Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш, 2000 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, ІІІ-ірілендірілген квартал
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 28.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын ―Қорқыт деп қойған дейді. Қорқыт сөзінің этимологиясын Ә.Қоңыратбаев ―құтты адам, құт әкелетін адам деп көрсетсе, С.Қасқабасов ―өмір сарқылды, адам өлді деген мағынаны білдіреді деп санайды. Е.Тұрсынов түркі халықтарының фольклорына сүйене отырып, ―дада, деде деген сөздерді ―насихат айтушы жырау деп түсіндіреді. В.Жирмунский Қорқыт Атаны магиялық аспап – қобыздың иесі, шаман, абыз ретінде қарастырады.
ҚОРҚЫТ АТА КІТАБЫ– қаһармандық эпос үлгісі, оғыз-қыпшақ дәуірінің жазба мұрасы. ғылымда оның он екі нұсқасы мәлім: Дрезденде (12 нұсқа) және Ватиканда (6 нұсқа) сақталған. 19 ғ-да бұл жазба ескерткішті зерттеп, аудару ісімен академик В.В. Бартольд айналысып, жеке тармақтарын жариялады. Кейін бұл аударма ―Деде Горгуд (Баку, 1950), ―Книга моего деда Коркута (М.–Л., 1962) деген атпен жарық көрді. Ә.Қоңыратбаевтың аударуымен қазақ тілінде 1986 ж. тұңғыш рет басылды. Әдеби әрі тарихи этник. мұра ретіндегі ―Қорқыт Атаның кітабында қазақ эпосына тән көркемдік кестелермен қатар қазақ тарихы мен мәдениетіне қосатын деректер де мол. Сондай-ақ жазбада оғыз тайпаларының этникалық тегі, этнографиясы, мекені, әлеуметтік жағдайы, т.б. мәліметтер көп сақталған. Кітаптың 1300 жылдығы 1999 ж. ЮНЕСКО тарапынан халықараралық деңгейде атап өтілді, ―Қорқыт ата энциклопедиялық жинағы жарыққа шықты. ―Қорқыт Атаның кітабы Қазақстанда М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов, М.Жолдасбеков, Ш.Ыбыраев, Т.Қоңыратбай, т.б. еңбектерінде зерттелген. 1999 жылдың 17 сәуірінде Парижде Қорқыт ата кітабының 200 жылдығы атап өтілді. Франция астанасында ЮНЕСКО концерт залында ЮНЕСКО-ның 70 жылдық мерейтойының аясында «Қорқыт ата» кітабының алғаш жарыққа шығуының 200 жыл толуына орай Халықаралық Түркі академиясымен бірлесіп Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан және Түркияның Тұрақты өкілдіктерімен салтанатты концерт ұйымдастырылды. Шараға жоғары ұйым хатшылығының өкілдері, түркітілдес мемлекеттерден мәртебелі меймандар мен дипломатиялық миссияның және Франциядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Қорқыт ата кітабы тұңғыш зерттеушісі неміс ғалымы Н.Ф.Диц өзінің "Аталар сөзі" атты түркі мақалдардың жинағында Қорқыттың Оғыз ұрпағынан шыққан, көп халықтардың әулие тұтатынын ескертеді. Зерттеушілердің айтуынша Қорқыт ата кітабы бір жылда жасалған не бір ғана оқиғаға байланысты пайда бола қалған шығарма емес, ол халықтардың ауыз әдебиетінде ғасырлар бойы айтылып келген аңыздар мен жырлар негізінде қалыптасқан. Ол ертеде жыр, ертегі, әңгіме түрінде өмір сүріп келген, кейін біріктіріліп, үлкен бір эпосқа (жырға) айналған. Қорқыт ата кітабы 12 жырдың қосындысы десек, онда он шақты ғасыр ішінде өмір сүрген, он шақты ру, тайпа ұлытарының өткен дәуіріндегі оқиғалар суреттеледі. Жыр оқиғасының бірі Алтайда болса, енді бірі Орта Азия, Жетісу өңірінде немесе Сыр бойында, Сардала мен Кавказда өтіп жатады. Бұлай болуы оғыздардың бір кездерде сол өлкелерді жайлап өткендігіне байланысты еді. Сондықтан Қорқыт ата кітабын бір ел, не бір ғана халық ие боп меншіктей алмайды,онда бірнеше халықтың үлесі бар. Қорқыт бабамыз асқан күйші ғана емес, қазақ музыкасының, ән-күй өнерінің атасы. Оның шын мәніндегі күйші-композитор болғандығын ел ішінде сақтаған "Қорқыт күйі", "Қорқыт сарыны" атты шығармалары дәлелдейді. Күйші шығармаларында халық пен елдің тағдырын, болашағын ойлап, қамығады, адамдардың қайғы-қасіретіне ортақтасып, мұң-шерін бөліседі. Өмірдің мәні бақытты ғұмыр жайында тебіреніп, тереңнен ой толғайды. «Қоңыр» күйде қылқобызда орындалатын, өзіне ғана тән, көптеген тәсілдер кездеседі. Бір — бірінен желісі үзілмей сабақтасып жататын бірнеше сарыннан тұрады. Қорқыт күйлерінің көбісі басынан бастап соңына жеткенше екпіні бірнеше рет өзгеріп тұрады. Күй шоқтығы биік, парасат пен адамгершілікке, өмір жайында толғанысқа толы болып келеді. «Жалпы Қорқыт күйлерінің бір ерекшелігі — ол әуендік байланысы мен бір–бірімен сабақтастығында. Бір күйдегі нақыш –саз, екіншісінде ашық және жасырын түрде де қайталанады»- деп жазады белгілі қылқобызшы М. Жарқынбеков.
Сипаттамасы: Ескерткіш өзінің көлемдік-кеңістіктік жобалануы жағынан монументальдық пішінімен еркешеленеді. Авторы – Жәркен Ысмағұлов. Биіктігі 12 м. Бұл үлкен архитектуралық кешен. Бұл көркем туынды қасиетті Сыр өңірінің символы ретінде баршаға танымал болды. Биік етіп көтерілген тұғырға орнатылған үш қырлы бөлік ішкі ойығы арқылы қобыз бейнесін көрсетеді. Ортасында желмаяға мінген Қорқыт Ата қобызымен бейнеленген. Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz/be/10-pamyatniki-kaz/193) картасына енгізілген. QR-код тақтайша орнатылған.