Кердері кесенесі

Мекен жайы: Арал ауданы, Қаратерең ауылынан солтүстік-батысқа қарай 65,2 шақырым

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 29.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Кердері кесенесі,
Х-ХІІ ғ.ғ.

Қазақ халқының тарихқа толы алтын бесіктерінің бірі – Сыр өңірі, Арал аймағы. Қасиетті өңірде табиғат салдарынан жойылып бара жатқан, зұлмат заманның және жойқын соғыстардың зардабынан құм жұтып, уақыт тезіне төзе алмай жойылып кеткен қалалар – Ұлы даланы мекендеген халықтардың ежелгі тұрмыс тіршілігі, кәсібі мен материалдық және рухани мәдениеттері жөнінде сыр шертер баға жетпес құндылықтар бола алады.

Солардың ішіндегі жаңа зерттеулер нәтижиесінде Арал теңізінің кепкен табанынан табылған Кердері І,ІІ кесенелері және Арал – Асар қалашығының табылуы Қазақстандық тарихшы- археолог мамандардың назарын аударды.

Арал теңізі жайындағы ерте деректерге жүгінсек: Антикалық авторлар теңіз жөнінде аз мәлімет берген. Мысалы, Геродот (б.з.д. 448 ж.ж) Арал теңізін Каспий теңізімен байланыстырып және оны «Каспийдің сақ шығанағы» деп атаған. Кейін Страбон теңіздің географиялық орнын анықтап көрсетті. Менандр Константинопольский (590 ж.ж) болжамы бойынша Арал теңізі үлкен көлдердің құрамдас бөлігі болған. Ия, Арал теңізі – бастапқыда шағын көлдерден түзеліп, олардың арасында көптеген елді мекендер болған деген дерек қазіргі таңда археологиялық барлау және зерттеу нәтижиесінде дәлелденіп отыр.

Арал теңізі туралы нақты деректерді ортағасырлық шығыс жазбаларынан кездестіруге болады. Әль – Истархи (920 ж.ж), Идриси (1154 ж.ж), Әбу-л-Фида (ХІҮғ), теңізді Хорезм көлі, Жент теңізі, Кердері теңізі деп белгілеп, ондағы Сырдария өзенінің – Сигун (Сейхун), Әмударияның – Джигін (Жейхун) атауларын нақтылады және арал теңізінің көлемі 100 фарсах, суы тұзды, әрі бір қалыпта тұрады деген мәліметтер берген.

Орыстың Үлкен Сызба кітабында (Книга большего чертежа 1600 ж) Көк теңіз деп көрсетілсе, қырғыздарша Тенгизь яғни теңіз деген атаумен аталған.

1417 жылғы Хафизи Абру жазбасында: Хорезм көлінде су жоқ Джейгун өзіне жаңа жол тапты. Енді ол Иорелди өзені арқылы құяды дегенді айтады. Әрине бұл деректер амударияның Каспий теңізімен байланысын аңғартады. Бұдан шығар тағы бір болжам Иорелди өзені арқылы Каспиймен байланысқан Әмударияның жаңа арнасы ауысқанда Арал теңізі тартылып, шағын көлге айналған. Бұл болжамды нақтылауға Хорезм хандығының билеушісі Әбілғазы Баһадүр (1630 ж) өзінің «Татар халқының тарихы» атты еңбегінде Әмудария өзенінің бір саласы Каспий теңізіне қатысты екенін құжатты түрде көрсетуі.

Мұнда нақты болғаны б.з.д. І  мыңжылдық басынан біздің заманымызға дейін  Әмудария өзені толығымен Арал теңізіне құйып отырған. Сонымен қатар Сырдария өзені де арнасын өзгертпеген. Осылайша теңіз суы тасып, өзінің шарықтау шегіне жеткен.

ХІІІ ғ. саяхатшылары Плано Карпини (1246 ж), Рубрук (1253 ж), Асцелин (1254 ж) Марко Поло (1280 ж) Арал теңізі жөнінде еш мағлұмат бермеген. Тек 1558 жылы Астраханнан Бұхараға жүріп өткен Дженкинсон өз картасына Арал теңізін Қытай көлі деп түсірген. Жалпы Арал теңізін тарихи деректерде: Каспийдің сақ шығанағы, Хорезм көлі, Көк теңіз, Тұзды көл, Қарасу, Әл Жүржәни көлі, Қытай көлі, Жент теңізі, Кердері теңізі сияқты 20- дан астам атауларын кездестіруге болады.

Арал теңізінің табиғи құбылыстарына тоқталсақ – Барлық жағынан құммен қоршалған және мұхитпен ешқандай байланысы жоқ, тұйық әрі теңіз аталатын Арал бассейні орналасу жағынан өте керемет. Десекте Арал теңізі жергілікті тұрғындардың тіршілік-тұрмысы үшін қашаннан ерекше орын алып келеді. Теңіз тағдыры соңғы жылдары, дүниежүзі жұртшылығын толғандырып отырғаны мәлім.

Профессор С.П.Новиковтың тұжырымы бойынша соңғы мыңжылдықта Арал теңізінің тоғыз рет тартылғаны ғылыми негізделген.

1928 жылғы мәлімет бойынша, Арал теңізі бассейнінің көлемі 70.430 шаршы шақырым болып, Каспий теңізінен 74 метр биіктікте жатты. Ал 1967-1970 жылдардан бастап Сырдария мен Амудария суының тоқтатыла бастауынан, деңгейі 13 метр төмендеп, айдынның аумағы 26 мың шақырымға, жағалауы 100 мың шақырымға қашықтады.

Соңғы археологиялық зерттеулер теңіз табанында ортағасырлық мәдениет пен өркениеттіңошағы болғанын дәлелдейді. Оған теңіз табанынан табылған екі бірдей кесене мен қала орнының табылуы айғақ. Мұның бәрі бүгінгі Отан тарихындағы, әсіресе тарих, археология ғылымындағы үлкен жетістіктер болып табылады.

Арал табанында керуен жолдарының да іздері қалған. Кейіннен теңіз суының көбеюіне байланысты жойылып кеткен. Оған тарихшы  ғалым, белгілі археолог К.М.Байпақовтың «Ортағасырларда осы жерден Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен. Хорезммен байланысатын бұл жол Аралдың шығыс беткейі арқылы Сырдария жағасындағы қалаларды басып өтіп, Жібек жолының теріскей тармағына қосылған. Бұл екі маңызды сауда бағытына орта тұстан сіңісетін қысқа соқпақ сүрлеу болған» ,- деген тұжырымы дәлел. Бұдан қалалардың бір жағы Азия жұртымен, екінші жағы Батыс елдерімен мәдени және экономикалық байланыста болғаны аңғарылады.

«Кердері» мәдениетінің қалыптасуына Жетіасар мәдениеті белгілі бір дәрежеде ықпал еткен. ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда Жетіасарлықтар су ағысына және ауа райының өзгеруіне байланысты «Батпақты қалалар»ауданына, нақтырақ айтсақ қазіргі Сырдария мен Әмудария арналарына қарай жылжыған. Мұның бәрі – Жетіасар мәдениетінің жалғасы іспеттес.

Арал теңізінің құрғаған табанынан, нақтыласақ «Барсакелмес» аралы маңынан табылған  Кердері І,ІІ кесенелері мен Арал асар қалашығының табылуы 2000 жылы  баспасөз бетіне жарияланып, 2001 жылы Қорқыт ата атындағы университет тарапынан археологиялық экспедиция жасақталып (жетекшісі Т.Мәмиев) қазба жұмыстары жүргізілген. «Барсакелмес» туралы аңыздың шығуының өзі – аңыз бойынша қыста мұз үстімен көшкен ел көктемде су еріп елге қайта алмағандықтан Барсакелмес аралы атанды деген дерек бар. Дегенмен теңіз табанынан табылған мовзолей мен қалашық туралы тарихи деректер, нақты мәліметтер аз.

ХХ ғасырдың басындағы тарихи материалдарға сүйене отырып, тарихшы мамандар қазіргі Арал теңізі табанындағы тарихи – мәдени ескерткіштерге «Кердері» деген шартты атау берілді. Арал теңізі табанында 2004 жылы 26 маусымда жүргізілген барлау жұмыстары нәтижиесінде университет ғалымдары тарапынан көне қалашық Арал - Асардың  орны мен Кердері ІІ кесенесі табылды. Кердері ІІ кесенесі мавзолей үлгісімен салынған. Биіктіні 1,6 м., ені мен ұзындығы 30х42 м ауқымды құрайды. Ескерткіш маңындағы қаладан тас қайрақтар, түрлі оюлы плита жапсырмалары, кірпіш цехы, шырағдандар мыс тыйындар,  ірі диірмендер мен астық сақтайтын ыдыстар табылды.

Назар аударатыны қалашық маңына Кердері ІІ кесенесінің орналасуы. Мұндағы жерлеу ғұрпында да өзгешеліктер айқын. Тік төртбұрышты құрайтын кесененің батыс бөлігі әлдеқайда биіктеу орналасқан. Жоғарғы қабатынан барлық ортағасырлық қалаларға тән 25х5х25 см күйдірілген қыштарды да кездестіруге болады. Кесененің тағы бір ерекшелігі ірі тау тастарымен негізгі іргетасының қалануында. Оны солтүстік бөлігінен айқын көреміз. Іргетас ұзындығы 2,2 м. Үлкен көлемдегі тастар үш қатармен қаланған. Кесене аумағын қыш өндіру кезінде пайдаланған үш пеш ошақтары табылды. Бұл пештерді құрылыс жүргізу кезеңінде пайдаланылған.

Көлемі, пайдаланылған құрылыс материалдыры мен архитектуралық тәсілдердің жиынтығына қарап, құрылыстың бұл түрін қаспеттік кесенелерге жатқызуға болады.  Кесенелердің бұл түріне Л.Манковскаяның жіктеуі бойынша, басты қаспеті портал тәрізді құрылыстар жатады. Мұндай құрылыстардың порталы қалған қасбеттерге қарағанда көптеу әрленіп, кейде олардан портал  - пештак тәрізді биік болып тұрады.

Бүгінде Қазақстандық ғалымдардың «ерте отырықшы және көшпелі деп аталатын екі түрлі өркениет, екі түрлі мәдениет болған» деген бұрынғы қалыптасқан ұғымды жоққа шығарып отыр. Бұдан шығатын қорытынды- далалық өркениет болған қала мен даланың тұрғындары өзара араласып жатқан. Мұны Арал Асар қалашығынан табылған заттай деректер айқындайды. Қала ХІІІ – ХҮ ғ.ғ. арасына, нақтырақ айтсақ ХІІІ ғ ортасы мен ХІҮ ғ. бірінші жартысында тіршілік еткен деуге негіз бар.

         Алғашқы зерттеушілер осы жерге жақын орналасқан Арал ауданына қарасты Қаратерең қыстағының жері Қосарал – ХІХ ғ.ғ ІІ жартысында тегіс дала болғанын, кейін ХХ ғ.ғ басында су басып, қамысты батпаққа айналғаны туралы мағлұматтар береді және Хорезм археологиялық этнографоялық экспедициясының (ХАЭЭ жетекші Л.М.Левина) әуебарлау жұмыстары кезінде осы тұстан қала сұлбасын байқаған.

         Бұған қосымша қазіргі археологиялық зерттеулер академик Ә.Х.Марғұланның Арал теңізі бассейнінде ежелгі өркениет орталығы болған және Арал өңірінде 40 – қа жуық қалашықтар бар – деген пікірлерінің астарында шындық жатқанын дәлелдеп отыр.

         Қызылорда облысы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі қызметкерлері үстіміздегі жылдың мамыр айында Арал теңізі табанындағы Кердері І,ІІ кесенелері мен Арал асар қалашығында болып ескерткіштің жай күйімен танысып қайтты. Арал ауданы Қаратерең ауылының тұрғындарының айтуына қарағанда теңіз табанында аталған ескерткіштерден бөлек тағы екі қалашықтың орны бар екендігі айтылды. Бұл алдағы уақытта теңіз табанына археологиялық барлау жұмыстарын қажет етіп отырғандығын көрсетеді.

         Осы мәселелерді ескере отырып, биылғы жылы Арал асар қалашығына облыс есебінен қаржы көздері қаралып археологиялық қазба жұмыстары жалғасын таппақ. Бұл ескерткіштің зерттелу мәселелеріне келер болсақ Қаратерең ауылынан оңтүстік – батысқа 75 шақырымды құрайтын Кердері І кесенесі 2001 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғалымдары мен Ә.Х.Марғұлан атындағңы археология институты ғалымдары бірлескен экспедиция жасақталып қазба жұмыстары жүргізілді. 2004 жылы Арал теңізі табанынан Арал асар қалашығы мен Кердері ІІ кесенесі археологиялық барлау жұмыстары нәтижиесінде табылған болатын. Осыдан соң 2005 – 2009 жылдары Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары (жетекші К.М.Байпақов) Арал асар қалашығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл зерттеулерде ескерткіштің топографиялық картасы әзірленіп, қалашық туралы мәлімет беретін заттай жәдігерлерді зерделеу қолға алынды. Аталған қалашық туралы ауызша, жазбаша деректер өте аз. Арал теңізі табанына жүргізілген археологиялық жұмыстардың мақсаты – осы өңірден табылған жәдігерлерді археологиялық, тарихи, этнографиялық және географиялық тұрғыдан жаңаша зерделеу болып табылады.

         Теңіз табанынан табылған ескерткіштердің этнонимдерінде де кейбір кереғар мәселелер бар екендігін жасыруға болмайды. Шартты түрда Кердері атауы берілген екі бірдей кесене атауына тоқталсақ, Х ғасырда Арал теңізінің Кердері деп аталуына сәйкестендірілгенімен Кіші жүздің Жеті ру бірлестігінде Кердері деген ру бар және ортағасырлық ғұламалардың ішінде Кердері есімді ғұлама болғандықтан ертеңгі күні осы ру өкілдерінің біздщің бабамызғакүмбезді етіп кесене тұрғызамыз деп ескерткішті өздеріне иемденуі әбден мүмкін. Арал – Асар атауына келсек біз білетіндей бұл ескерткішті Сыр бойындағы кез келген Асар қалашықтарымен және олардың құрылыс жүйелерімен салыстыруға ешқандай келмейді. Бұл ескерткішті Жетіасар мәдениетімен байланыстыруға да болмайтындығын ескеруіміз керек.

         Міне түрлі болжамдар мен пікірлерді ғылыми негізде тану үшін, алдағы уақытта тарихи – мәдени, этнографиялық және археологиялық зерттеулерді жүйелі жүргізуді қажет етеді. Себебі бұл төл тарихымызды танытатын оны келешек ұрпаққа аманат етіп, Әлем халықтары алдында қазақ ұлтының ұлттық діңгегінің тереңдігін айшықтар ескерткішіміздің бірі.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Айқожа кесенесі, ХVІІІ-ХІХ ғасырлар
2 / 5
Сығанақ қалашығы. Х-ХVІІІ ғасырлар
3 / 5
Шіркеу, қазіргі - теміржолшылар клубы ғимараты, 1904 жыл
4 / 5
Оқшы ата кесенесі, ХІ ғасыр
5 / 5
Сараман-Қоса (Сарман-Қожа) мұнарасы, Х-ХІ ғасырлар

Ақпарат

    Записей не найдено.