Абылай хан бюсті, 1996 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, №140 орта мектеп ауласы
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 31.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Санаты: Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.
Тарихы: Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) 1771-1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Абылай онымен қоса Ұрыс хан, Барақ хан, Әз-Жәнібек хан сияқты билеушілердің тікелей ұрпағы. Абылай хан қазақ тарихындағы бірегей тұлға Кенесары ханның атасы.
Кейбір деректерде Абылайдың анасы түркімен күңі болған. Он екі жасында әкесі жоңғар Цеван Рабданның қолынан қаза болған. Абылайдың азан айтып қойылған аты - Әбілмансұр. Ол мұсылманша жақсы білім алады. Шығыстың жеті тілін білген. Жас кезіндегі лақап аты «Сабалақ» болған. Оған бұл лақап атты Ташкенттен он шақырым жердегі Қарақамыс деген жерде Төле бидің түйелерін бағып жерген кезде бидің өзі қойған. Ел арасында соғыста көрсеткен ерлігі үшін жиырма жасында танылған. Жиырма бес жасында таққа отырған. Абылай ханның кеңесшісі ретінде Бұқар жырау қасында болған деседі. Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол - «Ақ толқын», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржыңқақпай», «Майда жел», «Садаққаққан», «Сары бура», «Шаңды жарық», т.б. күйлердің авторы.
1771 жылы Түркістанда Абылайды ак киізге көтеріп, қазақтардың үш жүзінің ханы етіп тағайындайды. Абылай Қазақ мемлекетінің саяси бірлігін қалпына келтіріп, ірі мемлекетке айналдырды. Ресей мен Қытай арасында жүріп, Қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтап қалуға тырысты. Екі мемлекетпен арақатынасты бірдей ұстап, халқының өз туған жерінің қожасы, өз тағдырының иесі болуын көкседі. Оның данышпандығы мен көрегендігі арқасында кең байтақ Ұлы Далада ұзақ уақыт бойы бейбіт заман орнады. Абылай хан он жыл билік жүргізді. Ол билік жүргізген он жылдың Дала тарихына Абылай дәуірі боп кіруі тегін емес.
1781 жылы Абылай өмір жолын ат үстінде жорықтарды өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болған. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қыз қалған. Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символына, жауынгерлік ұранға айналды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1996 жылы Қызылорда қаласында Абылай ханға арнап бюсті орнатылды.
Сипаттамасы: Абылай хан бюсті Қызылорда қаласы, №140 орта мектептің ауласында орналасқан. Бюст қоладан жасалған, жоспары төртбұрышты тұғырға (көлемі 100х100х260 см) қойылған, тұғырдың негізі де бетоннан, сырты қызыл гранитпен қапталған. Негіздің жоспары төртбұрышты, көлемі – 290х290х27 см. Бюстің биіктігі – 100 см. QR-код тақтайша орнатылған.