Қалжан ахун мешіт-медресесі

Мекен жайы: Сырдария ауданы, Қалжан ахун ауылынан батысқа қарай 12 шақырым

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 29.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Қалжан ахун мешіт-медресесі,
ХІХ-ХХ ғ.ғ.

  Медреседе күйдірілген кірпіштерден және жоғары сапалы тікбұршты қам кесектерден тұрғызылған, аумақтың өлшемдері – 43,7х43,0 м, биіктігі – 7,3 м. Барлық бөлмелер ауланың периметрінде орналасқан. Ескерткіштің негізгі қасбеті солтүстік-солтүстік-батыс жаққа бағытталған, онда ғимараттың бас қақпасы бар. Бас қасбетке сонымен қатар мешіт бөлмесі (батыс жақтан) мен тамақтану бөлмесі (шығыс жақтан) шығып тұр, худжалар (сыныптар) бүйірлік қасбеттерді (әр жақта оннан) жағалай орналасқан, аулада қызметтік бөлмелер орналасқан.

Ғимарат ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басына тән «кірпіштік» стиль дәстүрінде орындалған. Кірпіш қаландысы күйдірілген кірпіш пен қам кесектен үйлесім тапқан. Негізгі қасбет, ірге және ғимараттың барлық ернеулері күйдірілген кірпіштерден қаланған, ал қалған қабырғалары қам кесектерден өрілген. Сапалы қам кесектер қаландыда қандай да бір арқаулар болмаса, атмосфералық қысымды жақсы көтереді. Күйдірілген кәрпәштермен жиектелген бөліктер (негізгі, жабындысы) атмосфералық ықпалдарға осал болады. Қам кесектерден өрілегн күмбездердің жоғарғы бөлігінің мықтылығын арттыру үшін күйдірілген кірпіштермен қапталған. Осы тәсілді қолдану арқылы салынған ғимарат жұмсалған шығынды ақтап қана қоймай, ғасырдан астам уақыт сақталып тұр. Ғимараттың шығыңқы іргесінің негізгі мотиві ромбты таспалар түріндегі айшықты қаландымен сәнделіп, тіреуіш-«сухариктерге» тірелген ернеумен көмкерілген. Осы көлденең элементтер пилястрлерге жалғасқан жерлерінде композицияға тепе-теңдік енгізілген. Негізгі көркемдік бас қасбеттің композициясына жасалған, қалған қасбеттер (сондай-ақ, аулалық) соған ыңғайлы жасалған. Кіреберіс арка ернеуді ұстап тұр, сонымен бірге аттиктің негізі болып таблатын айшықты архивольттің жарты циркульді шығыңқы бөлігімен жиектелген. Кіреберіс ойықтың екі жағындағы бөліктердің әрқайсысы арналарында қабырға бөліктері бар екі пилястрден тұрады. Аттик әрбір пилястрдің үстінде тұрған төрт мұнарашадан («орталық» мұнараша шетіндегілерден биіктеу) және олардың арасындағы айшықты қабырғаның үш бөлігінен тұрады. Аттиктің ең биік және ең енді орталық бөлігі (қақпаның үстіндегі) төмен қарай құлаған «иықтардан» тұратын симметриялы композициядан құралған. Оны жарты аймен көмкерілген стилденген күмбез түріндегі бедер, ал төменгі жағын (ернеудің үсті) көлденең жіңішке филенка (картуш), (жазуға арналған болса керек) безендіріп тұр. Аттиктің бүйір бөліктерінің беті тік қуыстармен бөлінген. Негізгі қас беттің симметриялылығы терезе ойықтары мен пилястерлердің санына байланысты бұзылған. Әйтсе де, терезе ойықтары біркелкі, әрбір терезенің тікбұрышты нобайы сына тәрізді тік аркамен жабылған, оның архивольті екі жағынан шығып тұрған бөліктердің тарапынан П тәрізді. Терезелер астынан «сухарикті» ернеумен, ал үстінен егелген кірпіштер қаландысынан шығып тұрған қосарланған көлденең шығыңқылармен шектелген. Негізгі қасбетке жалғанып жатқан бөлмелер (мешіт және тамақтану) негізгі қасбеттен басқа аула жақтан да жарықтанады, қалған бөлмелердің аула жақтан кіре беріс ойықтары, қасбеттер жақтан терезе ойықтары бар. Әйтсе де, алалық қасбеттер декоративтік ерекшеліктерді (ернеудің өрнекті кірпіш қаландысы мен «меандр», құлыпты тас және терезенің терезе асты декоры) дамытқанымен, өте қарапайым орындалған. Аудандары және биіктігі бойынша ең үлкені мешіт және тамақтану бөлмелері болып саналады, артқы қасбетке жанасқан бөлмелер біршама кішірек, ал шаршы пішінді «типті» сыныптар одан да кіші.

  Мешіт кіреберіс бөліктен (дәліз) және ортасында кірпіш бағаны бар намаз оқитын залдан тұрады: залдың батыс қабырғасында ортаңғысы (михраб) биік және екі жағында бір-бірден орналасқан кіші өлшемді қуыс бар. Тамақтану бөлмесінде де кіреберіс бөлме (бәлкім ас үй) орналасқан. Ескерткіш-далалық монументальді архитектураның үлгісі ретінде зор тарихи-архитектуралық маңызға ие. Онда қалалық ортада кең тараған «кірпіш» стилінің әдістері мен аймақтың жағдайға тән жергілікті дәстүрлер үйлесім тапқан.  

   Қалжан ахун Бөлекбайұлы өмірдерегі (1862 – 1916, Сыр бойы) – дін қайраткері, дін ілімін жете меңгерген ғұлама ұстаз. Қалжан Ахунның арғы тегі Ақтөбе облысы Жаманқарғалы деген жердегі табын руынан шыққан. Хиуа халқының Бөлекбай батырдың ел басқарудағы шеберлігі мен хан алдында аса беделді болғанының бір ғана көрінісі Қалжан ахун, діни сауатты, өз заманының көзі ашық, заңғар тұлғасы бола білген Бөлекбай атамыздың 77 жасқа келгенде көрген баласы екен. Дүние есігін ашқан сәбиге "Қалмұхаммед" - деп ат қойған ата - анасы кейін оны еркелетіп "Қалжан" атап кетеді. Сол заманның үрдісі бойынша Бөлекбай батыр Қалжанды жеті жасынан бастап медресеге беріп, сауатын аша бастаған. Қалжан ахунның шариғат қағидасы бойынша кәмелетке қарған он үш жасында әкесі Бөлекбай дүниеден өтеді. Баласының зеректігі мен алғырлығына қанық Бөлекбай батыр дүниеден өтерде, артында қалғандарға Қалжанға ары қарай білімін жалғастыруға көмектесулерін өсиет еткен. Ерінің бұл өсиетін құп алған анасы Қалжанға жетімдік көрсетпей, оның оқуын жалғастыруға аналық бар қамқорлығын жасайды."Білім инемен құдық қазғандай " демекші Қалжан ахун Хиуа, Бұқарадағы діни медреселерде тағы төрт жыл білімін шыңдап он жеті жасында айтулы Көкілташ медресесіне оқуға қабылданады. Көкілташ медресесінде он жыл, яғни жиырма жеті жасына дейін тапжылмастан білім алған Қалжан ахун негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмәмдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады. Араб, парсы, шағатай тілдерің еркін меңгерген Қалжан атамыз сол медреседен "Ахун " атағын иемденеді. "Ахун " мұсылмандық діни лауазым - баулушы ұстаз деген мағына береді. Қалжан атамыз поэзия саласының тұнығынан тұшына сусындағаны да көп айтылады. Ол Сырдарияның Қорқыт Ата аймағынан келген Ораз ахун Бекетайұлымен сырлас дос болады. Қалжан Ахунның білімдарлығын танып-білген. Ораз ахун оған қызы Зәйтекті қосып, 1890 жылы оны шыққан тегі бір табындардың ортасына (Жалағаш қыстағына) алып келеді. Қалжан Ахун ширек ғасыр бойына өзінің атымен аталатын мешітте (Қалжан Ахун мешіті) имам болды. Ол патша әкімдерінің қудалауына ұшырап, түрмеге қамалған. Өз мешітіндегі қорымда жерленген. Қалжан Ахунды Балқы Базар, Тұрмағамбет, Шоңбай ақындар жырға қосқан. Қалжан ахунның қаржысына, көзі тірісінде салына бастаған медресе кейіннен аяқталған.

 Қалжан ахун туралы деректер. Бұхара қаласында оқу бітіріп келген діни тұлғалардың көпшілігі Ресей тарапынан дайындалған молдалардан үлкен ерекшелігі болды. Олардың дүние, мал үшін емес, халықтың рухани тұтастығын қалыптастырып, өзгелердің рухани ықпалына түсіп қалмауының алдын алу үшін қызмет еткенін көреміз. Ораз-Мұхаммед ахун Бекетайұлы, Алдашбай ахун Ерназарұлы, Қалжан ахун Бөлекбайұлы сияқты тұрғалар қазақ халқының рухани тәуелсіздігін сақтап қалу жолындағы нағыз күрескерлер болды. Бұлардың еңбектерінің арқасында «Сыр сүлейлері» деген атқа ие болған ақын-жыраулар шоғыры дүниеге келді десек артық айтқандық емес. Сонымен қатар, Бұхара медреселерінен білім алған түлектер арасында қазақ руханийатына жаңа серпін, жаңа леп әкелеген тұлғалар көп болды. Мысалы, Тұрмағамбет сынды тұлғалар араб, парсы халықтарындағы інжу-маржандарды қазақ танымына сай қайта жырлап, қазақтың рухани болмысынның аясын кеңітті. Солардай арыстардың арасында пісіп, жетілген Қалжан ахунның да қазақ руханиятын жаңғыртуға сүбелі үлес қосқанын көреміз. Алайда, оның өзге өлкеде туып, Сыр өңіріне келуінің өзінде белгілі бір заңдылық бар. Ол Сыр өңірінде ғана өзінің рухани қуатын көрсете алатын еді. Оның Ораз ахунмен сырлас дос болуы, соның ықпалымен Сыр бойына келуі жәй емес. Өзінің білімін халық кәдесіне толық жарату мүмкіндігі осы өңірде ғана мүмкін болатынын сезінуі еді. Әрине, Қалжан ахун алдымен діни ілім иесі. Сондықтан Қалжан ахун соңында қалған мұралардың көпшілігі діни мәселелерге арналған. Біз оны Қалжан ахунның Түркия Республикасындағы ұрпағы Хасан Хасан Йылдырымнан алынған қолжазба деректері негізінде айта аламыз. Мысалы, оның қаламынан шыққан дүниелер ішінде шариғатқа қатысты мәселелердің кеңінен қарастырылғанын көреміз. Атап айтқанда, зекет және зекеттің малдан және мүліктен төленетін мөлшерлері көрсетілген. Сонымен қатар, неке, зина, талақ мәселелері де Қалжан ахун арнайы қалам тартқан тақырыптардың бірі. Сонымен қатар, мирас мәселесі де арнайы қарастырылып, шешімі көрсетілген. Қалжан ахунның діни қызметі шариғат мәселелерімен шектеліп қалмайды. Ол діни салт-дәстүрді халық арасына жаюдың жаңа жолдарын қарастырады. Мысалы, рамазан айнына қатысты арнап жазған өлеңі, рамазан айының маңызын халыққа тереңірек түсіндіру болғанын байқаймыз. Ол өлеңді көшіруші сөз басында былай дейді: «Хазраті Халжан ахун шахр рамазан шариф айының ... Аллах тағаланың тарфындан йубарган бізларга азиз қонақ еді деп, мехманға насибат айтыб, аның құрматін йақшы қылыб ... риза айтыб, шығарыб салу үшін (жазған) ғибрат-нама ғазали дүр. Хош келдіңіз біздерден, разы болып кетіңіз. Аллах тағаланың даргахында менің хурметімді дурыс ада қылмады уа мехманлық хақымны утамады деп арыз-дад айтмаңыз деп йазған ...». Бұдан ары Қалжан ахунның өзінің шағатай тілінде рамазан айына арнап  жазылған мадақ өлеңі былай басталады:

Латиф бірлән бізларга дустлар Худауанда жахан

Ғайбдан йеткурмиш йерді бір муаззаз мехман.

Файз Хақның лазым йерді хурматин қылмақ йахан,

Бей адаблік көрді біздан иззат урныға ...

Бандасы асы уа лекин хақ өзидур мехрибан

Улуғ, хош келдіңіз мах шариф рамазан...

Қалжан ахун осылай поззия тілімен халыққа рамазан айының мәні мен маңызын түсіндіреді. Айлардың сұлтаны болған бұл айды қадірлі қонақ бейнесінде суреттей отырып, біздің ол қонаққа лайықты құрмет көрсете алмауымыз жаратушының өзіне құрмет көрсете алмауымыз деп түсіндіреді. Одан кейін рамазан айына біз сені дұрыстап күте алмады деп, бейәдептік көрсетті,- деп айтып барма. Алайда, Жаратушы кең, өз бендесіне рахымы түсіп, біздің бұл қателігімізді кешірер деп үміттенеді. Бұл оның дін мәселесін халық арасына уағыздауда жан-жақты тәсіл қолданғанынан хабар береді. Жалпы Қалжан Ахунның ақындық дарыны болғанына бұдан басқа да шығармалары куә бола алады. Оны Қалжан ахунның хикмет сарынында жазылған өлеңдерінен көреміз. Мысалы:

Уах, дариға кешті өмірім баршасы ойран болуб,

Білмадім халым не дур, дуниа деп хайран болуб,

Қылмадым йақшы амаллар кечалар кариан болуб,

Йа, Аллахым утмагаймыз ахырда бей иман болуб.

Бұл хикметте Қалжан ахунның таным негіздерін айқын аңғаруға болады. Ол Қожа Ахмет Йасауи сынды өткен өмірін саралай отырып, өзінің өмірінің босқа өткенін, Аллаға шын беріліп, мінәжат ете алмағандығын, ертеңгі күн Алла алдына барғанда имансыз болыб қалмаймын ба?- деген уайымын алға тартады. Бұл Қалжан ахунның халыққа дін үйрете жүріп те, өз ісіне өзі риза болмағанын, қолымнан келген қызметімді әлі де толық атқара алмағандығын, ол үшін өкінетінін көреміз. Бұл Қалжан ахунның халық арасындағы өзінің қызметінің мәнін терең түсінгендігін көрсетеді.

Немесе:

Сенің дертің менга дармандин артуқ,

Сенга құл болғаным султандин артуқ,

Сенің йадыңны айсам чөл ічінда

Болур ул чөл менга бустандин артуқ.

Сенің йадың агар кетса тілімдин,

Ужудим қурайур ойрандин артуқ.

Менің хар болмағым өз ғафлатимдин

Макар қылсаң назар ахсандин артуқ.

Қалжан ахунның бұл жазғандарынан оның Аллаға, Жаратушыға деген шексіз ғашықтығын көреміз. Аллаға шын ғашық болу тек сопыларға ғана тән қасиет. Бұл хикмет жолдарынан біз Қалжан ахунның Жаратушыға деген махаббаты бәрінен жоғары екендігін, Аллаға құл бола білу, сұлтан болудан артық екендігін, Алланы зікір ету шөлді миуалы баққа айналдыратынын; егерде Алланы зікір ету тілден кететін болса, ішкі дүниенің қурап, бос қалатынын, адамның қор болмағы өзінің қателігінен екендігі, ол үшін Алла жаза берсе, жақсылықтан артық екенін баяндайды. Бұл жолдар оның діни танымының қай бағытта болғанын айқын көрсетіп тұр. Біріншіден, сопылық танымда, екіншіден Йасауи жолының өкілі болғандығын аңғару қиын емес. Бұл оған қазақ халқының дәстүрлі діни танымына белгілі дәрежеде қомақты үлес қосуына мүмкіндік берді.

Қалжан ахунның тек діни қызметпен айналыспай, мектеп ашып, бала оқытқаны туралы да деректерді осы қолжазба ішіндегі жазбалардан таба аламыз. Оның араб тілі грамматикасына арналған жазбалары Қалжан ахунның бір жағынан білімінің қаншалықты терең болғанын білдірсе, екінші жағынан сол кезеңдегі қазақ даласындағы оқу деңгейінің қандай дәрежеде болғаныннан хабар береді. Демек, бұл қазақ арасына таралған қазіргі сауатсыздық туралы «аңыздардың» негізі жоқтығын көрсетеді.

Жалпы Қалжан ахунның артына қалдырған дүниелерінің бір бөлігін ол кісінің өз замандастарына жазған хаттары құрайды. Олардың біршамасы өлеңмен жазылса, кейбір хаттары қара сөзбен жазылған. Өлеңмен жазылған хаттарының барлығы дерлік руханиат мәселесіне арналса, ал қара сөзбен жазылған хаттары саяси оқиғаларды да қамтитынын байқаймыз. Оған мысал ретінде Қалжан ахун Меккеге қажылыққа барғанда елге жазған деген хаты дәлел бола алады. Бірақ бұл хаттың Қалжан ахун қаламынан шықпаған болуы да мүмкін. Өйткені, ол хатта хатты жазушының аты көрсетілмеген. Оның үстіне өзге қолжазбаларға қарағанда, жазу үлгісі де ерекше. Алайда, бұл хат Сыр бойындағы көзі ашық, көкрегі ояу жандардың тек қазақ даласындағы саяси оқиғалардан ғана емес, жалпы әлемде болып жатқан саяси үдерістерден де хабары болғанын және ол оқиғаларға өздері тарапынан баға беретін дәрежеде болғанын көрсетеді. Мысалы, ауыл-елдің амандығын сұраған соң, өздерінің Меккеге қалай, қашан жеткенін, қай жерге тоқтағанын баяндағаннан кейін Османлы халифатының Балқан түбегіндегі соғысы және ол соғысқа қандай мемлекеттердің тартылғаны, бұл соғыстың болашақ нәтижесі қалай болу ықтималдығы туралы жасаған сараптамасы сол кезеңдегі қазақ оқығандарының саяси санасы ояу болғандығын көрсетеді. 

  Қорыта айтқанда, Сыр бойы ахундарының қазақ халқының рухани, мәдени болмысын, Ресей отаршылдығы жағдайында, қорғауға бағытталған әректеттері жемісті болғанын, солардың жанқиярлық еңбегі арқасында қазақ халқының рухани дүниесі қорғалып қана қоймай, оны одан ары дамып, байи түскенін көреміз. Осы рухани жетекшілердің рухани ықпалының арқасында Сыр сүлейлері деген атқа ие болған ақын жыраулар шоғыры шықты, олардың соңында өлшеусіз рухани мұра қалды. Бұл Сыр бойы ахундарының қазақ халқының руханийатынан алар орны жоғары болғанын білдірсе керек. Ол тұлғалардың арасында Қалжан ахунның да қомақты үлесі болғандығына дау жоқ.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Ақтас мешіті, 1884 жыл
2 / 5
Баланды ІІ кесенесі. б.з.д. VІ-ІІ ғасырлар
3 / 5
Сараман-Қоса (Сарман-Қожа) мұнарасы, Х-ХІ ғасырлар
4 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, депутаттар кеңесінің ғимараты, қазіргі – Ғ. Мұратбаевтың мемориалдық музей ғимараты,ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы
5 / 5
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы. Жақаев мүсіні, 1975 жыл

Ақпарат

    Записей не найдено.