Айқожа кесенесі

Мекен жайы: Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылынан оңтүстік-батысқа 36 шақырым

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 21.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Айқожа кесенесі,
ХІХ ғасыр

Кесене жоспары төртбұрышты, қам кесектен салынған. Жебе тәрізді етіп қаланған қуыстың ішінде орналасқан кесене есігі бар портал ( пештак) оңтүстік- батыс жаққа қаратып салынған. Кесенеге кіреберіс есігін  арка тәрізді ұшбұрышты етіп жасаған. Полусфералық пішінді күмбез қабырға үстінде орналасқан барабанның үстінде орналасқан.  Ішінде кесектерден өріліп, сабан сылақпен сыланған бес қабір бар. Күмбездің дәл төбесінде және солтүстік-батыс жақ бетінде арнайы жарық түсетін тесіктер қалдырылған. Кесененің ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Сылақтың сілемдері казіргі уақытқа дейін жақсы сақталған. Қабырғаның ішкі бетінде бір- біріне қарама-қарсы орналасқан қуыс-тесіктер қалдырылған. Кесененің төрт бұрышында домалақ формалы  бағаналар (гульдаста) тұрғызылған. Бағаналар кесене қабырғаларынан біршама биік етіп салынған. Кесененің бұрыштары қазіргі кезде бұзылып кеткен дөңгелек мұнаралармен сәнделген. Жоспарда ескерткіштің негізгі өлшемі кесенелер үшін үйреншікті төртбұрышты емес, тікбұрышты-бойлық осін бойлай созылған, біртіндеп күмбез астындағы барабанға өтетін параболалық бейнедегі күмбезбен бітеді. Кесененің күмбез асты конструкциясы – бөлме бұрыштарынан құрылыстың салпыншағымен шығарылған желкендер. Кесене ішкі жағы сыланған. Кесене көлемі – 8,2х8,0 м. Қабырғасының биіктігі – 2,5 м, бетшесінің биіктігі – 5,7 м. Қам кесектік өлшемдері – 34х16х7 см.

Аңыз бойынша, кесене сол аймақта бала оқытып, бар ғұмырын жергілікті тұрғындардың  діни сауатын ашуға, Ислам дінін насихаттауға әрі имандылыққа  тәрбиелеуге жұмсаған діни- ағартушы  Айқожа есімді  қожаның  бейітінің басына тұрғызылған.

Айқожа ишан 1773 жылы Жаңақорған өңірінде дүниеге келген. Ташкент, Бұхара шаһарларына барып, медреселік білім алады. Бұдан кейін Ауғанстандағы атақты ғұлама, қара суды теріс ағызатын Ислам Шайхқа барып, оның қолында төрт жылдай Кұлболды, Марал, Қосым ишандармен бірге оқып, жоғары білім алады. Олар Сыр бойына Құлболды Тереңөзекке, Марал Қармақшыға, Қосым Қазалыға, Айқожа Жаңақорғанға ишан болып оралады.

Айқожа ишан Темірұлының зеректігі және білімдарлығымен қоса, оның бойында адам сезе бермейтін бір тылсым күштің барын ұстазы Ислам Шайх оның оқып жүрген кезінде-ақ білген. Бірде ол шәкірттерін сынамаққа өзінің алдына шақыртады. Басқалар ұстаз алдына кідірмей кіріп барғанда, Айқожа табалдырықтан аттамай есіктің алдында тұрып қалады. Дінбасы мұның себебін сұрағанда, ол: «Мына табалдырықтың астындағы қасиетті затты басып өте алмай тұрмын. Соны алдыруыңызды өтінемін» – дейді. Сөйтсе, Ислам Шайх шәкірттерін сынау үшін кіреберіске сездірмей Құран кітабын жасырып қойған екен. Сонда ұстаз да, өзге шәкірттер де Айқожаның көріпкелдігіне таң қалады.

Айқожа ишан Жаңақорған өңірінде халықты сауаттандырумен, діни имандылық тәрбиесін берумен айналысқан. Ол кісі Қарасопыда мектеп, медресе ашып ағартушылық қызметін халыққа дарытқан. Бірақ, кейін өзінің замандасы Көкен батырдың айтқан сөзіне налып, Қарасопыдан Ақтасқа 30-40 үйін алып көшеді. Сонда өзінің қателігін білген Көкен батыр Сарықамыста көшті қуып жетеді де кешірім сұрайды. Бірақ, көк көзді, ақсары өңді Айқожа ишан кешірім бере тұрып: «Жолға шыққан көштің кері қайтуы әбестік», – деп жүріп кетеді. Ақтасқа келіп жеткенде ерген жұртқа: «Құдай қаласа, ендігі қонысымыз осы жер болады», – дейді. Сонда олар: «Елсіз, сусыз жерді қалай мекен етеміз?» – депті. Мұны естіген Айқожа ишан қасиетті асасын жерге шаншығанда, сол тұстан шымырлап мөлдір су шыға бастайды. Ол әлі күнге дейін «Айқожа ишан бұлағы» деп аталады. Айқожа ишан 1857 жылы Бесарық стансасы тұсындағы Сарықамыс деген жерде дүние салады. Мәйітін Ақтас әулиенің қасына әкеліп жерлейді. Ел арасында Айқожа ишан туралы аңыз әңгімелер көптеп сақталған. Айқожа ишанның кемеңгерлігі мен даналығын халық қасиет тұтқан. Сондықтан бұл орынды қасиетті санап, тәу етушілер де көптеп саналады.

Айқожа ишан кесенесі ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ жататын сәулет өнерінің ескерткіші. Кесенеге келгендер діни-жоралғылар өткізіп, намаз оқып, құран бағыштайды. Ол үшін кесененің шырақшысы бар. Кесенеге келіп-кетушілерге арнайы үй де дайындалған.

Кесенені ишан қабірінің басына үлкен ұлы Ибадулла бұхарадан келген Хамит есімді шеберге салдырады. Жаңақорған ауданы Бесарық стансасынан оңтүстікке қарай 6 шақырымда орналасқан.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Баланды ІІ кесенесі. б.з.д. VІ-ІІ ғасырлар
2 / 5
Бегім ана мұнарасы, ІХ-ХІ ғасырлар
3 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басы, Ғанибай үйі
4 / 5
Құтқарушы Христос шіркеуі, ХІХ ғасыр
5 / 5
Бәбіш-Мола ескерткіштер кешені, б.з.д. ІV-ІІ ғасырлар

Ақпарат

    Записей не найдено.