Есабыз қабірі

Мекен жайы: Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылынан шығысқа 5 шақырым

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 29.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Есабыз қабірі,
ХХ ғасыр

Қысқаша анықтамасы:

Есабыздың киелі,халыққа танымал болғандығының бір белгісі - басына тұрғызылған еңселі кесене. Мазаратта Асан ата, Оқшы ата кесенелерінен кейінгі елеулі ескерткіш Есабыздың басында.Есабыз қабірі кіреберіс, қабірстан болып екі бөлмеден тұрады. Кіреберістің  ені-2,80 м, ұзындығы-4,90 м, биіктігі-2,50 м, күмбез биіктігі-1,35м. Қабірстан ұзындығы-4,90 м, ені-4,90 м, биіктігі-2,80 м, күмбез биіктігі-2 м. Кесене жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші қатарына жатады.

Аңыз-әңгіме:

Сыр бойындағы қыпшақ Есабыз өз заманында киелі кісілердің бірі болған. Аңыз бойынша ол кісі ХҮІІ ғасырдың басында өмір сүрген. Есабыздың жалғыз қызы болған. Есабыз әулие әлсізге медет, зарыққанға жебеуші, тарыққанға медеу болған кісі. Есабыз әулиенің заманы қай тұс екені жөнінде нақты дерек жоқтың қасы. Есабыз туралы бір-біріне қарама-қайшы екі пікір бар. Соның біріншісі-әулиені Оқшының заманында, XI-ғасырда тіршілік еткен, жасы одан кіші болған деседі. Бірақ ол туралы ел аузындағы әңгімелерден басқа әулиелерге қарағанда осы күнге егжей-тегжейлі жетуі және оның түп-тұқиянына дейін белгілі болуы оның тым бергі уақытта өмір сүргенін аңғартады. Шежіре тартар болсақ, Есабыз әулие қара қыпшақтың торы, одан әлпейіс, одан түйшіке, одан қойбар, одан көзей, одан абыз аталығына жатады. Есабыз әулиенің XVII ғасырдың басында өмір сүргені туралы мәліметі шындыққа жақын. Ел аузындағы әңгімелер атамыздың қалың елдің қамын жеген, қара халықтың қамқоршысы болған, көріпкел, құдірет иесі болғанын баяндайды.

Есабыз жасы ұлғайған кезде туыстарына: «Мені Түркістанға Қожа Ахмет Иассауидың қасына жерлеңдер»,- деп айтады екен. Алайда ауырып, ол дүниеге аттанар сәтте Оқшы ата түсіне кіріп: «Ей, Есабыз, сен де бір әруақты жан едің, мен жалғыз жатырмын, қасыма келсеңші», - дегенде Есабыз: «Ол жер шөлейт қой, болашағы қалай болар екен?»,-дейді. Сонда Оқшы ата «Екеуміз осындағы әулиелермен күш қосып суландырмаймыз ба», -дейді. Содан көп ұзамай Есабыз сырқаттанады. Жаз мезгілі екен. Көңілін сұрай келгендерге:

Көп ұзамай дүниеден өтемін. Мені Оқшының жанына апарып жерлеңдер, - деп өсиет айтады. Жиналған ел-жұрт дағдарып:

Оқшы ата күншілік жерде. Күн болса ыстық, Сізді қалай жеткіземіз? – дейді.

Сонда Есабыз:

- Мен көз жұмған күні көлік өзі келеді, қам жемеңдер, қинала қоймайсыңдар, -дейді.

Көп ұзамай шілденің қайнаған ыстығында (қазіргі Айдарлы деген жерде) Есабыз да дүниеден өтеді. Айтқанындай-ақ, сәлдел, ақ киімді, ақ түйе жетектеген  бір кісі келеді. Ел-жұрт қараша үйдің керегесін табыт қылып, соның үстіне мәйітті жайластырады. Кереге табытты түйенің үстіне қойғанда, ол байламай-ақ тұрып қалған екен.

Қазашылар мәйітті алып, жолға шыққанда бір үйдің аумағындай бұлт үйіріліп, Есабыздың үстіне көлеңке болып, бүкіл жол бойы ереді де жүреді. Жолға шыққандар Оқшы ата қорымына қиналмай жетіпті. Түйені шөгеріп, табытты жерге қойғаннан кейін, әлгі түйелі кісі жоқ болып кетіпті. Бұл Есабызды өзінің қасына алып келген Оқшының рухы болса керек деседі. Міне, әулиелер қасиетінің арқасында бір кездегі шөл, шөлейт жер қазір өзені мен көлі суға, айналасы нуға толып тұр. Қазір әулиелер мазараты жаңарып, кесенелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүкіл халықтың қасиетті орнына айналған. Кезінде әлсізге медет, зарыққанға жебеуші, тарыққанға медеу болған Есабыз бабамыздың бүгінгі ұрпағы ол кісінің көнере бастаған кесенесін 1995 жылы күрделі жөндеуден өткізді.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Асанас кесенесі, ХVІІ ғасыр
2 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басы Ғанибай мешіті (қазіргі қалалық кітапхана)
3 / 5
Құттыбай кесенесі, ХVІІІ-ХІХ ғасырлар
4 / 5
Баланды ІІ кесенесі. б.з.д. VІ-ІІ ғасырлар
5 / 5
Жент қалашығы, Х-ХV ғасырлар

Ақпарат

    Записей не найдено.