1914-1917 жылдары Ғани Мұратбаев оқыған мектеп ғимараты

Мекен жайы: Қазалы ауданы, Қазалы қаласы, Жамбыл Жабаев көшесі, 41

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 21.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

1914-1917 жылдары Ғани Мұратбаев оқыған мектеп ғимараты,
1912 жыл

Ескерткіштің сипаттамасы:

1914-1917 жж. Ғ. Мұратбаев білім алған №16 мектеп, Қызылорда облысы Қазалы қаласының Жамбыл көшесі 41, мекен-жайында орналасқан.

1914-1917 жылдары Ғ.Мұратбаев оқыған бастауыш мектеп ғимараты - Қазалы қаласындағы архитектуралық ескерткіштердің бірі. 1984 жылы Казреставрация институты есепке алып, құжаттарын дайындаған.

Мектептің алғашқы ғимараты қоғамдық бастамамен 1860 жылы салынған. 1912 жылы мектептің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. ол кезде жергілікті-орыс мектебі деп аталды. Дәл осы мектепте 1914 жылдан 1917 жылға дейін осы мектептің оқушыларынан құралған қазақстанның комсомол ұйымының бірінші жетекшісі, Шығыс шамшырағы атанған орта Азия мен Қазақстан жастарының жетекшісі Ғани Мұратбаев білім алды. Бұл жөнінде мектеп мрамордан ескерткіш тақта қойған. Ғанидың отырған партасы да сақталған.

Мектеп ғимараты бірқабатты, жоспары жағынан Г-бейнелі пішінді (46х10/20/28м), салтанатты сыртқы қасбеті бар. Беткі жағының шығып тұрған бөлігі бағана түріндегі сәнді кірпішті қалаумен безендірілген. Оған екі ірі фронтон тіреліп тұр. Бағаналардың арасындағы кеңістікті маңдайшалармен жиектелген биік терезелер алып жатыр. Ғимараттың екі ірі шатыры бар, ол темір жабылғымен жабылған. Ғимараттың фризі сыртқы жағынан да, аула жақтан да сәнді кірпішті қалаумен безендірілген.

Ғимараттың ішкі кеңістігі қапталды түрде ұйымдастырылған. Ұзын дәліз (35,8х3,6м) ені 6 м, ұзындығы 7,5 метрден 9 метрге дейін жететін сынып бөлмелерін біріктіреді. Дәліздің бүйір жағынан әкімшілік бөлмелер ретінде пайдаланылған кішірек бөлмелер жалғанып соғылған. Оңтүстігіндегі жалғанған құрылыстардың бөлек кіреберісі бар, және сәйкесінше екі және бес бөлмені жалғайды. Бөлмелер мен дәліз шойын пешпен жылытылған. Мектеп ғимараты қаланың орталық көшелерінің кварталдарының бірінде орналасқан және ХХ ғасырдың басына жататын үй салудың сәулеттік дәстүріне жатады.

 

Тарихы:

Ғани Мұратбаев (3.06.1902, Қазалы ауданы – 15.04.1925, Мәскеу) – Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері. Қазалыдағы орыс – қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін (1910 – 1918), Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын (1919 – 1920), Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін (1920 – 1921) бітірген. 1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып қабылданып, бірер жыл қалалық, уездік комитетте жұмыс істеді. 1924 – 1925 жылдары Ресей Лениншіл Коммунистік Жастар одағы ОК-нің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Ол Коммунистік Жастар Интернационалының 3-4-конгрестерінің, Коминтерннің 4-конгресінің делегаты болып сайланды. Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мәскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді. Ғ. Мұратбаев Хорезм республикасының Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Қазалы қаласында мемориалдық мұражайы ашылды. «Біздің Ғани» атты көркем фильм, «Осындай қысқа ғұмыр» атты деректі фильм түсірілді.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Асан ата кесенесі, ХVІ ғасыр
2 / 5
Сырлытам кесенесі, ХІІ-ХІІІ ғасырлар
3 / 5
Айқожа кесенесі, ХVІІІ-ХІХ ғасырлар
4 / 5
Шіркеу, қазіргі - теміржолшылар клубы ғимараты, 1904 жыл
5 / 5
Жанкент (Янгикент) қалашығы, ІХ-ХІ ғ.ғ.

Ақпарат

    Записей не найдено.