Сары ишан кесенесі
Мекен жайы: Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылынан оңтүстік-батысқа 80 шақырым
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 21.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Сары ишан кесенесі,
ХІХ ғасыр
Кесене жоспары төртбұрышты, бетшелі-күмбезді қам кесектен (32х13х8 см) салынған құрылыс. Күмбезінің ішкі қабаты күйдірілген кесектен қаланған. Солтүстік-шығыс жағында қам кесектен салынған аласа қоршау жалғасып жатыр. Қоршауға кіретін кесененің осы бетінде де ауызы бар. Бас қаспеті оңтүстік-батысқа қаратылған. Оның орталық бөлігінде аркалы бетшелік ойықша орналасқан, оның айшықты қабырғасына сүйір пішіндес бөлмеге кіру тесігі салынған. Кесененің жерлеу камерасының жоспары тікбұрышты. Оның батыс және шығыс қабырғаларының ортасында шағын қуыстар бар. Кесененің солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс қабырғаларында ұшбұрышты қуыс-тесіктер қалдырылған. Күмбездің төбесінде ішке жарық түсу үшін бір қуыс-тесік бар. Ішінде қам кесектермен қаланып, сыртын сабан сылақпен сылаған бір қабір жатыр. Еденге қам кесектер төселген. Есігі ағаштан жасалған. Ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған.
Күмбез конус-шар пішіндес, шеңберлі барабанға бекітілген. желкендер. Кесене ішкі жағы сыланған, сыртқы сылағы сақталмаған. Кесене көлемі – 4,80х4,80 м. Кесененің биіктігі – 4,3 м.
Сары ишан туралы деректер
Сары ишан Қожықұлы ХІХ ғасырдың бас жағында өмір сүрген дін өкілі. Руы Сарқасқа тайпасының Елемес аталығынан. Өзінің шын аты-Таймағамбет. Сары ишан деген есімді ол кісіге түрінің аққұба, сарылығына қарап халық қойған екен.
Сары ишан Бұқарадағы Көкілташ медресесін бітіріп келіп, ауылының маңына мешіт салдырып, бала оқытқан. Ол кісі адам емдеген тәуіп, болашақты болжай білетін әулие де болған. Ишанның ұрпақтары казіргі кезде Жаңадария, Аққолқа, Ақарық ауылдарында тұрып жатыр.