Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші, 2010 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс және Жібек жолы көшелерінің қиылысында орналасқан.
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 26.09.2018
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Жалаңтөс Сейітқұлұлы (1576-1656) (ертедегі шығыс елдері баһадүр деп атаған) қолбасшы. Сырдарияның саға-жағалауын мекен еткен Төртқара елінде туған. Қазақ батыры, әскербасы, Самарқан әмірі. Жалаңтөс Сейітқұлы ХVII-ХVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді. 1581 жылғы аштықтан аман қалу қамымен Шығай хан мен Жалаңтөс батырдың әкесі Сейітқұл туыстарымен бірге Бұхараға жақын Бұраты тауына қоныс аударды. Жалаңтөс батыр 12 жасынан Тамды және Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет ете бастады. Жас кезінен-ақ зерделілігі және төзімділігімен көзге түсті. Оның аты халық арасына кеңінен танылды. Жалаңтөс батыр талай-талай соғыс, шайқастарды басынан өткереді. Соның бәрінде ол асқан батыр, қолбасшы екенін танытады. Сол дәуірдегі ең жоғарғы лауазым - Аталық баһадүр колбасшы деп ел жұрт атап кетеді. 1640 жылы қазақ пен өзбек жеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға қарсы соғыста Жалаңтөс баһадүр әскерге қолбасшылық етіп, жауды күйрете жеңген. 1643 жылы Жетісу өлкесіне басып кірген қалмақ-жоңғар феодалдарына қарсы шайқасып жатқан Жәңгір ханның әскеріне Жалаңтөс батыр бастаған Самарханнан 20 мың қол көмекке келген. Басқыншыларды ойсырата жеңуге жәрдемдескен. 1649 жылы Бұхар ханы Абдуләзиз бен Иран патшалығы арасында Хорасан мен Балх үшін болған соғыста Жалаңтөс батыр әскерге шебер басшылық етіп, жауды жеңіп шыққан. Бұл соғыста Бұхар мен Қазақ хандыктары ортақ жауға карсы одақ құрған.
Хорасан Балх шаһарларындагы сол соғыста Жалаңтөс ерлікпен коса әртүрлі айла-тәсілдер де қолданады. "Кімде-кім оқ атпай, қылыш, найза кезенбей өз еркімен қолға түссе, оған жаза қолданбаймын. Жер беремін, үйлі-жайлы болуына жағдай жасаймын. Сарбаз бола ма, сарайда жұмыс істей ме, егіс еге ме өздерінің калағанын беремін" деп барлаушыларды үстін-үстін жібереді. Осындай қантөгіссіз әрекеттердің арқасында Иран, Хорасан жағының жоқ-жұқана, кедей-кембағал сарбаздары лек-легімен Жалаңтөс колына қосылып жатады. ..."Тарихи Қыпшақи" атты еңбектің авторы Хожамкүли-бек Балхидің жазуына қарағанда, қазақ ханы Жәңгір хан осы шайқасқа жүз мың әскерімен қатысқан. Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш рет жорық жасаған. Кабул мен Мешхедті бағындырған. Ерлігімен соғыс өнерін жақсы білетіндігімен данқы жайылған талантты қолбасшыға Үндістаннан» Хорезмнен, қырғыз, қалмақ, казак, қашқар хандарынан, тіпті Тибеттең де кымбат тартулар келіп түрған". Жалаңтөс батыр мен Бұхар ханы Абдуләзиз қасында өзбек, қазақ жігіттері бар Алшынбек бимен Жайкүн өзенінен өтіп Гератқа жетеді. Ертеңіне олар Шығанақ көлі жанындағы шағын қалаға тоқтап тыныс алады. Көп кешікпей-ақ ол елдің патшалығының әскерімен Фатхабадта кездеседі. Бұл қыстақ шаһарға жеті шақырымдай жерде болатын.
Келесі күні түнделетіп барлаушылар шығады. Ертеңіне таң атқаннан күн батқанша соғысады. Соғыс екі айға созылады. Талай қақтығыс, шайқастар болады. Талай жігіттер батырларша шайқасады. Шейіт болғандар да аз болған. Осы соғыста Жалаңтөс батыр ерекше ерлік жасап, әскерін шебер басқарады. Академик М. Е. Массонның айтуынша, жеңімпаз Жалаңтөс батырға сырттан келген сый-сияпаттардың мөлшері мемлекетке түскен қазына байлығынан асып түскен. Ол осы қаражат байлыққа әскер ұстаумен катар, сөулетті сарайлар, медреселер тұрғызған. Регистан орталығына атақты "Шіфдор", ("Арыстанды"), "Тіллә-кари" ("Алтынмен апталған") медреселерін салдырған. Сөйтіп, Жалаңтөс қолбасшы Самарқан шаһарын оның атырабын кырық жыл билеген. Өзбек, қазақтар "өзіміздің қамқор баһадүрымыз" деп құрмет көрсеткен. Ресей тарихшысы П.Иванов өзінің "Орта Азия тарихының очерктері" деген кітабында: "Абдулазиз ханның аталығы Ялантуш би XVII ғасырда Ұлы Моғолдарға (Үндістан) қарасты болған Кабул каласының төңірегіне және Иранның Хорасан аймағына жойқын шабуылдар жасады. Көптеген тұтқындар алып қайтты. Оның өзінің иелігінде 3000-дай құл болды. Сол құлдардың күшімен Самарқандта медреселер тұрғызды", - деп жазды. Оған Жалаңтөстің сол жорықтары негізінен әлгіде аталған Хожамқүлибек Балхидың 1722-1725 жылдар арасында жазған "Тарихи Кыпшақи" деп аталатын еңбегінде де баяндалған. Надримүхаммед ханға наразы болған өзбек феодалдары оны хандықтан түсіріп, оның орнына 1645 жылы оның үлкен ұлы Абдулазизді хан кояды.
Ұлы моғолдарға қарсы күресуге өз күші жетпейтінін түсінген Абдуләзиз хан және басқа да өзбек шонжалары Ташкент, Самарқанд айналасындагы қазақ сұлтандарынан көмек сұрайды. Ақырында бір лек (100 мың) қазақ жасағымен толықтырылған үлкен қолмен Абдуләзиз хан мен Жалаңтөс батыр жорыққа шығып, ұлы Моғолдар әскерін қырғынға ұшыратып қуады. Көп тұтқын және олжа қолға түседі. Міне, осы жорықта Жалаңтөс батырдың қолбасшылык қабілеті, ерлігі айрықша көзге түседі.
"Жалаңтөс Коқанға барып ханын тақтан түсіріп, Ақша деген ағасын хан қойыпты" деген де сөз бар. Өзбек тарихшысы Абдураимов өзінің 1966 жылы баспадан шыққан "Бұқара хандығындағы аграрлық қатынастар тарихы" деген кітабының 117 бетінде Надримүхаммед ханға наразы болған өзбек феодалдары бір қазақ сұлтанын Ходжентте хан деп жариялады деген мәлімет келтірген. Бұл адам сол кезде Бұхара хандығына белгілі, беделді әскербасы Самарқанд аймағының билеушісі Жалаңтөс батырдың туған атасы Ақша болуы да ғажап емес. Жалаңтөс баһадур 1656 жылы 80 жасында дүниеден қайтқан. Денесі Самарқанға жақын Дағбид қыстағына өзі пір тұтқан Мактым Ағзам әулие бейітінің қасына жерленген. Жалаңтөс баһадурдің әскери қолбасшылық қызметі, ұзақ жылдар Самарқанды билеген кездегі ақыл, нақыл, билік сөздері қазақ арасында көп тарала қоймаған. Ал, Өзбекстан тарихы мен әдебиетінде жиі кездесіп отырады. Өзбек Кеңес энциклопедиясы мен Өзбекстан тарихында оның әскери қолбасшылық қызметі мен билік жүргізген кездегі ғұмырнамасы жан-жақты жазылған. Бұл жағынан өзбек ағайындарға мың да бір рахмет. Енді біз Жалаңтөс би жөнінде зерттеулер жүргізіп, өзбек, орыс тілінде жарық көрген сол еңбектерді ана тілімізге тәржімалап халық көдесіне асыруымыз керек.
Сипаттамасы: Ескерткіш Жалаңтөс Баһадүрдің 425 жылдығына арналып салынған. Ескерткіштің авторлары - ҚР Суретшілер одағының мүшелері, мүсіншілер Нұрлан Далбай мен Қазбек Жарылқапов. Биіктігі 4 м болатын ескерткіш қоладан құйылған, салмағы 6 тонна. Тұғырымен қоса есептегендегі биіктігі 11 м. Тұғыры гранитті тастармен қаланып, сырты мрамор тақталармен қапталған. Тұғырда: «Даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы 1576-1656 ж.ж» деп жазылған. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ескерткіш Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz/be/10-pamyatniki-kaz/189) картасына енгізілген. QR-код тақтайша орнатылған.
2009 жылдың маусым айында республикалық және облыстық баспасөз беттерінде Жалаңтөс Баһадүрге орнатылатын ескерткіштің ең үздік жобасына ашық конкурс жарияланды. Конкурсқа 7 жоба түсті. Олар республикада орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссияда қаралып, арасынан мүсінші Н.Далбай мен сәулетші Қ.Жарылғаповтың жобасы таңдап алынды. 2009 жылы бағдарлама аясында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, «КазАрхСтрой» құрылыс-жобалау фирмасы жобалық-сметалық құжаттарын дайындады. 2010 жылдың наурыз айында ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес ескерткішті жасау және орнату жұмыстарына ашық конкурс жарияланып, «Астана-Сәулет» жобалау фирмасы» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Ескерткішті орнатуға жалпы 2 гектар жер телімі бөлінді, оның 754 шаршы метрі құрылыс ауданы, 11387,0 шаршы метрі көгалдандыру аумағы, 8316,0 шаршы метрі төсем аумағы, 60 м/м ескерткіш кешеннің автотұрақ көлемі. Платформасы 1,8 метр, ескеркіштің платформасы 5,6 шаршы метр, екі жақтағы қабырғасының ұзындығы 44 метр, ескерткіштің ұзындығы 6,2 метр, ені 4,5 метр болады. 2010 жылы Қызылордада Сыр елінің перзенті, атақты қолбасшы, Әйтеке бидің үлкен атасы Орта Азияда «Тұран жолбарысы» атанған Жалаңтөс Баһадүр бабаның ескеткішінің ашылу рәсімі болды. Оған Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстаннан қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары қатысты. Алдымен театрландырылған көрініс көрсетілді. Даңқты қолбасшыға ескерткіш орнату туралы шешім Қызылорда облыстық мәслихатының 2008 жылғы 28 наурыздағы сессиясында қабылданған еді. Ол 2008-2010 жылдарға арналған «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасы аясында жүзеге асты Ескерткіштің ашылу рәсімінде алғаш болып сөз алған облыс әкімі облыс халқын Айт мерекесімен қатар келген Баһадүр бабаның ескерткішінің ашылуымен құттықтады. Ескерткіштің ашылу рәсімінде сол уақыттағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, академик Кенжеғали Сағадиев, ҚР Президенті әкімшілігі жанындағы саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Ахметов, «Жалаңтөс Баһадүр» қоғамдық қорының төрағасы Ыдырыс Қалиев сөз сөйледі.