Домалақ асар қалашығы

Мекен жайы: Жалағаш ауданы, Таң ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 11,7 шақырым

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 21.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Домалақ асар қалашығы,
б.д.д. І ғ. – б.д. І ғ.

Жетіасар– б.з.б III-I ғасырлардағы қаңлы тайпаларының орналасқан аймағы (Қытай деректерінде Кангюй деп кездеседі). Бұл Қызылорда облысындағы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария ауданының территориясында орналасқан көне қалалар орны, олар толық сақталмай тек топырақ үйінділері түрінде жатқандықтан асарлар деп атаған (Қоңыратбаев, 1996, 148 б.). Бұл ескерткіштертердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен атаған. Бұл аймақтан Бидайық асар, Сорлы асар, Домалақ асар, Үңгірлі асар, Томпақ асар, Қара асар, Жалпақ асар, Тікасар, Тас асар, Қосаасар, ияқты барлығы 50-ге жуық қала мен жүздеген обасы бар қорымдар және суландыру жүйелерінің орындары анықталған. 1946 жылы С.П. Толстовтың басқарумен Хорезм архелогиялық этнографиялық экспедициясы Сырдарияның ежелгі солтүстік арналары Қуаңдария мен Ескідариялыққа қарай жүріп, жетіасар кешенінің қалаларын ашты. 1948-1951 жж.         С.П. Толстов Жетіасар №3 (Алтын асар), Жетіасар №9 қаларында және бірнеше жеке обаларда қазба жұмыстарын жүргізді (Толстов, 1962, 186-200 бб.) 1958, 1962-1963 және 1966 жж. Басқа да Жетіасар ескерткіштерінде қазба жұмыстары жалғасын тапты (Левина, 1971, 10 б.). Аталған зерттеу жұмыстары нәтижесінде С.П. Толстов алғаш болып Жетіасар қалалары құрылыстарының ерекшелігіне байланысты үш топқа бөледі: ғимараттары бар бекіністі үй-жай (усадьба); екіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар (мұнаралары, бекіністі қақпасы), бірақ ішінде ешқандай құрылыс орны жоқ, ірі қамалдар; үшіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар, сонымен қатар ішінде көптеген әр түрлі тұрғын үй құрылыстары бар қамалдар (Толстов, 1948, 128-129 бб.). Бұл қалалар халқы Сырдарияның орта ағысы бойымен Ташкент төңірегіне таралған көршілес отырар-қаратау мәдениеті және қауыншы мәдениетерін жасаған тайпаларымен бірге тарихи Кангюй (Қаңлы) мемлекетінің құрамына кірген. Ғалымдар бұл мәдениеттерді өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілермен қатар, бойынша бір мезгілде өмір сүрген деп болжайды. Әр топтың аумағында өз суландыру жүйелері болған. Қалалар орны ауданы 0,5-10 га биіктігі 8-20 м дөңгелек немесе сопақша пішіндес екі қабатты құрылыстар қаланың орталығы қызметін атқарған, мұның үш кейде (кейде төрт) жағын айнала төменгі қабаттың үйлері орналасқан. Барлық қалаларда берік қорғаныс дуалдары болған. Сонымен қатар, кейбір қалаларда биік мұнаралар, қабырға үстімен айнала өтетін дәліздер де бар. Құрылысқа пахса блоктары мен шикі кірпіш қолданылған Ал 1973-1991 жж. Л.М. Левинаның жетекшілігімен жетіасар шатқалында кең көлемді Алтын асар, Томпақ асар, Бидайық асар, Кіші және Үлкен Қос-асар мен 700-ге тарта обаларға кешенді қазбалар жасалынды. Нәтижесінде бұл мәдениетті өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілермен қатар, түрлі тарихи жағдайларға байланысты туындаған ерекшеліктеріне қарай үш кезеңге бөлді: Жетіасар-I кезеңінде негізгі қалалар қалыптасып, мәдениет гүлденген. Экономикалық мәдени қарым-қатынастардың негізгі желісі, этникалық тұрғыдан едәуір жақындығы бар отырар-қаратау мәдениетінің тайпаларымен екі арада өрбіген. Жетіасар-II (б.з. IV-VI ғғ.)кезеңіне қарай жергілікті тайпаларға ғұн мәдениетінің әсері ықпал еткен. Осы кезеңдегі жетіасар мәдениетінің тайпалары тарихтағы «ақ ғұндар» (эфталиттер) бірлестігнің құрылуына ұйытқы болған. Жетіасар-III кезеңіндегі (б.з. VII-IX ғғ. басы) тайпалар өмірінде ірі қоныс аударулар орын алған. Үшінші кезеңінің аяғында Жетіасар шатқалы шөлге айналып, жетіасар мәдениеті өмір сүруін тоқтатады. Жетіасар мәдениетінің әсері Сырдарияның Аралға құйылысына одан әрі Әмудария сағасына өтіп, осы өлкелерде «кердер» мәдениетін қалыптастыруға қатысады (Левина,1971, 76 б.). 2006-2007 жж. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Шірікрабат археологиялық экспедциясының барлау отряды (жетекшісі Ж. Құрманқұлов) «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Қызылорда облысының ескерткіштер жинағын» шығару мақсатында жетіасар ескерткіштеріне толық археологиялық барлау жұмыстарын жүргізілді. Жоғарыдағы айтылғандардың бәрі мәдениеттердің өзара жақындығын дәлелдейді. Қаңлылардың бес иелігін және олардың астанасы Битяның орналасқан жерін тек Сырдария мен оның тарамдарының аңғарларында орналасқан барлық үш мәдениеттің қоныстары мен қорымдарын мұқият зерттегенен соң және картаға түсіргеннен кейін, немесе топтардың әрқайсысының ерекшеліктерін нақтылағаннан кейін анықтауға болады.

Жетіасар мәдениетіне жататын Домалақ асар қалашығы б.д.д. І ғ. – б.д. І ғ.қамтиды. Қалашық қорған қабырғаларының ішінде дамыған фортификациялық және тұрғын үй құрылысы бар қорғаннан тұрады. Қорғанның ортасында дөңгелек пішінді, сыртқы периметрі бойынша диаметрі шамамен 50 м және жоғарғы бөлігінде өлшемі 40х40 м болатын мүжілген төбе түрінде құрылыс орналасқан. Төбенің биіктігі қазіргі кездегі үстіңгі қабат деңгейінен 9 м дейін жетеді. Бұл мүжілген алап қабырға сызығынан шығып тұрған сопақша мұнаралары бар қорған қабырғаларының ішінде. Конструкцияның қабырғасы өлшемі 120х100м, ені 3-5м, биіктігі 4-6м тікбұрышты пішінге ие. Қорғанға кіру қақпасы батыс жағында орналасқан. Қабырға ішіндегі едәуір кеңістікте тұрғын үй құрылыстарының іздері жойылып кеткен. Асардың барлық аумағынан көптеген сынық керамикалар тіркелді. Қалажұрттың батыс бөлігіне ескерткіштің атауы мен мерзімі жазылған тақтайша орнатылды. Қаланы жергілікті тұрғындар Естек асар деп те атайды. Себебі, сол маң ертеректе Естек деген көлдің табаны болған.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Қожан қожа кесенесі, ХVІІІ ғасыр
2 / 5
Баланды ІІ кесенесі. б.з.д. VІ-ІІ ғасырлар
3 / 5
Қазалы қаласының ескі бөлігі, қала құрылыс кешені. ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы Ноғай (Нұралы) мешіті
4 / 5
Көтібар мұнарасы, ХІХ ғасыр
5 / 5
Бәбіш-Мола ескерткіштер кешені, б.з.д. ІV-ІІ ғасырлар

Ақпарат

    Записей не найдено.