Қазалы ауданы, Жеңіс саябағында орналасқан мүсіндер

Мекен жайы: Қазалы ауданы, Қ. Пірімов көшесі, Жеңіс саябағында

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 24.09.2018

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Үрмәш Түктібаев мүсіні,

2016 жыл

1917 жылы Қазалы ауданы қазіргі Ү.Түктібаев ауылында дүниеге келген. Ұжымшарда егіс бригадирі болып жұмыс істеген.

1941 жылдың 17 тамызында Қызыл Армия қатарына шақырылған. Солтүстік-батыс майданда соғысқа қатысып, ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. 1944 жылы 2-Прибалтика майданы 391-атқыштар дивизиясының 1280-полк құрамында Латыш жерін жаудан азат етуге қатысқан. Кіші сержант Ү.Түктібаев 1944 жылы 20 шілдеде Латвияда Лудза ауданы, Перели деревнясы түбінде қолма-қол шайқаста жаудың бірнеше солдатын өлтіріп, ерлікпен қаза тапқан. Латвияның Режики қаласындағы бауырластар зиратына жерленген.

1945 жылдың 24 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ү.Түктібаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Батырға туған ауылында ескерткіш орнатылған. 

Қазіргі уақытта Әйтеке би кенті және Қазалы қаласында Үрмәш Түктібаевтың есімімен аталатын көше атаулары бар.

Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – Қ.Сатыбалдин.

Мақаш Балмағамбетов мүсіні

2016 жыл

1914 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. 1932-1938 жылдары ұжымшарда есепші, кіші техник болып жұмыс істеп, 1943 жылдың наурызында 72-дивизияның құрамында майданға аттанған. Кейіннен Қазақстанда құрылған 73-гвардия атқыштар дивизиясына ауысқан. Гвардия сержанты Балмағамбетов басқарған бөлімше жауынгерлері 1943 жылы 25 қыркүйекте Днепр өзенінің арғы бетіне бірінші болып өтіп, Днепропетровск облысы Бородаевка селосының жанында жаумен ұрысқа кіріскен. Жеке өзі жаудың 20-дан астам солдаты мен офицерінің көзін жойып, ержүректік пен табандылық танытқан. Осы ерлігі үшін Мақаш Балмағамбетовке 1944 жылдың 22 ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Соғыстан кейін Қарақалпақстан республикасына қоныс аударған.

Қазіргі уақытта Әйтеке би кентінде М.Балмағамбетовтың есімімен аталатын көше атауы бар.

Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – Қ.Сатыбалдин.

Геннадий Шляпин мүсіні,

2016 жыл

1912 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген. Ол 1937 жылы Қазалы МТС-да жұмыс істеп жүргенде, әскери қызметке шақырылған. Ташкенттегі жаяу әскерлер училищесін бітіргесін осында оқытушы болған. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде өз еркімен кіші лейтенант шенімен майданға аттанып, оны гвардия полковнигі атағымен аяқтады. Фашистерге қарсы күресте Геннадий Фадеевич көптеген жеңістерге жетті.

Гвардия майоры Г.Ф. Шляпинге кезекті жау бекінісін бұзып, жауынгерлердің шабуылына жол ашу тапсырмасы берілген. Белгіленген мерзімді артиллерия атысы басталды. Олар батпақты жерлерді кешіп өтіп, ойламаған жерден айналып өту арқылы немістердің қорғанысын тас-талқан етті. Бөлімше жауынгерлері сәтті шабуылын одан әрі жалғастыра түсті. Катюшалар іске қосылып, гитлершілер кейін серпілді. Соның арқасында гвардияшы полк Витебск-Полоцк теміржолын кесіп тастап, Батыс Двина өзенінен өте қиындықпен өтуге мүмкіндік алды.

1944 жылдың 22 шілдесінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Сонымен қатар «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдармен марапатталды. Қазіргі уақытта Қазалы қаласында Г.Ф.Шляпин атында  көше атауы бар.

Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – Ж.Исмагулов.

Яков Михайлюк мүсіні,

2016 жыл

1919 жылы бұрынғы Жаңақазалы станциясында, қазіргі Әйтеке би кентінде дүниеге келген. 1938-1939 жылдары Қазалы станциясындағы фабрика зауыттық училищесін (қазіргі Қазалы көлік-техникалық колледжі) паровоз машинисі мамандығы бойынша бітірген. Соғысқа дейін Қазалы локомотив депосында еңбек еткен. Соғыс басталысымен авиация мектебінде оқыған.

Мәскеу түбіндегі, Сталинград, Курск, Орел, Берлиндегі әуе ұрыстарына қатысып, жеке өзі жаудың 26 ұшағын атып түсірген. Осы ерлігі үшін 1944 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Яков Михайлюк 17 жауынгерлік орден, медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін мамандығы бойынша жұмыс істеген. Өзінің жауынгерлік жолы жайлы «Мен-сұңқар шабуылға шықтым» атты кітабын жазған.

Әйтеке би кентінде Михайлюк Яков Данилович есіміне көше атауы берілген.

Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – Қ.Сатыбалдин.

Владимир Счастнов мүсіні

2016 жыл

1915 жылы бұрынғы Жаңақазалы станциясында, қазіргі Әйтеке би кентінде шаруа отбасында дүниеге келген. 1938 жылы Хасан көлі маңында жапондармен болған шайқасқа қатысқан. 1942 жылдың наурыз айында Кеңес-Герман майданына аттанған.

1944 жылдың қазан айында гвардия сержанты В.М.Счастновтың саперлер бөлімшесіне шабуылдаушы күштер үшін Гробник деревнясының маңындағы алаңды жау минасы мен тікенек сымдардан тазарту міндеті қойылды. Тапсырманың негізгі бөлігі орындалған кезде аяқ астынан мина жарылып, жарқыншақтарынан бірнеше жауынгер қаза табады.

В.М. Счастнов басы мен қолынан сегіз жерінен жарақат алады. Тірі қалған үш жауынгер өз жұмыстарын жалғастыра береді де, Владимир жеке өзі 18 минаны залалсыздандырады. Кезекті жарылған мина оның аяғын жұлып кетеді. Осыған қарамастан В.М.Счастнов жолдастарымен жауынгерлік тапсырманы толық орындап, ерлік пен батылдық үлгісін көрсетіп, 1944 жылы қаза табады. 1945 жылдың 24 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Қазіргі уақытта Әйтеке би кентінде В.М.Счастновтың есімімен аталатын көше атауы бар.

Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – А.Кененбаев.

Әбуша Дінісламов мүсіні,

2016 жыл

1934 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданының Арықбалық ауылдық Кеңесінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1946 жылы буыны қатпаған бала кезінде бастаған Әбуша соғыстан кейінгі ауыр кезеңдерде қара жұмыстың отына қақталып өсті.

Қазалы локомотив депосында жөндеуші, байланыс бөлімшесінде шебер болып жұмыс істеген. Алпысыншы жылдардың аяқ шенінде туған ауылында күріш өсірумен айналысты. Еңбекқор диқан Сыр күрішін өсірудің тәсілін терең игерді.

1975 жылы мол өнімге қол жеткізгені үшін Социалистік Еңбек Ері  атағы беріліп, «Ленин» орденімен марапатталған.

Атақты диқан Дінісламов Әбуша 1997 жылы 13 шілдеде дүниеден өтті. Даңғайыр диқанның атында туған ауылында көше атауы бар.

Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – А.Кененбаев.

Дүйсенбай Маханов мүсіні,

2016 жыл

1909 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты отызмыңдықтар қатарынан Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы «Қазалы» кеңшарына кеңшар директорлығына жолдамамен жіберілген. Білімді және іскер басшы мал шаруашылығын, оның ішінде жібек қой шаруашылығын өркендетуге үлкен үлес қосты.

1955 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған. Шаруашылықтың жыл сайын жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне байланысты адал ниетпен істеген еңбегі жоғары бағаланып, 1958 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілген.

Қазақстан Компартиясының ХІІІ съезінің делегаты. «Еңбек Қызыл Ту», Ұлы Отан соғысының І-ІІ дәрежелі және «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған.

Социалистік Еңбек Ері Маханов Дүйсенбай 2008 жылы дүниеден өтті.

Ақсуат ауылында (бұрынғы Қазалы ауылы) Еңбек Ері Дүйсенбай Махановтың атына көше атауы берілген.

Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – Ж.Исмагулов.

Көлжан Оразалиева мүсіні,

2016 жыл

1924 жылы Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев атындағы ауылда дүниеге келген. 1945 жылдан күріш өсірушілер звеносының жетекшісі болып еңбек еткен. 1948 жылы оның звеносы күріш егістігінің әр гектарынан 81 центнерден астық жинаған. Еңбектегі ерен жетістігі үшін 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1950 жылы Ленин орденімен марапатталған. 1951 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1966 жылы «Қазақ КСР ауыл шаруашылығының үздігі» белгісімен марапатталған.

Атақты диқан Оразалиева Көлжан 1995 жылы дүниеден өтті. Ғ.Мұратбаев ауылында К.Оразалиеваның есімімен аталатын көше атауы бар.

Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – М.Үмбетов.

Петр Пак мүсіні,

2016 жыл

1905 жылы дүниеге келген. Қиыр Шығыстан Қазақстанға қоныс аударған корейлердің қатарында Қазалы ауданына көшіп келген. Атақты колхоз ұйымдастырушысы Қашақбай Пірімовтың қарауында «Қызылту» колхозы күрішшілер бригадасының звено жетекшісі болып еңбек еткен.

1948 жылы Пётр Павлович Пактың звеносы бекітілген 5 гектар күріштің әр гектарынан 80,5 центнерден өнім жинаған.

Еңбектегі ерлігі үшін 1949 жылдың 20 мамырында Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. 1961 жылы зейнеткерлікке шығып, 1963 жылы дүниеден өтті.

Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – Ж.Исмагулов.

Кәрібоз Әлимаев мүсіні,

2016 жыл

1936 жылы Қазалы ауданы, Бозкөл ауылында дүниеге келген. 1956-1957 жылдары Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумын «механизатор» мамандығы бойынша бітірген. 1959 жылдан «Бозкөл» кеңшарында механизатор болып еңбек етеді.

Әлимаев Кәрібоз жер жырту нормасын 1964-1966 жылдарда 141,158 пайызға орындаған. 1966 жылы маусымдық жұмыста 528 гектар егістік жердің орнына 1031 гектар жер жыртып, тұқым себуге әзірлеген. Осы еңбек жетістігіне және еңбекқорлығы мен тындырымдылығына байланысты 1967 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Атақты диқан 1993 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты.

2009 жылы Кәрібоз Әлимаевқа «Қазалының құрметті азаматы» атағы берілді.

Қазіргі уақытта Лахалы ауылына қоныстанып, отбасында жеті бала тәрбиелеп, немере-шөберелерінің қызығына бөленіп, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған бақытты жан.

Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – А.Кененбаев.

Әбубәкір Тыныбаев мүсіні,

2016 жыл

1927 жылы Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде теміржолшы отбасында дүниеге келген. Балалық, жастық шағы ел басына нәубет туған қиын кезеңдерге тура келген. Ол еңбек дәмін, тұрмыс-тауқыметін ерте тартады. Буыны еңбекпен ерте қатайып, пісіп жетіледі. 1948 жылы орта мектепті үздік бітірген ол        Қазақ Мемлекеттік ауылшаруашылығы институтына түседі. 1953 жылы институтты инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, жолдама бойынша Ақмола облысына жұмысқа аттанады. Ақмола облыстық су шаруашылығы басқармасында жұмыс істей жүріп, тың және тыңайған жерлерді игеруге ат салысады. 1956 жылы туған елге оралып, 1961 жылға дейін Қызылорда облысының Қазалы аудандық суландыру жүйесінде жұмыс істеді.

«Тіршілік нәрі-су» дейтін болсақ, 90 мың халқы бар ірі ауданның суға байланысты мәселесімен Әбубәкір Әлиұлы бел шешпей тікелей айналысты. Ол кездері ауыз су мәселесімен қатар суармалы жерлерді игеру ісі де кезек күттірмес шаралардың қатарына жататын. Ал бұл мәселелер аудан көлемінде ғана емес, кешенді түрде, облыс көлемінде шешілуі керек-ті.

Қазалы аудандық атқару Комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істеген іскер басшының облысқа қызметке шақырылуы оның ойының өміршеңдігінің жарқын көрінісі болып табылады.

1962-1966 жылдары Қызылорда облыстық суландыру жүйесі басқармасында жұмыс істеді. 1966-1971 жылдары «Қызылордасуқұрылысы» тресінің бастығы болды. Әбубәкір Әлиұлының бұл жылдардағы қызметі Қызылорда облысындағы күрделі құрылыстың дамуына сәйкес келді. Суармалы жерлерді игеру мәселесі тығыз қолға алынып, оған күрделі қаражат бөлінді. Облыста бірнеше құрылыс трестері,«Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі» құрметті атағы берілді.

Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев 1986 жылы Одақтық дәрежедегі зейнетке шықты. Оның үкімет пен халықтың алдындағы сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Ленин», үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» және «Халықтар достығы» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

ІХ сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің, ІХ, Х шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бірнеше шақырылған Қызылорда және Талдықорған облыстары халық депутаттары Кеңестерінің депутаты.1999 жылғы қаңтардың 20-да 72 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған науқастан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев қайтыс болды.

Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаевтың атқарған қыруар істерін халық ұмытпақ емес. Қызылорда қаласында және Қазалы ауданының, Әйтеке би кентінде, Алматы қаласында оның атында көше бар. Үкімет қаулысымен Қазалы су торабы Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаевтың есімімен аталды. Оның өнегелі өмір жолдары мен жарқын істері жайлы «Қалдырған ізің мәңгілік» атты естелік кітап жарық көрген.

Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Жалпы биіктігі 3 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі 1,30 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-1,70 метр, 70х70 см. Мүсіннің авторы – Қ.Сатыбалдин.

Елеу Көшербаев мүсіні, 2016ж.

1929 жылдың 18 наурызында Арал ауданындағы «Арал» кеңшарында Социалистік Еңбек Ері Көшербай Дәрібаевтың отбасында дүниеге келген. Е.Көшербаев жетінші класты бітіргеннен кейін өзінің зеректігі мен білімділігі арқасында Ақшелек бастауыш мектебінің оқытушысы және меңгерушісі қызметін атқарады.

1946 жылы Қызылорда қаласындағы Педагогикалық институтқа түсіп, оны 1950 жылы айрықша дипломмен тәмәмдайды. Сол жылы 21 жасында Қазалы ауданындағы «Октябрь» орта мектебіне директорлыққа тағайындалады. Екі жылдан соң Қазалы аупарткомының насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, кейіннен аудандық «Социалистік жол» газетінің редакторы қызметін атқарады.

1962 жылы Москвадағы КОКП Орталық комитеті жанындағы Жоғарғы Партия мектебін бітіріп, Қызылорда облысындағы Қазалы, Сырдария, Тереңөзек аудандарында аупарткомның екінші хатшысы, кейін он жыл бойы халықтар депутаттары Тереңөзек, Сырдария аудандарының халықтар депутаттары Кеңес атқару комитетінің төрағасы, халықтар депутаттары облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болды.

1975-1983 жылдары Қармақшы, 1983-1991 жылдары еңбек демалысына шыққанға дейін Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшы қызметін абыроймен атқарды. Құрметті зейнеткерлікке шыққаннан кейін, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде қыруар жұмыстар жасады.

1950 жылдан бастап қырық жыл бойы халықтар депутаттары аудандық Кеңесінің депутаты.1967 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін 26 жыл бойы үздіксіз халықтар депутаттары, Қызылорда облыстық Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ХІҮ, ХҮ, ХҮІ, ХҮІІ съездерінің және КОКП ХХҮІІ съезінің делегаты болып сайланды.

Оның Отан алдындағы ерен еңбегі жоғары бағаланып, «Ленин», «Октябрь революциясы» және үш рет «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, көптеген медальдармен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Қай салада қызмет атқарса да әкімшіл-әміршіл заманның өзінде жергілікті жердің жағдайына қарай, ең алдымен халықтың мүддесін ойлап, байсалдылықпен жұмыс жасады. Соның нәтижесінде көп жыл өзі басқарған Тереңөзек, Сырдария, Қармақшы, Қазалы аудандарының экономикасы нығайып, мәдениеті өсті. Халықтың әлеуметтік мәселелері әрдайым да оңтайлы шешіліп, білгір де маман кадрлар қалыптасты. Аудандарда мектеп, аурухана, балалар бақшасы, мәдени ошақтар көбейді.

Ол өте білімді, іскер басшы еді. Қаламгерлік қарым-қабілеті де осал емес-ті. Қармақшы өңірінің бай мәдени - тарихи өміріне өзіндік қолтаңбасын қалдыра білді. Атап айтар болсақ, облыстық, республикалық партия комитеттерінің алдына өзекті мәселе қойып, Қорқыт Ата кесенесі мен от ауызды, орақ тілді Тұрмағанбет кесенесінің бой көтеруіне мұрындық болды.

Қазалы ауданында Ғани Мұратбаев ескерткіші мен мұражайы қайта құрылды. Халық батыры Жанқожаның рухын көтеруді қолға алып, оның республикалық дәрежеде тойлануының жетекшісі болды. Е.Көшербаев қызмет атқарған аудан еңбекшілері ол зейнетке шыққаннан кейін де, күні бүгінге дейін оның жақсы істерін аңызға айналдырып айтуының өзі, кезінде қандай басшы болғандығын айғақтайды. Облыста ардагерлердің әлеуметтік мәселелерін шешіп, рухани жағынан көтермелеуде салиқалы тәрбие жұмыстарын жүргізіп, үлкендердің жастарға үлгісін молайтуға ықпал жасады.

Е.Көшербаев партиялық қызметпен қатар творчестволық жұмысты да қатар жүргізді. Ол Қармақшы ауданы еңбекшілері өмірінен «Өндіріс ұйытқысы», Қазалы ауданы еңбекшілері өмірінен «Серпін» атты көлемді кітаптар жазып, баспадан шығарды. Бұл еңбектерде 1800-дей еңбеккердің еңбегі, іс-қимылдары тарихта қалды.

Мемлекет және қоғам қайраткері Е.Көшербаевтың өнегелі өмірі, ерен еңбегі, халықтан, мемлекеттен, уақыттан, тарихтан өзінің лайықты бағасын  алды.

Ержігіт Бозғұлов мүсіні, 2016ж

Бозғұлов Ержігіт (2.2.1931 жылы туған, Қазалы ауданы, Ғ.Мұратбаев атындағы кеңшар) – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген инженер-гидротехнигі (1976). Алматы ауылы шаруа институтын бітірген (1954). 1954–59 жылы Қазалы аудан машина-экскаватор станциясында бригадиршеберпрорабаға прораб, өндіріс бөлімінің бастығы, 1959–61 жылы Қызылорда обкомының ауылы шаруа бөлімінде нұсқаушы болып істеді. 1961–63 жылы Ирри құрылыс жөніндегі Құрылыс-мелиорация басқармасының бас инженері, 1963–66 жылы Қызылорда плотина құрылыс, 1966–69 жылы «Күрішкеңшар құрылыс бас басқармасына» қарайтын облыс жайылымдарды суландыру жөніндегі құрылыс-мелиорация басқармасының бастығы, 1969–72 жылы 2-құрылыс-монтаж тресінің бастығы болды. 1972 жылдан Қызылорда құрылыс-өндірістік мелиорация бірлестігінің бастығы, бастығының орынбасары, осы бірлестіктің бас инженері, бірлестік бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Ол ҚызылқұмҚарақұм мал жайылымдарын суландыруға, Сыр жағалауындағы күріштік алқаптарын тегістеуге атсалысты. Октябрь Революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Ержігіт Бозғұлов көп жылдар облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты, Қазақстан компартиясы ХІV съезінің делегаты болған. Ел алдындағы ерен еңбегі үшін «Октябрь Революциясы» екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және бірнеше медальдармен наградталған. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің жеті рет алтын, күміс, қола медалімен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехнигі» атағына ие болған. Есімі  Одақтық Су шаруашылығы және мелиорация министрлігінің «Құрмет кітабына» жазылып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегі ескеріліп, 2008 жылы еліміздің Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілген.

Облыста атқарылған игілікті, ізгілікті, тарихи, тағдырлы, бұрын-соңды қиялға да симайтын, қыруар жұмыстардың басында, қасында, ортасында қырық жылдай Қызылорданың топырағынан табаны таймай басшы да болып, қосшы да болып, ұйтқы да болып, ұйымдастырушы да болып жүрген Ержігіт Бозғұлов.

Облысымыздың экономикалық-әлеуметтік бет-бейнесін түбегейлі өзгерткен осындай атқарылған ауқымды жұмыстардың басым көпшілігі Ержігіт Бозғұловтың қолынан өткен болатын. 

 

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Баланды ІІ кесенесі. б.з.д. VІ-ІІ ғасырлар
2 / 5
Бақатам кесенесі, ХІХ ғасыр
3 / 5
Сараман-Қоса (Сарман-Қожа) мұнарасы, Х-ХІ ғасырлар
4 / 5
Сығанақ қалашығы. Х-ХVІІІ ғасырлар
5 / 5
Оқшы ата кесенесі, ХІ ғасыр

Ақпарат

    Записей не найдено.