Мүсірәлі әулие кесенесі
Мекен жайы: Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінен солтүстікке қарай 4 шақырымда орналасқан
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 04.09.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Мүсірәлі әулие кесенесі, 2000 ж.
(Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне алынған, «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне енгізілген)
Мүсірәлі Жәдікұлы – ХVІІ ғасырда Тәуке хан тұсында бүкіл қазақтың алғашқы бас пірі болып сайланған әулие. Ол Тәуке ханмен біріге отырып халықты жоңғар шапқыншылығына қарсы ұйымдастыруда маңызды рөл атқарған. Мүсірәлі 1639 жылы Бұхар хандығына қарасты Тамдыбұлақ аймағында өмірге келіп, 1721 жылы қайтыс болады. Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи медресесінде оқып, Бағдат, Басыра шаһарларында сопылық ілімнің тереңіне бойлап, «ахун» (Алланы тану ғылымын меңгерген) дәрежесін алған. Рухани жетілу барысында жоғары тылсым қасиеттерге ие болған. Тәуке ханның «жеті жарғы» атты заңдар жинағын қабылдауда өз үлесін қосқан. Өмірінің соңында Құдай жолына толық беріліп, өзінің рухани ұстазы Баба Түкті Шашты Әзиз әулие басына шырақшы болып, дүниеден өткен соң, соның жанына жерленеді. Кітапта қазақ хандығы тарихына шолу жасалып, Мүсірәлі тұсындағы қазақ елінің әлсіреу себебі баяндалады. Басты себеп – сол кездегі халықтың рухани жүдеуі еді деп көрсетілген. Өз кезінде қоғамдағы саяси ахуалды жақсы түсінген Мүсірәлі Пір халықты рухани бірлік жолына бағыттаған. Мүсірәліні пір деп танудың негізі тегін емес. Оның ерекше адами қасиеттері болған. Оның үстіне өз дәуіріндегі негізгі ғылыми орта болған жерлерде білім алуы, алған біліміне қоса өзінің адами, әулиелік қасиеттерін дамытуы оның Пір және әулие атануына үлкен негіз болса керек. Үш жүздің Бас Пірі болып сайлануы үшін бірнеше адам сынақтан өтеді. Олар туайын деп тұрған буаз сиырдың ішіндегі бұзаудың қандай екенін айтып беруі керек еді. Сынаққа түскен басқа адамдардың арасында Мүсірәлі: «Бұл сиырдың ішінде ұрғашы қара бұзау, құйрығы ақ, құйрығының ағы бұзаудың басынан маңдайына оралып келіп жатыр», – деп басқалардан анық жауап беріп, алға шыққан екен. Осындай көрегендік қасиетімен қатар, Мүсірәлінің жалғыз өзі көптеген жау әскеріне қарсы тұрып, оларды жеңе білгені; ауа райына әсер етіп, дауыл тұрғызғаны; алақанының биотогымен құмандағы суды тез жылыта алатыны; табалдырықтың астындағы тығылған Құран Кәрімді сезіп-білуі; жеті өлікке жан бергені; жауды адастырып, жеңуі; өзен ағысын тоқтатып, денесін көпір етуі; жалындаған оттан өртенбей шығуы тәрізді көптеген тылсымдық әрекеттері ел аузында сақталған.
Мүсірәлі әулие кесенесі Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінен солтүстікке қарай 4 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіштің құрылысы 1998 жылы басталып, 2000 жылы аяқталды. Іргетасы бетон блоктардан, қабырғалары кірпіштен тұрғызылған, көлемі 13,5 х 24 метр.