Төлеген Медетбаев мүсіні, 2015 жыл
Мекен жайы: Арал қаласы, орталық алаңда орналасқан
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 13.10.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Төлеген Медетбаев мүсіні, 2015 жыл
Арал қаласы, орталық алаңда орналасқан
Алаштың анасына айналған Сыр өңірі, оның ішінде қасиетті Арал топырағы талай тарланды дүниеге әкелген шежірелі мекен. Соның бірі және бірегейі кешегі Кеңестік дәуірдегі Аралдың атын әлемге танытқан, өскелең ұрпақ үшін ұлы дала тарихының аңыз адамы Төлеген Медетбаев болатын. Көк теңіздің тарланының есімін ұлықтау мақсатында 2015 жылы орталық алаңдағы «Жастар аллеясына» Төлеген Медетбаев мүсіні қойылды.
Мүсін 2,0 натуралық өлшемде қола материалынан құйылған. Биіктігі 0,8 метр, салмағы 350 кг. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты мрамормен қапталған. Өлшемдері h-2 метр, 60х60 см. Мүсіннің авторы – Ж.Исмагулов.
Өмір дерегі:
Төлеген Медетбаев 1890 жылы Қызылорда облысы Арал ауданында туылған. Аралда Совет өкіметін орнатуға ауыл шаруашылық бірлестіктері мен балықшы артельдерін ұйымдастыруға белсене қатысушы. 1921 жылдан Компартия мүшесі. Еңбек жолын байларға жалшылықтан бастады. 1906 жылы Қазалыдағы 2 кластық мектепті бітірген.
Совет өкіметінің алғашқы жылдарында жұмысшы-шаруа милициясының ерікті отрядтарын ұйымдастыруға, Аралды ақтардан қорғаушы қызыл партизандарды азық-түлікпен, қару-жарақпен жабдықтауға қатысты.
1919-1921 ж. Аралда милиция бөлімінің бастығы болды. 1921 ж. Арал совдеп председательдігіне сайланды.
Осы жұмыста жүріп ол шаруа семьяларын ауыл шаруашылық бірлестіктеріне, балықшы артельдеріне біріктірді. В.И. Лениннің «Арал теңізіндегі жұмысшы, балықшы жолдастарға» арнаған хатына жауап ретінде Поволжьенің аштыққа ұшыраған аудандарына балық жинап жөнелтуді ұйымдастыруға басшылық етті. 1921 ж. 25 декабрьде Арал депутаттарының Советі Совдеп председателі. Т.Медетбаевтың қолымен В.И.Ленинге тапсырманың орындалғаны туралы телеграмма жолдады. Т.Медетбаев кейінгі кезде басшы совет, шаруашылық жұмыстарында істеді. Арал қаласында бір көше Т.Медетбаевтың есімімен аталады.
1928 жылы әкімшілік-территориялық бірлік ретінде Қазалы уезі таратылып, аудан болып Қызылорда облысына қаратылды да, Арал Ақтөбе облысына берілді. Т.Медетбаев 1931 жылдың сәуір айына дейін осы төрағалықты атқарды. "Қосшы одақтары” мен колхоздар ұйымдасып, оқу орындары мен мәдениет ошақтары ашылды. Осындай игілікті істің басы-қасында төраға жүреді. Ол 1932 жылдың шілдесінен 1947 жылдың 5-мамырына дейін, немесе тұтас онбес жылдай аудандық ет дайындау және тамақ өнеркәсібі комбинатын басқарып, 1947 жылдың мамырында аупартком бюросының шешімімен қоғамдық мал шаруашылығын өсірумен айналысатын іргелі "Сазды” колхозының басқарма төрағалығына сайланады.
Сөйтіп, Төкең ағамыз 59 жылдық өмірінің отыз жылында басшылықта болды. Қиын-қыстау, ала құйын күндерде, Арал жері облыстан облысқа ауысып жатса да, Т.Медетбаевтың қызметі өзгерген жоқ. Ол өзінің халық ісіне деген таза ықыласы, әрі іскерлігі арқасында жұрт күткен деңгейден табыла білді. Зобалаң жылдардағы тоталитарлық жүйенің қажырлы, суық лебінен де аман өтті.
Өзіне тартқан ұл-қыз өсірді. Әуелбегі әкеге ұқсап ауаткомның төрағалығын атқарды. Жұбайы Орал Мырзалықызы екеуінің 10-ға тарта ұрпағынан 29 немере, 13 шөбере өрді