Теміржол вокзалы ғимараты

Мекен жайы: Қармақшы ауданы, Жосалы теміржол стансасы

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 23.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Теміржол вокзалы ғимараты,
ХХ ғасыр

Ғимарат Ташкент – Орынбор теміржолын салу кезінде тұрғызылған. Орынбор-Ташкент темір жолы 1901-1905 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Жалпы ұзындығы 2090 км, оның ішінде қазақ жері арқылы өтетін бөлігі 1660 км. Орынбор-Ташкент темір жолын салу ісі Николай ІІ патшаның 1901 жылдың 21 сәуірдегі бұйрығы негізінде қолға алынды. Орыс үкіметінің Орынбор-Ташкент темір жолын салудағы басты мақсаты Ортадық Азия үшін Англиямен арадағы бәсекелестікте жеңіп шығу, өлкедегі арзан шикізат қорын Ресейге тасу, Түркістан өлкесіне тура шығу болды. Салынатын жолдың бүкіл желісі әкімшілік жағынан екі бөлікке бөлінді. Жолдың оңтүстік бөлігі (Ташкент – Көбек) Түркістан өлкесі Сырдария облысының аумағы бойынша, cолтүстік бөлігі (Орынбор – Көбек) Орынбор губерниясы, Торғай облысының және Орал облысы Темір уезінің аумағы бойынша өтетін болып белгіленді. Құрылыс Орынбор жағынан 10 мамырда, ал Ташкент жағынан 9 қарашада басталды. Бұған 70 млн. сом қаржы жұмсалды, 40-50 мың жергілікті тұрғындар жұмыс істеді. 1904 жылы 1 қаңтарда бүкіл Орынбор-Ташкент темір жолы бойынша поездардың уақытша жүрісі ашылды. Солтүстік бөлігі толық аяқталып, 1905 жылы 25 шілдеде, оңтүстік бөлігі 1906 жылы 1 сәуірде пайдалануға берілді. 1905 жылы 1 қаңтардан бастап Орынбор – Самара – Златоуст жолының телімі, ал 1906 жылы 22 шілдеден бастап Орта Азия жолының Ташкент станциясы Орынбор-Ташкент темір жолына қосылды. Соның нәтижесінде жаңа желінің жалпы ұзындығы ұлғайды. Бес ірі станса –Ақтөбе, Шалқар, Қазалы, Перовск (Қызылорда), Түркістан Қазақстанның Ресеймен және Орталық Азиямен байланыс торабына айналды. Жол басқармасы Орынбор қаласында болды. Орынбор-Ташкент темір жолы қазіргі кезде Қазақстанның оңтүстік және батыс аудандарын Ортадық Азия республикаларымен, Ресеймен, Кавказ және Шығыс Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі темір жол желісі.

Жосалы стансасындағы теміржол вокзалының перроны батыс жағынан жалғасқан, шығыс қасбетімен вокзал алды алаңына қарап тұр. Ғимараттың жоспары Санкт-Петербургте жасалған, материалдар Санкт-Петербург және Орынбор қалаларының мұрағатында сақталған. Ғимарат тікбұрышты, күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған, төбе жабынының құрылымы, жабынды арқалығы, едендері, терезе кәсектері, есіктері ағаштан істелген, шатыры темір қаңылтырмен жабылған. Ғимарат үш биік ризалиттермен және аласа бөлмеден тұрады, олар өзара байланысып жатыр, осындай аласа ғимараттар шеткі ризалиттерге жалғастырылып салынған. Кіреберіс вестибюльмен бірге орталық ризалитте орналасқан, ал қалған кең бөлмелер бірінші және екінші күту залдары, ал төменгі аймаққа-қызмет көрсету орындары (асхана және т.б.)орналасқан. Негізгі кіреберіс вокзал жанындағы аймақтан аркалық қуыс ретінде салынған, пилястрамен өрнектелген. Бұл кіреберістің сән-салтанатын оған апарар баспалдақтар да толықтырып тұр. Қапталдағы ризалиттер де пилястралармен және аттиктермен өрнектелген. Ғимараттың қасбеті жалпы мәнерлі кірпіш қаландыларынан жасалған. Ғимарат бірнеше бөлмелерден тұрады, олардың есіктері бір-бірімен жалғасып жатыр. Ғимараттың сәулетінде көркемдік және жүйелілік өз үйлесімділігін тапқан, осындай сәулеттік құрылыстар ХХ ғасырдың «модерн» стиліне сәйкес келеді.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Айтбай мешіті, 1878 жыл
2 / 5
Қожан қожа кесенесі, ХVІІІ ғасыр
3 / 5
Оқшы ата кесенесі, ХІ ғасыр
4 / 5
Қарасопы кесенесі, ХVІІІ-ХІХ ғасырлар
5 / 5
Молқалан (Молла-Қалан) кесенесі, ХVІ ғасыр

Ақпарат

    Записей не найдено.