Ақтан батыр және Жанқожа батыр ескерткіші, 2010 жыл.
Мекен жайы: Арал қаласы, орталық алаңда орналасқан.
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 13.10.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Ақтан батыр және Жанқожа батыр ескерткіші, 2010 жыл.
Арал қаласы, орталық алаңда орналасқан.
Ескерткіштің сипаттамасы:
Ескерткіш тұғыры мен алаңы бетоннан құйылған және қызғылт граниттен жасалған плиткамен қапталған. Биіктігі 2,65 м тұғырдың өлшемдері әр түрлі және кезектесіп тұратын алты қыры бар. Астыңғы жағы кең қырлар жоғарыға қарай жайлап тарылады. Үш қырының өлшемі 100-90 см. Басқа үшеуі – 80-70 см. Тұғыр орнатылған алаң қызғылт аяқжол плиткамен төселіп, екі жағынан қызғылт гранитпен қапталған. Батырлар мүсінінің астындағы екі кең қырдың төбесінде батырлардың аты мен олардың туылған және қайтыс болған күндері бар жазбалар жазылған: «Ақтан батыр 1770-1854 және Жанқожа батыр 1774-1860. Ескерткіш қоладан құйма әдісімен дайындалған. Ақтан батыр және Жанқожа батыр қатар тұрып бейнеленген, батырлардың оң және сол қолдары ру туын ұстап тұр. Ақтан батыр оң қолында қамшы ұстап тұр. Жанқожа батырдың сол жағында сол қолымен ұстап тұрған қынаптағы қылыш жерге тұрғызылып тұр. Тұғырдың алдында екі тік бұрышты плитка үстінде күн сәулесі көрініп тұрған бұлт және жолбарыс бейнеленген. Төменгі жағында қызғылт гранитте екі кесте бейнеленген. Жоғарғы кестеде Жанқожа батырдың айтқан «Ақтан келеді қасыма Ақ күн туды басыма» (Жанқожа) сөздері келтірілген. Екінші кестеде «Қазақстан Республикасы Ақтан батыр мен Жанқожа батыр ескерткіші (2010 жыл)» жазбасы соғып жазылған. Ескерткіш металл қоршаумен қоршалған. Қоршаудың ішінде орындықтар бар.
Ақтан Ақайұлы (шамамен 1770-1854) халық батыры. Руы - Қаракесек. Жанқожа батырдың үзеңгілес серігі, оның Хиуа, Қоқан бекіністеріне жасаған жорықтарына қатысқан. Қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданы Ақтан батыр (Арықбалық) ауылына қарасты Түлкіқашқан қонысында дүниеге келген. ХІХ-шы ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңіздеріне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасап, малын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрып, 1817 жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып, бейбіт елді шауып, алым-салық жинап тұрды. Осындай зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасады. Жалпақ жұртқа белгілі жайт - Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Жанқожа қаракесек Ақтан батырмен бірге көне Жанкенттің жанындағы Хиуа бекінісі - Жаңақаланы тас-талқан етеді. П.Ивановтың көрсетуі бойынша, бұл оқиға 1842 жылы болған. Жаңақаланы алардағы ұйымдастырушылығы мен жанқиярлық батырлығы үшін халық қаракесек Ақтан Ақайұлын бүгінгі күнге дейін ерекше ілтипатпен атайды. Сондай-ақ осы жылдың қазан айында Хиуа хандығының сыр бойы қазақтарынан ұшыр, зекет жинауға қойылған найыбы Бабажан сарттың көне Жанкент шаһарының маңындағы бекінісі Бесқаланы аларда ерлік көрсеткен. Ақтан батыр бастаған қазақ сарбаздары қамалды қоршауға алып, Бабажанды қолға түсіріп, Жанқожа батырдың үкімімен жазалаған.
Ақтан өз заманында Жанқожа батырдың досы, үзеңгiлес жолдасы, қарулас серiгi болған. Халқын қорғау үшiн Ақтан батыр Сырда, Жанқожа батыр қырда жүрген.
Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1795 - 1859) – қазақ батыры. Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы, қазақ халқының ел азаттығы жолында арыстандай арпалысқан атақты батырларының бірі. Шыққан тегі Кіші жүздің Әлім тайпасының шекті аталып кеткен Жаманақ руынан.
Бұл кездерде Жанқожа ауылы Қарақұмды жайлап, Ырғызды қыстаған. Қоқан хандығының Созақ бекінісіне орналасқан әкімдерінің жергілікті халыққа салынатын алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтары қазақтардың бас біріктіріп, Созақ қамалына шабуыл жасауына себепкер болды. И. В. Аничковтың мәліметі бойынша, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қаласының бектері Отыншы, Cушымен бірігіп Сарман биді өлтіреді. Созақта тұратын Құрман би араша түсуді өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді. Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жаңақорған, Жөлек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады.
Жанқожа зорлық – зомбылықты білмеген, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Біреудің біреуге жасаған қиянатын кеше алмаған. Біреудің азғыруына еріп, жазықсыз табын Бұқарбай батырдың елін шабам деп, тілін алмай кеткен інісі Жауқашарға «барғаныңнан оралма» деп бата беруі, артынан қаза болғанда оның сүйегін ауылына әкелдірмей қоюы соның дәлеліндей. Оның бүкіл мағыналы өмірін Хиуа мен Қоқан басқыншыларына, орыс отаршыларына қарсы күреске арнауы да сол зорлық-зомбылыққа, қиянатқа төзе алмайтын қасиетіне негізделген елін жерін сүйген алып жүректілігі де себеп болса керек.
Аңыз әңгімелер:
Ел аузындағы деректерге қарағанда, Жаңқожаның батырлық даңқы ерте шыққан. Сыр бойының Қылышбай ханы хиуалықтармен соғысқанда, қазақ батырлары Хиуаның Тықы деген батырын жекпе – жекте жеңе алмай іркіліп қалған бір тұста, 17 жасар Жанқожа өзі сұранып шығып, оны найзамен түйреп түсіреді. Осыдан бастап оның батыр атағы жалпақ елге жайылып кетеді.
Патша үкіметінің әскери әкімшілігі Жанқожа Нұрмұхамедұлының көзін жою үшін Елікей Қасымов бастаған арнаулы жазалаушы әскер жіберді. 1860 жылы жазалаушы әскер Қызылқұмның ішіндегі Жанқара көлінің басында отырған Жанқожа батырдың ауылын қоршауға алды. Қанды шайқастың барысында 80-нен асқан Жанқожа батыр жазалаушылардың оғынан қаза тапты. Батырдың өмірден өтер кездегі соңғы сәтін Л. Мейер былай деп суреттейді:
«Қарт батыр оқ өтпейтін сауытын киіп, қару-жарағын асынып, үйінен шығып үлгерді. Бірақ аты жоқ екен. Ажалымның жеткен жері осы екен деп, ол бір төмпешіктің үстіне аспай-саспай шығып алды да, өз иманын өзі үйіріп, дұға оқи бастады... зулаған оқтар... көпке дейін оның сауытынан өтпей, тайқып ұшып, кері түсіп жатты. Ақырында бір оқ оның мойнына дәл тиіп, қарт батырдың өмірін қиып кетті».
Ақтан батырдың бойындағы таңғажайып қасиеттердің бірі – төбесінде бұлт ойната білуі. Ел ішінде «төбесінде бұлт ойнатқан Ақтан батыр» деген сөз кең тараған.
Кезінде Ақайдың бәйбішесі, Ақтанның шешесінің жүкті кезінде төбесінде шырақ жанып жүргенін көрген аруақты Ақпан батыр:
– Мына іштегі бала тегін бала емес. Киелі бала екен, әулиелік кереметі бір бөлек,
Бүкіл Әлімнің намысын қорғайтын батыр болар. Бірақ мен бұл баланы көре алмаспын. Аруақ қолдасын, менің жолымды бергей, – деп батасын берген болатын қартайған шағында. Сөйтіп, мінген атының ерінің үстіндегі бөз көпшігін:
– Балаға табыс етесіңдер, – деп қалдырған екен.
Ақай атамыз осы бала дүниеге келгенде атасының батасы дарысын деп, азан шақыртып, Ақтан деп ат қойған еді. Халықты жинап, ата-бабаларына құран оқытып, Ақтанға үлкендердің батасын алып беріп, көпшіліктің алдында Ақпан атасының бөз көпшігін табыс етеді.
Сонымен бірге бүкіл Қаракесекке ұран болған әулие Ақпан батырдың батасы дарыған Ақтан бабамыздың торығып, қысылғанда төбесіне ойнақшып шыға келетін киелі бұлты да осы атасынан қоныпты.
Ақтанның бойына біткен тағы бір қасиеті – досын жауға қалдырмаған. Оның Байқазақ атты қарулас серігі болды. Ол да батыр. Жанқожа, Ақтан батырлармен талай жорықтарға бірге қатысқан. Көпшілікке белгілі, Жанқожа оқыстан ажал құшады. Мұны естіген Байқазақ батырдың кегін алам деп жүріп, Ресей әскерінің қолына түсіп қалады. Қарулас досының қолға түскенін білген Ақтан батыр Байқазақ отырған абақтыға шабуыл жасап, оны босатып алады.
Қамалды алған қос батыр
Хиуа ханның бегі Бабажан жергілікті қазақтарды билеп-төстеп, төңірегіндегі ауылдарға зорлық-зомбылық көрсетіп, қиянат жасайды. Халықтың момындығын, көнбістігін, шыдамдылығын пайдаланған Бабажан қара басының қамы үшін елден жинайтын алым-салықты үсті-үстіне үдетіп, халыққа тыныштық бермейді.
Бабажан сарттың қорлығы мен зорлығына шыдамаған ел адам жіберіп, Қарақұмның Борсық құмында жайлауда отырған Жанқожа батыр мен Ақиректе отырған батырдың досы Ақтан батырға хабар берген.
Бабажан қамалын аларда Жанқожа мен Ақтан ақылдасып, тамыз айының ортасында, салқын түсе аттанамыз, әрі жасақтар қысқы азығын жинап алсын деген қорытындыға келіп, екеуі серттесіп, жіптен түйін түйіседі. Осы түйіннің бір түйіні (бір күн) қате кетсе керек. Ақтан батыр жасақтарымен Жиделіге (қазіргі Жанқожа батыр атындағы кеңшар) келіп, ертеңіне Бабажан қамалына шабуыл жасайды. Жанқожа батыр бір күн кеш келеді. Ол кезде Ақтан батыр қамалдың бір бөлігін бұзып, екіншісін алғалы жатқан. Жанқожа батыр екінші тұстан келіп, қарақұрым қаптаған ел қамалды қоршап, Бабажанды тұтқындайды. Халық аузында Ақтан бабаның бұлты қара нөсер жауын болып құйып кеткен. Бабажанның Хиуадан алдырған 200 сарбазының білтелі мылтығы жаңбырдан су болып, шақпақтары шағылмай, оты тұтанбай, атылмастан қалады. Ақтан батыр сарбаздарымен айнала қазылған ордан аттарын орғытып, қамалға «Бақтыбайлап» ұрандап, Бабажан сарттың жауынгерлеріне қырғидай тиген. Бабажан қорғанының екінші ішкі қамалына кірген Ақтан баба Жанғазы төрені ұстап, Жанқожа батырға береді. Жанғазы ханның Бабажан сартпен біте байланысып, ауыз жаласқаны осы жерде мәлім болған.