Сағыныш» атты өлең кітаптары, сондай-ақ, Арал балықшыларының ауыр тіршілігін, өмірін бейнелейтін «Тоғысқан тағдырлар» (1961), бүгінгі замандастар келбетін ашатын «Сырлы дүние хикаялары» (1966), «Ізгілік іздері» (1967), «Қиын түйін» (1973) повестері мен «Отты өткелдер» (1983) атты романы жарық көрді. Өлеңдері мен поэмалары 1977 жылы «Таңдамалы шығармалар» деген атпен жарыққа шыққан. Жазушы ел аралап, жер шарлап, емін-еркін жүре алмаса да, Сыр бойының тұнған тарихын үйде жатып-ақ зерттеп, зерделеп, жинақтай білді. Көп жылғы еңбегінің нәтижесін «Сыр бойы» атты тарихи ұлы әңгімесінен көреміз. Алайда, бұл роман саясаттың құрбаны болып, жазушының тірі кезінде жарық көре алмады. Өз дәуірінде ел азаттығын аңсаған, бодандыққа бой бермеген, тәуелсіздігіміздің шоқтығы биік тұлғасы Жанқожа батыр өмірімен ұштастыра ел тарихын толғаған «Сыр бойы» романы 1998 жылы ғана жарыққа шықты. Зейнолла Шүкіров өмірінің соңына дейін жазушылық қаламын қолынан түсірмей отызға жуық кітап ұсынды. З.Шүкіров сонымен қатар көркем аудармамен де айналысты. Орыс ақыны Ф.И. Тютчевтің «Жартас пен теңіз» атты жыр жинағын қазақ тіліне аударды. Әлемге танымал Шекспир мен Гейнені қазақша сөйлетті. З.Шүкіров шығармалары шетел халықтарының тілдеріне аударылған. Ақынның «Сыр сұлуы», «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?», «Сәулем-ай», «Көрінбей жүрсің сен неге?» т.б.өлеңдері ел аузында әнге айналып кетті. Әрі поэзиялық, әрі прозалық жанрда бірдей қалам тербеген талант еңбегін көзі ашық, рухани дені сау жұртшылық жоғары бағалап, жазушыны «Қазақ Островскийі» деп атады. Белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев З.Шүкіров туралы «Құрыш қазақ» поэмасын жазса, көптеген ақындарымыз Зейноллаға арнау өлеңдерін шығарды. Жазушы 1977 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. З.Шүкіров 1979 жылы 26 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүние салды.
Сипаттамасы: Қызылорда қаласында 2003 жылы көрнекті жазушылар Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров, К.Мұхамеджановқа арнап ескерткіш орнатылды. Ескерткіш атауы «Жазушылар композициясы» деп аталады. Композиция диаметрі 16,5 м және биіктігі 0,45 м шеңбер пішіндегі алаңда орналасқан. Алаңға үш саты алып барады. Тақтамен қапталған дөңгелек тұғырда, креслоларда отырған үш жазушының мүсіндері орналасқан, олардың арасында металл үстел орнатылған. Тұғырдың диаметрі 6,5 м, биіктігі 0,6 м. Мүсіндер бетоннан жасалған. Композиция толығымен күміс бояумен боялған. Қ.Мұхамеджанов, Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров мүсіндерінің биіктігі сәйкесінше 2,15; 2,2; 2,1 м. QR-код тақтайша орнатылған.