Сорлыасар қалашығы
Мекен жайы: Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым, Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 12,6 шақырым
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 21.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Сорлыасар қалашығы,
б.д.д. ІХ ғ. – б.д. І ғ.
Жетіасар– б.з.б III-I ғасырлардағы қаңлы тайпаларының орналасқан аймағы (Қытай деректерінде Кангюй деп кездеседі). Бұл Қызылорда облысындағы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария ауданының территориясында орналасқан көне қалалар орны, олар толық сақталмай тек топырақ үйінділері түрінде жатқандықтан асарлар деп атаған (Қоңыратбаев, 1996, 148 б.). Бұл ескерткіштертердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен атаған. Бұл аймақтан Бидайық асар, Сорлы асар, Домалақ асар, Үңгірлі асар, Томпақ асар, Қара асар, Жалпақ асар, Тікасар, Тас асар, Қосаасар, ияқты барлығы 50-ге жуық қала мен жүздеген обасы бар қорымдар және суландыру жүйелерінің орындары анықталған. 1946 жылы С.П. Толстовтың басқарумен Хорезм архелогиялық этнографиялық экспедициясы Сырдарияның ежелгі солтүстік арналары Қуаңдария мен Ескідариялыққа қарай жүріп, жетіасар кешенінің қалаларын ашты. 1948-1951 жж. С.П. Толстов Жетіасар №3 (Алтын асар), Жетіасар №9 қаларында және бірнеше жеке обаларда қазба жұмыстарын жүргізді (Толстов, 1962, 186-200 бб.) 1958, 1962-1963 және 1966 жж. Басқа да Жетіасар ескерткіштерінде қазба жұмыстары жалғасын тапты (Левина, 1971, 10 б.). Аталған зерттеу жұмыстары нәтижесінде С.П. Толстов алғаш болып Жетіасар қалалары құрылыстарының ерекшелігіне байланысты үш топқа бөледі: ғимараттары бар бекіністі үй-жай (усадьба); екіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар (мұнаралары, бекіністі қақпасы), бірақ ішінде ешқандай құрылыс орны жоқ, ірі қамалдар; үшіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар, сонымен қатар ішінде көптеген әр түрлі тұрғын үй құрылыстары бар қамалдар (Толстов, 1948, 128-129 бб.). Бұл қалалар халқы Сырдарияның орта ағысы бойымен Ташкент төңірегіне таралған көршілес отырар-қаратау мәдениеті және қауыншы мәдениетерін жасаған тайпаларымен бірге тарихи Кангюй (Қаңлы) мемлекетінің құрамына кірген. Ғалымдар бұл мәдениеттерді өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілермен қатар, бойынша бір мезгілде өмір сүрген деп болжайды. Әр топтың аумағында өз суландыру жүйелері болған. Қалалар орны ауданы 0,5-10 га биіктігі 8-20 м дөңгелек немесе сопақша пішіндес екі қабатты құрылыстар қаланың орталығы қызметін атқарған, мұның үш кейде (кейде төрт) жағын айнала төменгі қабаттың үйлері орналасқан. Барлық қалаларда берік қорғаныс дуалдары болған. Сонымен қатар, кейбір қалаларда биік мұнаралар, қабырға үстімен айнала өтетін дәліздер де бар. Құрылысқа пахса блоктары мен шикі кірпіш қолданылған Ал 1973-1991 жж. Л.М. Левинаның жетекшілігімен жетіасар шатқалында кең көлемді Алтын асар, Томпақ асар, Бидайық асар, Кіші және Үлкен Қос-асар мен 700-ге тарта обаларға кешенді қазбалар жасалынды. Нәтижесінде бұл мәдениетті өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілермен қатар, түрлі тарихи жағдайларға байланысты туындаған ерекшеліктеріне қарай үш кезеңге бөлді: Жетіасар-I кезеңінде негізгі қалалар қалыптасып, мәдениет гүлденген. Экономикалық мәдени қарым-қатынастардың негізгі желісі, этникалық тұрғыдан едәуір жақындығы бар отырар-қаратау мәдениетінің тайпаларымен екі арада өрбіген. Жетіасар-II (б.з. IV-VI ғғ.)кезеңіне қарай жергілікті тайпаларға ғұн мәдениетінің әсері ықпал еткен. Осы кезеңдегі жетіасар мәдениетінің тайпалары тарихтағы «ақ ғұндар» (эфталиттер) бірлестігнің құрылуына ұйытқы болған. Жетіасар-III кезеңіндегі (б.з. VII-IX ғғ. басы) тайпалар өмірінде ірі қоныс аударулар орын алған. Үшінші кезеңінің аяғында Жетіасар шатқалы шөлге айналып, жетіасар мәдениеті өмір сүруін тоқтатады. Жетіасар мәдениетінің әсері Сырдарияның Аралға құйылысына одан әрі Әмудария сағасына өтіп, осы өлкелерде «кердер» мәдениетін қалыптастыруға қатысады (Левина,1971, 76 б.). 2006-2007 жж. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Шірікрабат археологиялық экспедциясының барлау отряды (жетекшісі Ж. Құрманқұлов) «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Қызылорда облысының ескерткіштер жинағын» шығару мақсатында жетіасар ескерткіштеріне толық археологиялық барлау жұмыстарын жүргізілді. Жоғарыдағы айтылғандардың бәрі мәдениеттердің өзара жақындығын дәлелдейді. Қаңлылардың бес иелігін және олардың астанасы Битяның орналасқан жерін тек Сырдария мен оның тарамдарының аңғарларында орналасқан барлық үш мәдениеттің қоныстары мен қорымдарын мұқият зерттегенен соң және картаға түсіргеннен кейін, немесе топтардың әрқайсысының ерекшеліктерін нақтылағаннан кейін анықтауға болады.
Жетіасар мәдениетіне жататын Сорлыасар қалашығы б.д.д. ІХ ғ. – б.д. І ғ. қамтиды.
Қалажұрт ХХ ғғ. 80 жж. ХАЭЭ (жетек.Л.М.Левина) тарапынан зерттелді. Ескерткіш 2006 ж. ШРАЭ (жетек.Ж.Құрманқұлов) тарапынан тіркелді. Жоспарда қалажұрт бұрыштағы екі жақтан қорғайтын мұнаралары бар қорған қабырғасымен қоршалған көпбұрыштан тұрады. Қалажұрттың өлшемі шамамен 800х500м, қорған қабырғаларының ені 3 – 4 м, мұнара ауданында 7м дейін және биіктігі 2м дейін. Мұнаралар қираған, пішін жөндеуге келмейді. Қорған қабырғасының периметрі бойынша сыртқы жағынан ені 5-6м дейін және тереңдігі 2 м дейін ор тіркелді. Қорған қабырғасынан 40-50 м жерден ені 1,5 м дейін және биіктігі 1 м дейін болатын дуал табылды. Дуал ұдайы үзіліп отырады және шығыс, батыс және солтүстік жақтан айрықша байқалады. Қорған екі қабатты төбеден тұрады. Жоспарда төменгі қабат дөңгелек пішінді, өлшемі 150х150 м, қазіргі кездегі үстіңгі қабаттан 5 – 7 м биіктікте. Үстіңгі қабаттар астыңғы қабаттан 3-5 м биіктікте, өлшемі 20х20 м болатын созылыңқы – төртбұрышты пішінді болып келеді. Қорғанға кіру қақпасы дүниенің үш бұрышында орналасқан: оңтүстік, солтүстік-батыс және шығыс. Қалажұртта керамиканың, металл бұйымдардың және тастан, сүйек пен саз балшықтан жасалған құрал-саймандардың сынықтарынан көтергіш материалдар жиналды. Сорлыасар деген атауды сол маңайдың топырағының (сор, сортаң) түріне қарап жергілікті тұрғындар қойған. Баяғы жаугершілік заманда сол жердің топырағын мылтыққа дәрі жасау үшін пайдаланған.