Роза Бағланова ескерткіші, 2021 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Ы.Жақаев көшесі, н/з (Орталық алаң маңы)
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 30.03.2023
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Санаты: Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.
Тарихы: Әнші, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Тәжібайқызы 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысында туған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Роза Бағланова сирек талантты әнші, әлем халықтары әндерін шебер орындаушы.
Еңбек жолы: Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбльмен ІІ-дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан. Ол 1947-1949 жылдары Абай атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының, 1960 жылдан Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға үлкен үлес қосқан. Роза Бағланова қазақтың халық әндерін, замандас композиторлар әндерін, шетел халықтарының (венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед) әндерін нақышына келтіре орындады. Ол бүкіл Қазақстанда, КСРО-ның бұрынғы республикаларында, шетелдерде болып, Отан, махаббат пен достық, адам мен табиғат туралы әндерді шырқады. Гастрольдік сапарға шығарда Р. Бағланова міндетті түрде сол баратын елінің тіліндегі әнді үйренген. Әншінің орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», композитор М.Төлебаевтың өлеңіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», С.Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Қиыстырып мақтайсыз» әндері Қазақ радиосы фонотекасында сақтаулы, бірнеше рет күйтабаққа жазылған.
Марапаттары: 1946 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық эстрада әншілері ІІ-конкурсының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің ІІ-фестивалінің лауреаты. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, «Шапағат» медалімен марапатталған. Роза Бағланова 2011 жылғы 8 қаңтарда Алматы қаласында дүниеден өткен.
Сипаттамасы: Ескерткіш қола материалынан құйылған. Тұғыры тұтас гранитпен салынған. Ескерткіштің биіктігі – 3,4 м., тұғырының биіктігі – 2,3 м. Жалпы биіктігі – 5,7 м. Ескерткіштің авторлары – Сыдықов Мұрат, Кененбай Бауыржан.