Қарақұм көтерілісі ескерткіші
Мекен жайы: Жалагаш кенті
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 14.06.2021
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Қарақұм көтерілісі ескерткіші, 2018 ж.
(Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне алынған)
Қарақұм көтерілісі 1930 әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған қозғалыс. Бұл көтеріліске Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Аламесек, т.б. аудандардың жеке-жеке топ болып, шаруа жайымен көшіп қонып жүрген шаруалары қатысты. Көршілес Ырғыз, Арал, Қарсақпай аудандарының бірқатар ауылдары да осы бас көтеруге қосылды. Жаңа өкіметтің қысымына шыдамай, Қарақұмды паналаған ауылдар қолдарына қару алып, қорғануға мәжбүр болды. Көтерілісшілердің үлкен бір тобын дін басы Ж.Бәйімбетов басқарды. Қуғыншы қызыл әскерлердің Қармақшыдан және Ырғыздан шыққан отрядтары 7-сәуірде көтерілісшілер жасырынған жерге таяу келіп, қанды шайқас болды. Ұрыс кезінде көтерілісшілерден 35 адам өліп, 23-і жарақаттанған. Ал қызыл әскерлерден 40 адам өліп, олар кейін шегінуге мәжбүр болған. 1930 жылы 13 сәуірде Аралға келген әскери округтік комиссия Қарақұмға үкімет комиссиясын жіберуді ұсынды. Нәтижесінде ҚазОАК төрағасының орынбасары Әліби Жангелдин, жазушылар Сәкен Сейфуллин мен Ғабит Мүсірепов, т.б. бар мемлекеттік комиссия Қарақұмға аттанды. Бірнеше күнге созылған келіссөзден кейін, олар қаруы бар көтерілісшілердің қаруын тапсыруға көндірді. Көтерілісшілер жағынан келіссөзге қармақшылық Бәйімбетов, т.б. қатысты. Олар үкімет алдына 7 шарт қойды. Мемлекеттік комиссияның шешіміне қарамастан, Қазақстан К(б)П Өлкелік комитетінің 1-хатшысы Голощекиннің тапсырмасымен, келіссөзге қатынасқан Бәйімбетов, Ы.Әлмағамбетов, Б.Байбахтин, М.Қыпшақбаев, С.Қуандықбаев, Ө.Өмірбаев, Б.Талқанбаев, Т.Ахметов Алматыға әкелініп, абақтыға жабылды. 1930 жылы 15 шілдеде Қазақстандағы Біріккен Саяси Бас басқармасының үштігімен олар түгелдей ату жазасына кесілді. Осыдан кейін Қарақұмдағы шаруалар қайтадан бас көтеріп, өздеріне Қ.Жұбановты хан етіп сайлаған. Сонымен, тамыз-желтоқсан айларында болған қарулы қақтығыстан кейін көтеріліске қатысты деген айыппен қолға түскен 586 адамның 210-ы кедейлер мен орташалар ретінде босатылды, 6 адамның ісі ОГПУ-дің Қарсақпай ауданы бөліміне жан-жақты тексеруге жіберілді. ОГПУ-дің Ерекше үштігінің шешімімен 175 адам ату жазасына кесілді. 172 адам 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. 6 адам Қазақстанның өзге аймақтарына жер аударылды. Шығыс Сібірге 5 жылға 1 адам, еңбекпен түзету лагеріне 3 жылға 9 адам айдалды. Көтеріліске қатысушылардан 37 адам қаза тауып, 6 қызыл әскер, 3 саяси қызметкер, 3 коммунар өлген.
Қазіргі таңда Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінде арнайы экспозиция жасақталған. 2007 жылы белгілі өлкетанушы Ахмет Тілеулиевтің «Қарақұм» атты көркем туындысы кітап болып жарық көрді. Қазақ тарихындағы осы тарихи оқиғаны есте қалдыру мақсатында Жалағаш кентіндегі Тағзым алеясына 2018 жылдың қазан айында «Қарақұм көтерілісі» ескерткіші бой көтерді. Ескерткіш 3 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Гранитпен қапталып, тұғырға орнатылған. Ескерткіштің жалпы биіктігі (тұғырсыз)-4,30 метр. Авторы–Ж.Исмагулов.