Ә.Молдағұлова бюсті, 1997 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Көкенов көшесі, н/з. (№173 мектеп ауласы)
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 04.09.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Санаты: Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.
Тарихы: Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова - Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ қызы. Кеңес Одағының Батыры (1944), мерген, ефрейтор. Шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атапты. 1925 жылы 25-қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрады. Ал 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербургтегі 9-орта мектепте оқиды. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері – Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті енгізілген. Соғыс басталған соң балалар үйінен Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 жылы Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 жылы 14-қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 ж. 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.
Сипаттамасы: Бюст бетоннан жасалып, сырты ашық алтын түс бояумен сырланған. Бюст шеңберлі гранит тұғырға (диаметрі 80 см, биіктігі 160 см) қойылған. Тұғырдың негізі де бетоннан, сырты кафель плиткалармен қапталған. Негіздің жоспары төртбұрышты, көлемі – 270х350х25 см. Тұғырдың алдыңғы фасадына «Әлия Молдағұлова» деп жазылған.