Сүнбейбі кесенесі, ХVІІІ ғ.
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылынан солтүстікке қарай 10 шақырым
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 29.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Ескерткіштің авторы, қашан, кімнің салғандығы жайлы мәлімет жоқ.
Қазақ халқының материалдық мәдениетінде сәулет ескерткіштерінің маңызы зор. Олай дейтініміз, сәулет ескерткіші - сәулет өнері мен халқтықтық дүниетанымның бір көрінісі ретінде рухани мәдениетке де үлес қосып отырды.
Сырдарияның төменгі ағысы бойында құнды тарихи сәулет ескерткіштері көптеп кездеседі. Орта Азияның жазық даласында көшпенді ортада қалыптасқан қайтыс болған адамның басына кесене немесе мазарлар салу дәстүрі мемориалды-ғұрыптық құрылыстардың пайда болуына тікелей әсерін тигізді.
Сәулет өнері ескерткіштері — оны жасаған қоғамнын өмірі туралы аса бай ақпарат беретін дереккөз болып табылады. Өнердің және құрылыс техникасының ескерткіштері болумен қатар, олар дәуірдің эстетикалық нормалары, идеологиясы туралы, ғылыми-техникалық мүмкіншіліктің дамуы туралы, мәдени қарым-қатынастар туралы, құрылыс қоленерінің ұйымдастырылуы мен деңгейі туралы айқын түсінік береді.
Сыр өңірінде қазіргі кезге дейін сақталған архитектуралық құрылыстар саны көп емес және мұсылмандық орта ғасырлар дәуірімен шектелген. Ол адамның материалдық және рухани мәдениет сапаларын біріктіретін жасампаздық қызметінің ерекше түрі — «пайданың, беріктік пен әсемдіктің» ұштастырылуы болып табылады.
Қала құрылыс және сәулет ескерткіштерінің негізін мемориалды-ғұрыптық құрылыстар мен тарихи ғимараттар құрайды.
Мемориалды-ғұрыптық құрылыстар Арал маңындағы малшы-көшпенділердің этноаймақтық индикаторы ретіндегі тарихи маңызы зор болып табылады. ХІҮ-ХҮІІ ғ.ғ. ортағасырлық қазақ халқының ғұрыптық сәулет өнері: тастан жасалған, қам кесектен және күйдірілген кірпіштен салынған кесенелер, төрқұлақ түріндегі қоршаулар, саркофаг-жәшіктер, бағана тастар (құлпытастар) және т.б. мемориалды-ғұрыптық кешеннің қалыптасуына негіз болды. Осы ретте, кесене, мазарларға тоқталып өтсек:
Кесене – қабір, бейіт, зират, мола басына салынған күмбезді мәдени-тарихи ескерткіш, түркі халықтары үйді, қоныс-тұрақтарды, төбесі жабылған құрылыстарды да кесене деп атаған.
Сөз этимологиясына сүйенсек, ортағасырлық қыпшақтар – кезене, малқар мен қарашайлар – кешене, қырғыздар касана, қабардалықтар – чамана, ингуштар мен шешендер – каши деген. Қазіргі түріктер сәнді-салтанатты оңаша үйлер мен сарайларды “kaкane” дейді.
Кесенелер немесе мазарлар – жабық камера түріндегі төбесі күмбезделіп жабылған сәулет ескерткіштері. Оларды салу үрдісі көшпенділер арасында ислам дінінің келуімен байланысты кең етек алған. ХҮІ ғасырға таман қазақтың сәулет өнерінде ғибадатхана, дүниеден өткен адамдарға зәулім бейіт тұрғызу қолға алынған.
Кесенелер барлық жерде тараған мемориалдық құрылыстардың неғұрлым белгілі түрі. Бұл ескерткіштер біркамералы және көпкамералы болып екіге бөлінеді. Әрқайсысы өз ішінде әртүрлі үлгілерімен ерекшеленеді. Құрылымына қарай – дөңгелек, шаршы типтес, көпқырлы, тікбұрышты түрлері кездеседі. Сонымен қатар, қандай маериалдан жасалғанына қарай– шикі және күйдірілген кірпіштен, қашалған және кесілген тас блоктары мен тақталардан тұрғызылған, ағаш құрылыстар болып бөлінеді. Күмбездері дулыға немесе конус тәріздес келеді.
Қызылорда облысы аумағында кесенелердің басым көпшлігі күмбезді қам кесектен жасалған, кей бөлігінде күйдірілген қыштан жасалғаны кездеседі. Ескерткіштердің климаттық және орналасу ерекшелігіне қарай елді мекендерден шалғай қорым ішінде орналасқан кесенелер де бар.
Бүгінгі күні қам кесектен тұрғызылған кесенелердің сақталуы деңгейі төмен болады, керісінше қыштан жасалған құрылыстардың сақталуы да жақсы болады. Бірақ, олардың басым көпшілігінің жағдайы сын көтермейді.
Сілтеме:
1. 1986 жылы кесенені «Қазжобақалпынакелтіру» институтының экспедициясы зерттеген.
2. 2012 жылы ЖШС «Тараз» археологиялық орталығы қайта зерттеу жұмыстарын жүргізген.
3. Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы, 2011 жыл.
Сипаттамасы:
Сүнбейбі кесенесі бір камералы, порталды-күмбезді ғимарат, іргетассыз күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Кірпіш қаландысына сазды пайдаланған. Ішкі жоспары шаршы пішінді болып келген және әр қабырғасы аркалык нишамен көмкерілген. Күмбезі параболикалық конфигурациялы. Негізгі қасбет оңтүстік-батысқа бағытталған. Жоспарында көлемі-3,75х4,72 м. биіктігі-4 м. кірпіштің өлшемі-27х27х5 см.