Қалқай ишан кесенесі
Мекен жайы: Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 23.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Қалқай ишан кесенесі,
ХІХ ғасыр
Қалқай ишан Марал ишанның ұлы. Деректер бойынша ескерткішті Түркістан шебері салған. Ескерткіш тікбұрышты қам кесектерден тұрғызылған. Кесене екі камералы (жерлеу және кіреберіс камералары), олар призматикалық қабатқа кіреді. Жерлеу камерасы тегіс күмбезбен көмкерілген, күмбез асты барабанмен жалғасыпжатыр. Камера негізінің шаршысынан күмбез дөңгелегіне дейін өтпе желкендер арқылы жүреді. Жерлеу камерасына кіреберіс камерасы оңтүстік-батыстан жалғасып жатыр, ол пішіні тікбұрышты келген, биік күмбезбен жабылған, қапталдағы қабырғаларында аркалық текшелер салынған. Бұл камераның (оңтүстік-батыс) негізгі қасбеті бетше босаға түрінде болып келген, оның орталық бөлігінде биік аркасы бар. Қам кесектердің және парустардың орналасуынан жергілікті дәстүрдің белгілері, ал негізгі қасбеттен Қожа Ахмед Яссауи кесенесіне ұқсастықтардың байқалуы, Қалқай кесенесінің өзгеше ерекшеліктерін аңғартады. Бұл Сырдария өзен арнасындағы шикі кірпіштен салынған монументалды кесене болғандықтан да ерекше.
Қалқай ишан
«Сыр елі ишандары» атты тарихымызға енген жәдігерлердің арасында Қалқай есімі ерекше аталады. Ал оның әкесі Марал ишанның қадыр-қасиеті туралы бірнеше жинақтар мен баспасөз беттерінде жазылып жүр. Сыр мен қырға (Арқаға) Қалқайдың есімі жайылып, ол жайлы аңызға бергісіз әңгімелер бүгінгі күнге де жеткен еді. Солардың бірінде емі шипа болып, науқастардың сауығып кететіні, мәселен, өтірікшінің суайттығын және ұрылардың сұғанақтығын қойдырғаны жайлы айтылады.
Марал ишанның: «Қалқай балам қасымда қалқайып жүрсе, қалғандары соның маңында болатынын сеземін» деген сөзі де ел аузында жақсы сақталып келді. Атақты ишан сенген Қалқайы артынан ерген інілері мен ағайын-туысқа ғанаемес, Қараөзек бойына (Қосқорған маңына) қоныстанған жүзге жуық шаңыраққа, яғни Керей ағайындарына да басшылық жасады. Жұртшылықтық ол қалап жүріп 80 жерден бөгет салып, егін егуге жұмылдырады. Қараөзек өзенінен саға алып арық қаздырған. Сол арық күні бүгінге дейін «ишан» арығы деп аталып келеді. Қалмұхамед ишан (Қалқай) қазіргі Қармақшы ауданының жерінде, атақты Қарабдалда туған. Бұхара мен Бағдат қалаларындағы ірі діни медреселерінде оқып (шамамен 25 жыл оқыған деседі) келіп, туған өңіріндегіәкесі Марал ишан мешітінде жастарды мұсылмандық ілім жолына оқытады. Ұрпақтарының айтуынша, Қалқай ишан жас балаларға діни бағытта тәлім-тәрбие беріп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрі, қисса жырлары туралы да мағлұмат береді екен. Бұл сөздің шындық екенін М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы «Қалқай молданың қолжазбаларының» және «Ер Қосай» жырының сақталғандығы да дәлелдеп тұр. Бұл эпосты 1940 жылы ауыз әдебиетінің жанашыры Асайын Хангелдин тапсырыпты. Бірақ Қалқайға бұл қиссаны кім бергені туралы жазылмаған. Филология ғылымдарының докторы, көрнекті ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақ эпосы және түркология» (1987 ж.) атты еңбегінде: «Қамбар» жырының Ә.Диваев, Б.Нұрымжанов, Ш.Қошқарбаев, Н.Баяндин, Мұқамбайұлы Бармақ, Қалқай молда нұсқалары бар десек, ондағы айырмашылықтарды ескісі, жаңасы деп қана бөлген жөн…» деп көрсетеді. Сондай-ақ Перовскі мен Қазалы уезіндегі шенеуніктердің өздерінен жоғары бастықтарына жазысқан қатынас жазбаларында сиректеу болса Қалмұхамед есімі кездеседі. 1859 жылы жазылған мұрағат құжатында ел арасындағы араздықты тоқтауға 1859 жылы Қалмұхамед ишанның араласқаны жазылса, Найман руын басқарушысы Қаңлыбай Досұлының Коллегиялық кеңесші Осмоловскіге жазған 10 қаңтар 1862 жылы Перовскі фортынан жазған рапортында керей руынан Қалмұхамед ишан Маралұлы түтін пұл жинағандығы көрсетілген. Қазалы уезінің 1896 жылғы құжаттарының бірінде кездесетін «…Уезде қазақтардың аса құрметпен қарап, әулиелігіне тәнті адамдардың арасында есімдері ерекше аталатын Қосымқожа, Сейітпенбет, Қалқай ишан ұрпақтары…» дейтін мәліметтен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Мәселен, Алтын Сейітжан ақын: «Маралдың бел баласы Қалқай, Елібай, Аруаққа ие болып шықты бұлар» деп жырлаған. Ал атақты би, арғын Шегенбидің ұлы Бірімжан Марал ишан қайтыс болғанда ауыр қайғыдан басын көтермей жатыр дегенді есітіп Қалқайға көңіл айтыпты. Кеңестік кезеңде өмір сүріп, дарқан қазақ даласындай болған академик, жазушы Сәбит Мұқанов өзінің шығармаларында Қалқай Маралұлының өмір жолына біршама тоқтап өткен. «Мөлдір махаббат» романында: «…Сырдың жағасында» Қармақшы деген жер бар, сонда атамыз Малдыбайдың баласы Қалқай, немерелері – Тобағабыл ишан тұрады екен» дейтін жолдары бар. Сәбиттің «Аққанжұлдыз» романының бірінші кітабында (1967 ж.) «Шалдар Шоқан» атты бөлімінде: «…Зейнеп, келер жылдың көктемінде босанып, ұл туды. Бұл кезде, ана жылы патшаға қарсыға зауат ашып, қарулы әскерден жеңілгеннен кейін Сыр бойына ауып кеткен Марал ишанның түскен баласы – Қалқай ишан Шыңғыстың үйінде жатыр еді. Маралдың Сырға ауғанға дейінгі мекені – Аманқарағай ішіндегі Әулиекөлде. Оның «Әулие» аталуы да сондықтан болатын…» деп жазыпты. Демек, бар өмірін Сыр өңірінде өткізген Қалқай ишан бабаларының туған жері мен қатынасын үзген емес. Кейбір зерттеушілер Қалқайды молда деп атаған. Ал ол шын мәнінде Қалқай ишан деп аталған. Ишан дегеніміз, дін саласындағы ірі оқымысты, атадан балаға жалға сатын атау. Оның азан айтып қойған есімі – Қалмұхамед. Мұрағаттағы құжаттарда Қалмұхамед Маралов болып жазылған. Келе-келе есімін айтуға оңай болсын деп Қалқай атандыруы мүмкін. Қалқайдың балалары – Тобағабыл, Әбдірахман, Мамырбайлар да өз кезеңдерінде ишан атанғандар. Қалқай ишан ұрпақтары 1916 жылғы азаттық күресінде және кешегі кеңестік кезеңде небір қиын оқиғаларды бастан кешірді. «Ишан ұрпақтары» деген желеумен қудаланып, олар Өзбекстан, Тәжікстан асты, тіпті кейбірі ұсталып қалып, ауыр жазаланған екен. Қалқай ишан өмірден озарда: «Қарақтарым, анау тұрған Марал бабамның үйтамынан менің үйтамым биік болмасын» деп балаларына өсиет айтыпты. Не деген әділеттілік, не деген әкеге деген құрмет десеңізші! Бірақ құрылысшы, сәулетші-ұста Қалқай ишанның зиратын Марал баба ескерткішінен сәл биік етіп өреді. Ұста ертеңінде келсе сол биік жері опырылып, құлап түсіпті. Сол құрылыс бейнесін 1995-1996 жылдарда түсірілген фотосуреттен анық көруге болады. Қалқай ишанның неліктен екі ғасырға жуық уақыт ішінде аты ұмытылмай келгендігіне тоқталайық. Біріншіден, асқан білімді, ілімді болуы, екіншіден, әділеттілікті, әдептіні сүйгені, үшіншіден, қоғамның, ислам дінінің өркен жаюына белсене атсалысқан діни қайраткер, ғұлама болғандығы, төртіншіден, қазақ халқының салт-дәстүрін, қисса-жырларды жинап, халық игілігі үшін қызмет етуінде болса керек.