Әбжали ишан мешіті
Мекен жайы: Жалағаш ауданы, Таң ауылы, Ж.Жабаев көшесі №12
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 01.10.2018
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Әбжали ишан мешіті
1924 жыл
Елімізде діни ошақтар салу үрдісі мен діннің уағыздалуы Қазан төңкерісіне дейін және кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында да жалғасын тауып, халықтың рухани қажетін өтеп жатты. Сондай мешіттердің бірі Әбжәли ишан мешіті.
Өмірдерегі
Қалымбетұлы Әбдужалил (Әбжәли) мешіт ұстап, бала оқытқан діни ағартушы. Әбжәли ишан ХҮІІІ-ХХ ғасырларда Сыр бойынан шыққан көптеген діни ғұлама, оқымыстылардың соңғы легіне жататын өкілі. Ол кісі шамамен 1870/1874 жылдары қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылдық округіне қарасты Мырзабай ахун ауылы төңірегінде дүниеге келген. Әбжәли сауатын Мырзабай ахуннан алады. Кейіннен Бұқара қаласындағы Көкілташ медресесінде он төрт жыл оқып, шатырхат алып шығады. Әбжали Қалымбетұлы ишан атанған кісі. Ол Кіші жүз Жетіру ішіндегі Арбалы-Керейттен Елгелді деген кісі болады, Елгелдіден Ақжігіт, Ақжігіттен Базар, Базардан Жанақ пен Манақ деген екі ұл тарайды. Жанақтан Азамат, Азаматтан Мырзабай ахун мен Қалымбет туады. Інісі Қалымбеттің баласы Әбжәлиді Мырзабай ахун жастайынан бауырына басып, өзі тәрбиелеп өсіреді. Ишанның өз қызы Сәруфаның айтуынша әкесі Әбжәли құжаттарда Мырзабайұлы деп жазылып кеткен. Әбжәли тегінің бір жерлерде Қалымбетұлы екінші деректерде Мырзабайұлы деп жазылуының да себебі содан. Жұрттың өтінішін ескере отырып Әбжәли ишанды руы Ақбет Керейт Мәмбетұлы Сегізбай деген кісі елді діни-рухани, оқу-ағарту ісімен айналысып, игілік пен имандылыққа тәрбиелеу мақсатында алдыртады. Сегізбай бидің ауылында молда болмаған соң ағайындардың бұл ұсынысын Әбжәли қабыл алады да Қорғаншыға көшіп келіп, бала оқыта бастайды. Алғашқы жылдары Әбжәли ишан қамыстан тұрғызылып, іші-сырты сыланған мешітте дәріс жүргізеді. Ол кездері бұл жердің атауы Мәмбетсай деп аталған. Сегізбай би: «Мешіті, имамы жоқ ауыл кәпір болады. Шүкір шаңырақтарымыз көбеюде, біз де өз алдымызға үлкен ауыл болып қалдық, енді мешіт ашып, бала оқытайық. Баршамыз соған атсалысайық» деп, осы төңіректе шоғырланған Ұмтыл, Қызылсая, Таң тұрғындарын мешіт салуға үгіттейді. Ел болып тұрақты мешіт салуға келісіп, жалпы басшылық жасау Сегізбай биге жүктеледі. Сегізбай би мешіт салатын ұстаны Ақмешіт қаласынан алдырған деседі. Бір деректерде мешіт ғимаратын ақмешіттік Нұрмұхаммед деген ұста салған десе, екінші деректерде руы Жартай-Керейт Нұрпейіс деген ұста тұрғызған делінеді. Құрылыстың нақты авторы әзірге белгісіз. Әбжәли ишан ұрпақтарының айтуы бойынша 1921 жылы Өтесұлы Нұрпейіс ұста Шәкіманұлы Байарыстан деген көмекшісі екеуі болашақ мешіт орнын анықтап, қажетті құрылыс заттарын пысықтап, кірпіш күйдіретін шағын зауыт құрылысын бастап кетеді. Әр ауылдан қарулы жігіттер кезектесіп келіп тұрады. Оларға негізінен батпақ жатқызу, кесек құю секілді ауыр жұмыстар жүктеледі. Кесекті жергілікті саз құмнан құйып, шеге құмға илеп-шайып, кепкен соң шеңгелмен қыздырылған пеште бірнеше күн пісіреп-күйдірген. Атқарушылардың еңбекақысына әр үйден 1 пұт (16 кг.) астық пен 1 уақ малдан жиналады. Сол елдің ауқатты азаматтары Тауұлы Иттемір мен Мамыт, Қоқыбайұлы Сейтжан, Нұрымбетұлы Жұма, Мәмбетұлы Бедер және Сегізбай би бас болып мешітке сауын биеден береді. Ұсталар еңбекақысына 300 қойға келіседі. Сегізбай би бас болып Қарақұм мен Қызылқұмдағы ағайындарға сауын айттырып, 1922 жылдың көктемінде 500 бас уақ мал жинап келеді. 1924 жылы мешіт ғимараты, ишанға арналған тұрғын үйі, кітапхана, шәкірттер жатақханасы, азық-түлік қоймасы, дәретхана, әжетхана мен мал қорасына дейін салынып бітеді. 1924 жылдан 1927 жылға дейін ауыл балалары осы мешітте Әбжәли ишаннан діни дәріс алады. Әбжәлидің інісі Әбдіғаппар қари осы мешітте шырақшылық қызмет атқарғандығы мәлім. Кеңес одағында коммунистік партия билік пен доктринаны ұштастырып, бір орталыққа бағынуды қамтамасыз етті. Бірақ, атеистік идеологияға қарамастан халқымыз балаларын мұсылман ғұрпымен сүндетке отырғызған, қайтыс болғандарды жерлеу рәсімдерін, тағы да басқа діни жол-жоралғыларын жалғастыра берді. Кеңестік жүйеде 1928-1929 жылдардан бастап діни шаралар қатаң бақылуға алынып одан соң діни қызметкерлер қудалауға ұшырап, ақырсында мешіт-медреселер қиратыла басталады. Бұзылмай қалған мешіттер мен медреселердің негізгі міндеттері тоқтатылғанымен өз функцияларын басқа салаға ауыстырған ғимараттары әрі қарай жұмыс жасай берді. 1929 жылы Әбжәли ишан мешіті мемлекет қазынасына алынады. 1931 жылдан бастап ғимараттың зәулім мұнарасы бұзылып, кірпіштерінен қосымша бөлмелер салынады да мектеп-интернат болып жұмыс істей бастайды. Ашаршылық жылдары ата-анасынан айырылып, қаңғып қалған жетім балалар осында тәрбиеленіп, аштықтан аман қалады. Бұл мектеп-интернатқа Жүсіпұлы Омар басшылық жасайды. Омар деген кісі Мырзабай ахунның Мағруфа (Манаш) деген қызының баласы. Бұл азамат 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Туған халқы үшін еңбек еткен Әбжәли ишан өкіметке деген теріс әрекеті, ешбір қылмысы болмаса да 1934 жылға дейін бір мәрте, 1934 жылы екінші рет (неше жыл қамауда отырғандығы белгісіз) қамауға алынып, көптеген қиыншылықтарды басынан өткереді. 1937 жылы дін өкілдерін ату туралы бұйрықтың шығуы жағдайды мүлдем тығырыққа тірейді. Діни қайраткерлер түгелдей атылып, атылмағандары итжеккенге айдалып, ал олардың ұрпақтары қуғын-сүргінге ұшарай бастайды. Әбжәли ишан үшінші рет 1937 жылдың маусым айында қамауға алынады. Бұл туралы Әбжәли ишанның зайыбы Досқызы Қатира (1904-1972 жж.) өз естелігінде: «Қауын қызғалдақтап тұрған кез, салт атты үш НКВД қызметкерлері келіп: –Әбеке, біз тағы да келдік. Бізбен бірге жүріңіз, - деді. Қожайыным: –Жарайды. Мен, қамаудан қорықпаймын және ешқайда да қашпаймын. Отбасыммен қоштасуға мұрсат беріңіздер, - деді де, бесікте жатқан Сәруфаны көтеріп алып, бетінен сүйіп, иіскеп, одан соң менің маңдайымнан сүйіп тұрып, – Иншалла, келсем он сегіз жыл өткен соң келермін, келмесем қырық жылдан соң ақыретте кездесерміз, - деп, әлгілердің жетегінде кете барды. Мен болсам емізулі баламды құшағыма алып, солардың артынан жаяулатып ере бердім. Біраз жүрген соң жолда ат арбалы, сақалды кісі тоқтап, арбасына мінгізіп алды. Ол кісі бізді Қызылорданың бергі шетіндегі түрме жақта тұратын Базар деген апайдың үйіне әкеп тастады да, өзі ғайып боп кетті. Бізге жақсылық жасаған сол кісі кім болды екен деп, кейін есімді жиған соң көп ойландым. Ол кездері ат арба деген тек үлкен қалаларда болмаса, басқа жерлерде мүлдем жоқ кез. Шамасы, бізді осында алып келген ахун (Мырзабай) атамыздың әруағы болса керек. Әйтпесе, Базар апамыздың бұнда тұрып жатқандығынан біз білмейтін едік. Сонымен не керек, қызым екеуіміз Базар апаның үйінде тұрақтап қалдық. Себебі ауылдастарымыз, ағайын-туыс, көрші-көлем бізбен араласуға, сөйлесуге қорқатын. Жұбайымды ұстап берген де өз ауылымыздың белсенділері еді. Базар деген кісіні кезінде Мырзабай ахун тауып алып өз қызындай тәрбиелеп, өсірген. Ахун қайнаға, «қанша дегенменде бұл қыздың сүйегі бөлек қой» деп, Байсұғылұлы Төремұрат деген інісіне қосады. Жаугершілік кезінде шабылған бір ауылға тап болған Мырзабай ахун төңкеріліп жатқан қазан астынан іңгәлаған бала дауысын естіп, қазанды көтерсе астында қыз бала жылап жатыр екен. Байғұс анасы, елді жау шапқан кезде, «өзім өлсем де балам тірі қалсын» деп, еңбектеулі баласын қазан астына жасырып үлгірген екен. Ахун, «бұл өмір дүние, базар секілді екен» деп, қыз есімін Базар қойған сыңайлы. Қожайыным қамауға алынып арада төрт жыл өткеннен соң хат келді. Ол кездері есік алдындағы жыңғыл, шеңгел түбіне қой-ешкілерімізді сауып алатынбыз. Жыңғыл көлеңкесіне ешкі сауып отырған кезімде алба-жұлба киінген бір кісі келіп, әбден көнерген шинель жағасының ұшындағы тігісін тістеп-тістеп жіптерін үзіп, киіз жағасы мен мата арасынан бір жапырақ қағазды алып қолыма береді де өзі үн қатпастан кетіп қалды. Ашып оқысам, «Қайда, немен кетіп бара жатқанымды білмеймін. Темір торлы, бөшке секілді, қараңғы қапастың ішіндеміз. Ештеңі естілмейді. Кеменің іші ме әлде басқа ма білмедім. Қош, аман-саулықта болыңыздар» деген, хатын оқыдым. Содан соң қожайынымнан еш хабар-ошар болмаған» деп туған қызы Сәруфаға айтып кеткен екен. Заманның қиындығына қарамастан ілім-білім мен хақ дінді өз өмірлеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан өлкемізде насихаттап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіре білген Қалымбетұлы Әбжәли ишан сияқты діни қайраткерлеріміздің атқарған игі істері қай кездерде де үлгі боларлықтай. Қазіргі күні «Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігінің филиалы болып, 2012 жылы 10 қыркүйекте қайта тіркеуден өткізілген «Әбжәли ишан» мешітіне «Таң ЛТД» ЖШС директоры Шағыртаев Имамзада Қуанышұлының демеушілігімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мешіт Кеңес үкіметі заманында мектеп-интернат, қойма болса, ел тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап өзінің тікелей функциясын атқаруда.
Ескерткіштің сипаттамасы
Мешіт жоспары төртбұрышты, күмбезді. Жалпы өлшемдері 11,90х8,30 м, биіктігі 6,5 м, әр мұнарасының биіктігі – 15 метр. Күмбезінің диаметрі – 2,5 метр. Мешіт ғимаратының ауданы – 150 ш.м.. Намазхана бөлмесі – 90 ш.м.. Имамның бөлмесі – 32 ш.м. Дәліз – 28 ш.м.. Мешіт кіре-беріс бөлмеден, михрабы бар намаз оқу залынан және осы зал арқылы кіретін шағын бөлмеден тұрады. Кіре-беріс бөлменің жоспары төртбұрышты, бір терезесі бар. Сыйыну залының пішіні шаршы тәрізді болып келген, оңтүстік-батыс қабырғасында михраб қуысы бар. Залдың ортасында жабын өрнектелген ағаш үш бағана тірелген. Жарық түсу үшін қаптал қабырғаларында екі терезеден салынған. Жамағат сиымдылығы – 50 адамға лайықталған.
Мешіт ғимаратының қаспеттері «кірпіш» стилінде салынған, ғимарат цоколь, карниз, бай өрнектелген фронттардан тұрады.
Қаспеттерде өрнектелген жауырыншалар бар. Осы жерлерде цоколь мен карниз бекітілген. Қаптал қаспетте ағаш жақтаулары бар үш терезе орнатылған, ойықтары аркамен көмкерілген. Мешіт күйдірілген кірпіш қабырғалардан және ағаш бағаналардан тұрады.
Солтүстік және шығыс бұрыштарынан 50 см қашықтықта азан шақыруға арналған мұнара салынған. Шамасы бұл кейін тұрғызылған болу керек. Мұнараның төменгі жағынан диаметрі 2 м, биіктігі 12,5 м.