Мұхамедғали Сужиков мүсіні, 2015 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, №6 мектеп ауласында орналасқан
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 04.09.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Санаты: Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.
Тарихы: «Ұлылардың ұлағатын ұмытпау - ел боламыз деген халықтың тарих алдындағы парызы» Саналы ғұмырын халықтың әл-ауқатын жақсартуға арнап, Сыр өңірінің өркендеуіне, дамуына қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Мұхамедғали Әленұлы Сужиковтің нар тұлғасы заман өткен сайын биіктей бермек. Мұхамедғали Әленұлы Сужиков 1910 жылы 15 қыркүйекте қазіргі Астрахань облысы Володар (Марфа) ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, қазақ жұмысшылар факультетінің директоры қызметіне дейін көтеріледі. Қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, 28 жастағы ұстаз аудандық партия конференциясында аудандық комитеттің және оның бюросының мүшесі болып сайланады. Сталинград облысы Володар аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады. 1948 жылы Қазақстанға жолдама алып, Ақтөбе облыстық партия комитетінің кадр жөніндегі хатшысы болып сайланды. Көп ұзамай облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына бекіп, 1951 жылдың соңына қарай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметіне сайланды. 1954 жылы Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқара жүріп, Қызылорда облыстық партия комитетінің пленумында обкомның бірінші хатшылығына сайланды.
1954 жылы мамыр айының аяғында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы М.Сужиков Қызылорда облыстық партия комитетінің пленумында обкомның бірінші хатшылығына сайланады. Мұхамедғали Әленұлы жаңа қызметке сайланысымен, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын біліп, алдағы бағытты айқындау мақсатында әрбір аудан, ірі шаруашылықтарға арнайы бригадалар жіберіп, олардың талдаулары мен қорытындылары жан-жақты қаралып, сараптама жасалынады. Мұхамедғали Әленұлы облысқа келісімен-ақ тікелей айналысқан мәселесінің бірі – сол кездері Арал және Қазалы аудандарында жиірек кездескен аса қасіретті ауру – алапеспен күрес болады. Сужиков бұл проблеманы ұлттық, өмірлік мәселе ретінде одақтық деңгейге көтереді. КСРО Министрлер Кеңесінің “Қызылорда облысында алапеспен күресудің кезек күттірмейтін шаралары туралы” қаулысын қабылдатады. Үкімет науқастардың өмірін әлеуметтік-экономикалық жағынан қайта құрудың түбірлі шараларын белгіледі. Сыр бойының ардагерлері М.Сужиков 3,5 жылдан астам уақыт ішінде облыстың келешегіне негіз салғанын, облыс тарихында алтын әріппен жазылған, жұртшылықтың жадында мәңгі сақталып қалған ауқымды-ауқымды істерді жүзеге асырғанын, кадр мәселесінде аса тазалықпен, біліктілікпен жұмыс жасағанын күні бүгінге дейін айтылады.
Сипаттамасы: 2015 жылы Қызылордада Сыр өңірінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамедғали Әленұлы Сужиковтің бейнесін есте қалдыру мақсатында мүсіні №6 орта мектебінің ауласында орнатылды. Мүсін қола матералынан құйылған. Биіктігі 1,1 метр, салмағы 380 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған. Өлшемдері h-2,30 метр, 60х60 см. Мүсіннің авторы – мүсінші Жәркен Исмагулов.
М.Сужиковтің қызметі туралы мәліметтер «Kazinform» (https://www.inform.kz/kz/kyzylordada-muhamedgali-suzhikovke-eskertkish-byust-ornatyldy_a3012975) және «Egemen Qazaqstan» (https://egemen.kz/article/5165-qaysar-qayratker) сайттарынан алынды.