Еркін Әуелбеков мүсіні, 2015 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ауласында орналасқан
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 04.09.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Санаты: Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.
Тарихы: Еркін Нұржанұлы Әуелбеков 1930 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Ғабит Мүсірепов ауданы, Жаңасу ауылында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері. Социалистік Еңбек Ері. Ол 1953 жылы Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. Солтүстік Қазақстан облысының Коноваловский МТС-нда бас агроном, директор; Марьевский кеңшарында директор болып қызмет атқарды. 1961-65 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық партия комитетінің 2-хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы; 1965 жылы ауыл шаруашылығы министрінің 1-орынбасары; 1968 жылы Қазақстан Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі; 1968-85 жылдары Көкшетау, кейіннен Торғай облысы партия комитеттерінің 1-хатшысы; 1985-88 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің 1-хатшысы; 1988 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар кеңесінің ұлттық саясат және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары; 1991-92 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. Еркін Әуелбеков Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қайта құру жұмыстарының жүруіне, Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына өлшеусіз үлес қосқан. Ол Қызылорда облысын басқарған кезеңде Орталық партия кеңес органдарының назарын Сыр бойына бұрып, маңызды-маңызды 5 қаулы қарарды қабылдаттырды. Оның ішінде мынандай бірер құжатты атай кеткен артық болмас: 1986 жылғы 25 желтоқсанда КСРО Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету шаралары туралы», 1988 жылы 19 қыркүйекте КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Арал теңізі аймағындағы экологиялық және санитарлық жағдайды түбегейлі жақсарту шаралары, осы бассейндегі су және жер ресурстарын пайдалану мен қорғауды күшейтудің тиімділігін көтеру туралы» қаулылары. Сонымен қатар құрылыстары сәл ертерек басталған Құмкөлде мұнай өнімін өндіру үшін геологиялық барлау жұмысы тиянақты жүргізіліп, 1988 жылы алғашқы өнімге қол жеткізілді. «Шалқия» түсті метал руднигі құрылысы, Арал-Сарыбұлақ су жүйесі, қос қабатты теміржол құрылысы, жаңа Аэропорт айлағы, облыстық музыкалық-драма театры, жоғары оқу орындары, бірнеше мәдениет мекемелері мен мектептер халық игілігіне пайдалануға берілді. Кейін бұлардың барлығы да облыс байлығына айналды. Еркін Нұржанұлы Үш мәрте Ленин, Октябрь революциясы, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендері, медальдарімен марапатталған. Тұлғаға арналып Солтүстік Қазақстан облысы Ғ. Мүсірепов ауданында және Көкшетау қаласының орталығында ескерткіші орнатылған. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының орталығындағы көше Еркін Әуелбеков есімімен аталады.
Сипаттамасы: Мемлекет және қоғам қайраткерінің есімін ұлықтау мақсатында 2015 жылы Қызылорда қаласындағы №4 дарынды балалар мектебінің ауласында Еркін Әуелбековтің мүсіні орнатылды. Мүсін қола материалынан құйылған. Биіктігі 1,38 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бүтін граниттен жасалған. Өлшемдері h-2,50 метр, 70х60 см. Мүсіннің авторы – мүсінші Қазбек Сатыбалдин. Мүсін тұғырына тұлға туралы ақпарат алу үшін QR-код тақтайшасы орнатылған.
Еркін Әуелбековтің қызметі туралы ақпарат «Ана тілі» газетінің (https://anatili.kazgazeta.kz/news/58470) сайтынан алынды.