Еламан мұнарасы

Мекен жайы: Қармақшы ауданы, Қуаңдария ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 44,3 шақырым

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 23.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Тарихы: Ескерткіш сыры ашылмаған мұнаралардың қатарына жатады, ол қандай да бір адамның құрметіне арналып тұрғызылған, бірақ ішінде адам жерленбеген. 

Сырдарияның төменгі ағысы бойында құнды тарихи сәулет ескерткіштері көптеп кездеседі. Орта Азияның жазық даласында көшпенді ортада қалыптасқан қайтыс болған адамның басына антропоморфты стелла орнату немесе кей – кезде ағаш отырғызумен аяқталатын (өмірдің әлемдік ағашы идеясын жүзеге асыру сияқты) қорған салу көне дәстүрі Х-ХІ ғғ. Қазақстанда «мұнаралы» деп аталатын кесенелердің пайда болуына тікелей әсерін тигізді. Б.д.д І мыңжылдықтың басында Сырдарияның төменгі ағысында (Түгескен кешенінің 5 кесенесі, б.д.д. ІХ-ҮІІ ғғ.) б.д. І мыңжылдықтың аяғында (Діңгек, Домбауыл, Қозы Көрпеш - Баян сұлу) басталған стеллалы қорған құрылыстары мен ағаш егілген мұнаралы кесенелердің күрт өсу үрдісінің нәтижиесінде Ақсақ қыз, Бегім Ана, Сараман – Қоса (Х-ХІ ғғ. Қызылорда обл) сияқты тамаша бірегей монументті мұнаралы құрылыстар пайда болды.

Сәулет өнерінде мұнаралардың алғашқы формасы қашан, қай уақытта салынды деген сұраққа жауап беру қиындау. Дегенмен, мұнаралар тұрғын – жай құрылысында алғашқы кезеңде ақ маңызға ие болды деуге негіз бар. Алғашқы адамдар өздерін және жанұяларын қорғау мақсатында алғашқы үй – жайдың түрлерін жасап, сол арқылы сыртқы жаудан қорғанып отырды. Мұнара құрылысының түп – тамыры алғашқы қорғану қызметінде пайда болды деп топшалауымыздың негізі осында. Ежелгі сәулет өнерінде мұнаралардың көрініс табуы - грек аңыздары мен әр халықтардың ауыз әдебиеттерінде және жазба әдебиеттерде де көрініс тауып отырды. Мұның өзі мұнаралар тарихының тереңдігін көрсетсе керек.

Ал Қазақ халқында ата – бабаларды мәңгі есте сақтау, оларды құрметтеу идеясы (көшпенді қоғамда артта қалған ұрпақтың ұлы мұраты болып саналған) көкке ұмтылған кесенелерде өз көрінісін тауып отырған. Дәл осы кезеңде мұнаралы кесенелер де осы функцияны атқарды. Ол қарапайым әрі монументальды, ал формасы іштей сыйымды. Сонымен қатар олар Еуразияның шексіз кең даласында біршама кейін пайда болған бірқатар белгілі мұнаралы кесенелердің прототипі болып табылады.

  Мұнара құрылысын жүргізуде екінші бір ерекшеліктің болғандығын атап көрсеткенді жөн санап отырмыз. Бұл ерте  кезеңдерде – ақ қалыптасқан қазақ халықының көші – қон мәселесінде мұнаралардың орналасуына қатысты туындаған мәселе. Әр жүздің, әр рудың, әр аталықтың өзіне белгіленген жайылымдық жерлері болды десек, сол жайылымдық жердің шеткі нүктелеріне белгілі бір тұлғаның атақ – дәрежесін ескере отырып, мұнаралар тұрғызып отырған. ХҮІІІ-ХІХ ғасырда бұл жайылымдық жердің қай руға тиесілі екендігін көрсетсе, екіншіден белгілі бір байдың, болыстың сол төңіректегі атақ- дәрежесінің артқан көрінісі ретінде салынғандығын айта кету керек. Әлемдік тәжірибиеде мұнаралардың типтік жүйесі ертеден қалыптасты. Мұнара әртүрлі мақсаттарға салынды.

Қай кезеңде болмасын мұнаралар тек жақсы мақсаттарға тұрғызылған. Мұнаралар азаматтық, әскери және табынушылық бағытта салынған сәулеттік құрылыс болып табылады. Сонымен қатар, Сыр бойындағы кейбір мұнаралар белгілі бір болысқа, биге, батырға арнап тұрғызылғандығын ескеру керек. Ол негізінен сол кісінің не тұлғаның атақ даңқының асқақтығы деген халық түсінігінен туындаған. Халық арасында мұнара қанша биік болса сол кісінің атағы да соншалықты асқан деген ауызекі сөз де сақталған.

Ортағасырлық мұнаралар туралы алғашқы дереккөздер ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап кездеседі. Осылайша Ресей патшалығы әскерінің генералы А.Макшеевтің еңбегінде Бегім ана, Сараман-Қоса және Ұзынтам мұнараларының сипаттамалары алғашқы болып беріледі. 1865 жылы Сыр өңірінде жұмыс сапарымен әскер сапындағы тарихшы Л.Мейер болып өткен. Ол ортағасырлық Жанкент қалашығының сипаттамасын бере отырып, Бегім ана мұнарасы туралы келесі мәліметті жеткізеді: «одан (Жанкенттен) он шақырым (1 верста = 1066,8 м) жерде бейіт орналасқан, (ол) күйдірілген кесектен тұрғызылған сегізбұрышты мұнара секілді, биіктігі 8 қарымды (1 сажень = 2,1 м.) құрайды, (ол) Бик-мен-ана атауымен белгілі». Бұл киелі мұнаралар туралы кезекті деректер Түркістан әуесқойлар үйірмесі мүшелерінің жазбаларында кездеседі. 1897 жылы Түркістан үйірмесінің кезекті отырысында И.Аничков Сырдарияның төменгі алқабында орналасқан ежелгі ескерткіштерге жүргізілген зерттеу жұмыстарының есебін береді. Баяндамада зерттеуші Сараман-Қоса мен Бегім ана мұнараларына тоқталып өтеді. Есептің мәтіні баспаға түсіп, оған қосымша Сараман-Қоса мұнарасының суреті бірінші рет жарияланады. Кейіннен 1910 жылы Л.Мейер мен И.Аничковтың жинаған мәліметтері И.Кастаньенің дайындаған «Қырғыз даласы мен Орынбор өлкесінің ескерткіштері жинағына» кіреді. Сонымен қатар, Бегім ана және Сараман-Қоса мұнаралары туралы қысқаша мәліметтер «Қазақстанның археологиялық картасында» бар.

Ескерткіштерге жоспарлы зерттеу жұмыстарын 1983-1986 жылдары Қазақ КСР-нің Орталық Кеңесі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедициясы жүргізген. Далалық зерттеу барысында, бұған дейін А.Макшеев атап өткен  Ұзынтам мұнарасы архитектуралық әдіспен зерттеліп және Бегім ана мен Сараман-Қоса мұнараларын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Экспедиция мүшелері мұнаралардың қасбетінің, жоспарының және қимасының сызбаларын сызады. Атап өтетін жайт, жұмыс барысында алғашқы рет Қызылорда облысында орналасқан сәулет ескерткіштерінің төлқұжаттары дайындалған. 

Сипаттамасы: Мұнара ХІХ ғасырдағы зираттың аумағындағы төбеде орналасқан. Мұнара қам кесектен қыш қоспамен қаланған. Мұнара пішіні дөңгелек, іші қуыс, жоғарғы бөлігі тартылған (қабырғалары да жұқарады және қалыңдығы 0,75 м құрайды). Мұнараның сыртқы өлшемдері: биіктігі – 7,9 м, сыртқы диаметрі – 3,29 м, ішкі – 1,12 м, қабырға қалыңдығы 1,0 м. Есігі сүйір аркамен жабылған, оңтүстік батысқа бағытталған. Ішкі бөлігі төрт қабаққа бөлінген, олар бір-бірімен зенитті ойыстар арқылы жалғанған,  ал жоғарғысы төбеге бағытталған. Мұнара қазақ ұлттық сәулет өнерінде сирек кездесетін мемориалды құрылыстарға жатқызылады, мұндай мұнаралар тек Шығыс арал маңында ғана кездеседі. Мұнараның жоғарғы бөлігі қираған. Қабырғалардың сыртқы сылағы едәуір құлаған.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Сырлытам кесенесі, ХІІІ ғасырлар
2 / 5
Шірік-рабат қалашығы, б.з.д. V-ІІ ғ.ғ.
3 / 5
Асан ата кесенесі, ХVІ ғасыр
4 / 5
Бақатам кесенесі, ХІХ ғасыр
5 / 5
Баланды ІІ кесенесі. б.з.д. VІ-ІІ ғасырлар

Ақпарат

    Записей не найдено.