Теміржол вокзалы ғимараты, 1905 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Ғимарат Ташкент-Орынбор теміржолын салу кезінде тұрғызылған. Орынбор-Ташкент темір жолы – 1901-1905 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Жалпы ұзындығы 2090 км, оның ішінде қазақ жері арқылы өтетін бөлігі 1660 км. Орынбор-Ташкент темір жолын салу ісі Николай ІІ патшаның 1901 жылдың 21 сәуірдегі бұйрығы негізінде қолға алынды. Орыс үкіметінің Орынбор-Ташкент темір жолын салудағы басты мақсаты Орталық Азия үшін Англиямен арадағы бәсекелестікте жеңіп шығу, өлкедегі арзан шикізат қорын Ресейге тасу, Түркістан өлкесіне тура шығу болды. Салынатын жолдың бүкіл желісі әкімшілік жағынан екі бөлікке бөлінді. Жолдың оңтүстік бөлігі (Ташкент – Көбек) Түркістан өлкесі Сырдария облысының аумағы бойынша, cолтүстік бөлігі (Орынбор – Көбек) Орынбор губерниясы, Торғай облысының және Орал облысы Темір уезінің аумағы бойынша өтетін болып белгіленді. Құрылыс Орынбор жағынан 10 мамырда, ал Ташкент жағынан 9 қарашада басталды. Бұған 70 млн. сом қаржы жұмсалды, 40-50 мың жергілікті тұрғындар жұмыс істеді. 1904 жылы 1 қаңтарда бүкіл Орынбор-Ташкент темір жолы бойынша поездардың уақытша жүрісі ашылды. Солтүстік бөлігі толық аяқталып, 1905 жылы 25 шілдеде, оңтүстік бөлігі 1906 жылы 1 сәуірде пайдалануға берілді. 1905 жылы 1 қаңтардан бастап Орынбор – Самара – Златоуст жолының телімі, ал 1906 жылы 22 шілдеден бастап Орта Азия жолының Ташкент станциясы Орынбор-Ташкент темір жолына қосылды. Соның нәтижесінде жаңа желінің жалпы ұзындығы ұлғайды. Бес ірі станса –Ақтөбе, Шалқар, Қазалы, Перовск (Қызылорда), Түркістан Қазақстанның Ресеймен және Орталық Азиямен байланыс торабына айналды. Жол басқармасы Орынбор қаласында болды. Орынбор-Ташкент темір жолы қазіргі кезде Қазақстанның оңтүстік және батыс аудандарын Орталық Азия республикаларымен, Ресеймен, Кавказ және Шығыс Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі теміржол желісі болып табылады.
Сипаттамасы: Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы ғимараты 1905 жылы орыс сәулет өнерінің үлгісінде күйдірілген кірпіштен салынған. Қазіргі кезде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне алынған. Вокзал Орынбор – Ташкент теміржолын салу кезеңінде тұрғызылған. Перроны солтүстік жағында орналасқан, оңтүстік қасбетімен вокзал маңы алаңына қарап тұр. Вокзал ғимараты тікбұрышты форматты күйдірілген кірпіштерден қаланып тұрғызылған, іргесі нығыздалған үйінді топырақ түрінде болып келген. Ғимарат перрон бойымен созылған және бір бірімен қосылған үш биік ризалиттер түріндегі маңдайалды композицияға ие. Орталық ризалитте вестибюль, басқа екеуінде – бірінші және екінші дәрежелі күту залдары, төменгі бөлігінде – қызметтік бөлмелер орналасқан. Кіші стансалардың вокзал құрылыстарынан ерекшеленетін бұл ғимарат Оңтүстік Қазақстанға тән жағдайлар ескеріліп салынған орыс моделінің үлгісі болып саналады. Ғимарат Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz/be/10-pamyatniki-kaz/176) картасына енгізілген. QR-код тақтайша орнатылған.