Су қыспақты мұнара
Мекен жайы: Қармақшы ауданы, Қорқыт ата теміржол стансасы
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Су қыспақты мұнара,
1902 жыл
Тарих және мәдениет ескерткіштің бір түрі мұнаралар сәлет өнер тындысының ерекше бір үлгісі болып табылады. Сәулет өнерінде мұнаралардың алғашқы формасы қашан, қай уақытта салынғандығы белгісіз. Сонымен қатар, мұнаралар туралы ежелгі жазбаларда көптеп айтылады. Әлемнің жеті кереметінің біріне саналатын Александрия шамшырағының мұнарасы ежелгі дәуірлерде – ақ өзінің ерекше құрылысымен тарихта қалса, кейін Вавилон мұнарасы да көркемдік келбетімен тарих қойнауынан орын алды. Ежелгі сәулет өнерінде мұнаралардың көрініс табуы - грек аңыздары мен әр халықтардың ауыз әдебиеттерінде және жазба әдебиеттерде де көрініс тауып отырды. Мұның өзі мұнаралар тарихының тереңдігін көрсетсе керек. Әлемдік тәжірибиеде мұнаралардың типтік жүйесі ертеден қалыптасты. Мұнара әртүрлі мақсаттарға салынды.
Қай кезеңде болмасын мұнаралар тек жақсы мақсаттарға тұрғызылған. Мұнаралар азаматтық, әскери және табынушылық бағытта салынған сәулеттік құрылыс болып табылады. Сонымен қатар мұнаралар қалаларда төбеден бақылау мақсатында яғни өрттің алдын алу, вокзалдарда, әскери комиссарияттарда, су айдау жүйесінде, ортағасырларды обсервоторияларда аспан әлемін бақылау сияқты қызметтер атқарып отырған.
ХХ ғасырдың басында бумен жүретін паровоздарды сумен қамтамассыз ету үшін салынған мұнаралар. Кейін халықты ауыз сумен қамтамассыз ету мақсатында пайдаланылып келе жатқан мұнаралар. ХХ ғасырдың басында Орынбор – Ташкент темір жолын салудағы кешендік ғимараттарға жатады. Сыр бойында осындай 38 су қыспақты мұнара тұрғызылған. Қазіргі таңда бұлардың көбісі жұмыс жасап тұр. Сәулеттік үлгілері көпқырлы әр түрлі үлгіде салынған. Ресей сәулеттік үлгісінде салынған су қыспақты мұнаралар биіктігіне қарай, сыйымдылығына қарай да бөліп қарастыруға болады. Сыр бойындағы су қыспақты мұнаралар сәулеттік келбеті жағынан бір – бірінен ерекшеленгенімен негізгі құрылыстық формасы ұқсас келеді. Сыр бойы су қыспақты мұнараларының жоғарғы қабатында су сақтайтын орын болса, төменгі қабаты күйдірілген тікбұрыш форматты айшықталып қаланған қыштар ал, жоғарғы қабаты ағаштан салынған болып келеді. Негізгі биіктіктері 15-28 метрді құрайды. Кейбір мұнаралардың жоғарғы маңдайшалы бөлігінде терезелер орналастырылған. Терезелердегі ұқсастықтар аркалы немесе ниша тәріздес болып келеді.
Ескерткіш теміржол вокзалы кешенінің құрамына кіреді. Орынбор-Ташкент теміржолын салу кезеңінде тұрғызылған. Мұнара тікбұрышты келген күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, жалпы биіктігі-17 м, диаметрі-7,2 м, қабырғаларының қалыңдығы-1,2 м. Ол сегіз жақты екі сатылы: төменгі саты кірпіштен қаланған (биіктігі 11,8 м), жоғарғысы-ағаштан жасалған (4 м). Кірпіштен жасалған сатының төменгі бөлігінде үш терезе және кіреберіс есік салынған, ол шығысқа бағытталған. Терезе ойықтарының үстінен үшбұрышты үшкіл маңдайша түріндегі сандриктер салынған. Шеттегі тар қуыстар жарты цилиндрлі күмбезбен көмкерілген. Кірпішті бөлігі екі сатылы цоколь мен «кепкен нан» тәрізді сыртқы ернеуден тұрады. Тас сүңгілер аралығына кішкентай төрт терезе салынған. Жоғарғы ағаш сатыда төменгіге кіріп тұрған терезе салынған. Мұнараның төбесітемір шатырмен жабылған және сегізжақты фонарьмен жалғасады. Кіреберістен солға қарай баспалдақ салынған, ол екінші сатыға, яғни су жинайтын жерге апарады. Мұнара Ресей өндірістік және азаматтық архитектурасында кеңінен таралған «кірпішті стильде» салынған. Ескерткішті 1986 жылы «Қазжобақалпынакелтіру» институтының экспедициясы зерттеген.