Асанас қалашығы,VІІ-ХV ғ.ғ.
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылынан батысқа қарай 8 шақырым
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 28.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Асанас – орта ғасырлардан сақталған көне қала орны. Асанас қаласы Қызылорда қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 48 шақырымда, ал Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылынан оңтүстік-батысына қарай 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Жазба деректерде моңғол шапқыншылығынан бастап белгілі. Жауға табанды қарсылық көрсеткендіктен жермен жексен қиратылып, халқының көпшілігі қырылған. Сырдарияның бойындағы басқа да қалалар сияқты көп ұзамай қайта қалпына келтіріліп, 14-15 ғасырларға дейін болған. Алғаш 1899 жылы В.А.Каллаур, кейінірек 1960-1961ж.ж., 1968 жылы Хорезм археология-этнография экспедициясы (Н.Н.Вактурская) зерттеген. Қала орны Асанас өзеннің құрғақ арнасы бойында орналасқан.
Асанас қаласының атауы ортағасырлық Өзгент, Сығанақ, Жент, Баршынкент қалаларымен аталады. Тарихшы Жувейнидің еңбегінде 1219 жылы моңғол әскерлерінің Сығанақтан Жендке қарай бара жатқан жолда жаулап алынған қаланың бірі ретінде сипатталады. Сырдың төменгі ағысы бойымен жүріп өткен Плано Карпини «Моңғолдар тарихы» атты кітабында: «Бұл жерде біз сансыз қиратылған қалалар мен қамалдарды, көптеген бос қалған қоныстарды кездестірдік. Бұл жерде үлкен өзен бар оның аты бізге белгісіз, жағалауында Янкинт деп аталатын қала бар, тағы біреуінің аты Бархин, үшіншісі Орнас деп аталады және бізге белгісіз қалалар бар» деп жазады. П.Л.Лерх аталған шаһарларды Сырдарияның төменгі ағысындағы қалалармен сәйкестендіріп Орнас-Асанас, Янкинт-Янгикент, Бархин-Баршынкент қалалары болуы мүмкін дейді. Ал В.А.Каллаур 1899 жылы Асанас қаласының орнын анықтап, топографиялық сипаттамасын жасай отырып, қалаға тартылған суды Қаракөз деп атаған. Сондай-ақ Ақтөбе елді мекенінің жанынан Қызылқұм ішіндегі сеңгірге дейін жететін арықтың бірін ауыз су десе, екіншісін егістікке тартылған арық деп жорамалдайды.
1954 жылы Хорезм археология этнографиялық экспедициясы Асанас қаласын есепке алып, 1960-1961 жылдары барлау жұмыстарын жүргізді. Ал 1968 жылы Н.Н.Вактурская қалаға екі стратиграфиялық қималық қазба түсіріп зерттеу жұмыстарын ұйымдастырды. Қазба барысында табылған қыш ыдыстар ХІІ-ХV ғасырға жатқызылса, екінші қазбадағы керамикаларды VІІ-ІХ ғасырдағы оғыз заманына тиесілі екені анықталды. Нәтижесінде, Асанас қаласы VII-IX ғасырдан пайда болып XV ғасырға дейін өмір сүрген. Хорезм экспедициясының зерттеулеріне дейін тарихи әдебиеттерде қаланы соғдылық саудагерлер тұрғызды деген пікірлер басым болған еді. Кейін, қазба жұмыстары көрсеткендей, қала тұрғындары мен оны тұрғызған – оғыздар болғаны дәлелденді. Сонымен қатар шаһардың солтүстігіне қарай 50 метр жерде Асанас ата кесенесі орналасқан. Аңыз бойынша Асанас ата – жергілікті танымал әулие Қожан қожаның нағашы атасы болып келеді.
Сипаттамасы: Ескерткіш пішіні сопақтау болып келген, осі бойынша оңтүстік-шығыс және солтүстік-батысқа бағытталған, периметрі бойынша биіктігі 4-5 м қираған дуалмен қоршалған, ал бекініс мұнаралы аймағындағылардың биіктігі 6 м-ге дейін, ені 8 м-ге дейін жетеді. Қаланың жалпы ауданы 460х350 м. Бекініс дуалы оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс жағынан ені 15 м, тереңдігі 3 м шұңқырмен қоршалған. Солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс жағынан негізі екі кіреберісі орналасқан, олардың ені 12-15 м. Төртбұрышты шығыңқы жерлер нысанында, өлшемдері 15х15, диаметрі 8 м-ге дейін жететін жұмыр нысанды кең тегіс алаң түріндегі бұрыштық мұнаралары және екі өткелі бар. Оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс жағында дуалдардың бұзылуымен ішке кіретін тағы екі өткел бар, олардың ені 7 м-ге дейін жетеді. Дуал ішінде 20 төбешіктер-тұрғын құрылыстарының орны табылды. Дуалдың орталық бөлігінде, шығысқа жақын жағында диаметрі 80 кең платформада орналасқан диаметрі 50 м төбешік бар. Төбешіктің жалпы биіктігі шамамен 3 м. Төбешіктің оңтүстігінде және қаланың кіреберісінің оңтүстік-шығысында үш археологиялық қазба орны сақталған, осының нәтижесінде күйдірілген кірпіштен қаланған, мұнара мен күзет мұнарасының іргетасы болған құрылыстар тазаланған. Қаланың барлық аумағынан суару, керамикалық және мыс ыдыстардың (қазандар мен табақтар), тастан және керамикадан жасалған моншақтар мен күйдірілген кірпіштердің фрагменттері табылды.
Цитадельінің аумағы 40х50 м, айналадағы деңгейден биіктігі 14 м. Орталық бөлігін қоршай орналасқан шаһристанның үлкен қабырғасы 300 м, кіші қабырғасы 200 м. Қорған қалдығының ені 15 м, биіктігі 5 м. Қазба кезінде жиналған қыш ыдыстар мен басқа да археология материалдар қаланың 6-15 ғасырлар аралығында болғанын көрсетеді.
Ірі экономикалық, сауда-саттық, аумақтық маңызы бар орталықтарда қазандай қайнаған тіршіліктің бәрі осы тарихи шаһарлар арқылы жалғасып жатыр.