Қожаназар ишан мешіті

Мекен жайы: Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, Біржан сал көшесі, 109

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 21.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Қожаназар ишан мешіті,
ХІХ ғасыр

Қазалы қаласы, Әйтеке би кентiнде орналасқан архитектуралық ескерткiштердiң бiрi. Біржан сал көшесі №109

 

Қазалы қаласы, Әйтеке би кентiнде орналасқан архитектуралық ескерткiштердiң бiрi. Біржан сал көшесі №109

 

Мешіт құрылысы

Құрылыс тікбұрышты күйдірілген кірпіштерден қаланған, жоспарындағы аумақтық өлшемдер 22,0х13,0 м, шатырының биіктігі 9 м, минареттің биіктігі 19,0 м. Ғимарат жоспарында тікбұрышты, бір қабатты, көлденең осі бойынша оңтүстік-батыстан-солтүстік шығысқа созылған, шатыры астында бөлмелері бар екі құламалы. Жоспарында тікбұрышты болып келген ғимарат екі көлденең  қабырғамен үш бөлікке – кіреберіс және екі намаз оқитын залға бөлінген.

Кіреберіс бөлік үш бөлмеден тұрады: орталық (дәліз) – үстіне ішінде баспалдағы бр минарет салынған және екі қосалқы бүйірлік бөлмесі бар. Орталық шаршы пішінді бөлме төрт жаққа шығатын есік ойықтары бар (далаға, намаз оқитын залға және бүйірлік бөлмелерге) «киоскі» түрінде шешімін тапқан.

Бірінен кейін бірі орналасқан намаз оқитын екі зал үш аркалы ойықтары бар қабырғамен бөлінген, екі залдың да бүйірлік қабырғаларында екі екіден терезелер бар. «Түпкі» залдың оңтүстік-батыс қабырғасының ортасына жоспарында жарты шеңберлі апсид түріндегі михраб орналастырылған.

Мешіттің қасбеттері кірпіштің айшықты қаландылармен әсемделген, шығыңқы іргесі және күрделі-профилді ернеуі бар. Бұрыштары мен бүйірлік қабырғаларына рустовты жауырыншалар қолданылған. Кіреберіс бөлігі жарты шеңберлі пилястрлермен көмкерілсе, ал терезе ойықтарының жоғарғы бөліктері сандриктермен ерекшеленген. Шатырының үшкіл маңдайшалары мол безендірілген.

Минарет үш бөлікті: негізгі діңінен кірпішті кронштейндермен бөлінген, діңнің жоғарғы бөлігінде намазға шақыратын тесіп өткен аркалы ойығы бар, төбесі күмбезшемен көмкерілген.

 

Қайта қалпына келтіру жұмыстары

Ескерткішті 1979 жылы «Қазжобақалпынакелтіру» институтының экспедициясы зерттеген.

2001 жылы Қожаназар ишан мешiтi күрделi жөндеуден өттi. Бұл жұмысты атқаруға  мұра жанашыры, марқұм Аманкелдi Iзбасарұлы Алпысбаев өз қаржысынан 1,5 миллион теңге жұмсады. Мешiтке керектi жасау- жиһаздар сатып әпердi.

2008-2010 жылдары мешіт (реставрациялау) қайта жаңғыртудан өткізілді.

 

Қожаназар Ишан өмірдерегі

            Қожаназар ишан өз ауылында Сырдария өзенінің жағасынан, күйдірілген қыш кесектен ағайын туысының қолдау көмегімен мешіт салдырады. Осындай ниетте салынған мешітте, дарияның екі жағындағы ауылдың балаларын оқытып, мұсылмани-шариғат жолымен білімге, тәрбиеге баулыған. Бізге жеткен көнекөз қариялардың сөзі бойынша сол заманда Қазалы-Арал өңірінде белгілі болған 12 мешіттің 5-ін Қожаназар ишан салдырған екен. Бізге белгілісі 3 мешіт. Бірі өз атымен аталатын "Қожаназар мешіті". Бұл мешіттің құрылысы 1898 жылы басталып, 1902 жылы халыққа пайдалануға берілген. Осы мешітті ишан бабамыз ең кіші інісі Бекназарға арнап салдырса керек, ал Бекназар осы мешітте 22 жыл имам болыпты. Жергілікті халық Қожаназар ишан мешітін киелі орын санайды. 

Халқымыздың дінін, тілін сақтап мәртебелеген, үш жерге мешіт салдырып, үш рет қажылыққа барып, Алланың ақ жолын уағыздап, пайғамбарымыздың ұлы туын төбесіне  тұтқан Қожаназар ишан Артықбайұлы болатын.

Сырдарияның оң қапталынан, қазір мешіттің сұлбасы жатқан жерден елдің игі жақсылары қауымдасып жас ишанға құдай үйі мешіт-медресені салып, тізгінді қолына берген екен.

Міне, осылай үш ата-Табаншы, төрт ата Естек, жеті ата Жахау, бес ата Есенгелді ортадан ойып, мешіт ашып, медресе салып, сауаттылық өркенін кеңейтіпті.

Қожаназар ишан деген кім, қай кезде өмір сүрген?

Қожаназар ишан Артықбайұлы 1854 жылы Қазалы уезі Арықбалық елді мекенінде дүниеге келіп, 1918 жылы 63 жасында (Пайғамбар жасында) қайтыс болған. Ата-тегіне келсек, Әлімнің Қаракесегі (Ұланақ), Қаракесектің-Жахауы, Жахаудың-Тыныбегі. Орақ батырдың немересi. Есейе келе, ауыл молдасынан діни сауатын ашқаннан кейін, оқуға зеректігін, діни имандылыққа ықыласын аңғарған әкесі 16 жастағы бозбаланы сол замандағы Орта Азиядағы ірі діни оқу орталығы Бұқара қаласындағы "Көкілташ" медресесіне аттандырады. Көкілташ медресесінде шариғат талаптарына сай білім тәрбие және "ишан" дәрежесі атағын алып, туған еліне оралады. Ол елге оралған соң Аллаға құлшылық жолында елеулі еңбектер атқарады.

Қожаназар Меккеге үш рет барған. Бiрiншi сапарға 1874 жылы шығып, төрт жылдан кейiн оралған. Меккеге екiншi сапарға 1910 жылы, үшiншi сапарға 1916 жылы барған.

Қожаназар ишан Бұхарадағы Көкiлташ медресесiнде 7 жыл оқып, шатырхат алып қайтады. Қожаназар ишанның жеті ұлы болған оның жеті ұлының алтауы оқымысты болған.

Қазалы ауданының орталығы-Әйтеке би кентіндегі Қожаназар ишан мешіті кешегі Кеңес өкіметі дінді апиын деп уағыздап, халықты діннен безуге жаппай шақырған кездің өзінде жұмысын тоқтатпаған.

 

Қожаназар ишанның кереметтері

ХХ ғасыр басында орыс патшасының ұлы далаға еніп, темір жол жүргізіп, мысық табандап жылжып келе жатқан кезінде төнген қауіпті ерте сезініп, ел билігінде жүрген азғантай азаматтардың басын қосып, шіркеумен таласа мешіт қабырғасын да қалауды ұсынған Қожаназар ғұлама болды. Ұсыныс қабылданып, шешімді пікір айтылды. Саяси тереңге бойлай білген Егізбай болыс, Кенжебай бай, Бисекен бай, қара Нысан би, Сары Нышан ишандар көтермелеп, көзі ашық, санасы ояу ел серкелері бас қосып мақұлдасқан екен. Темір жол құрылысы жүргізіліп, Қазалы стансасының іргесі қаланып, қазақтан жұмысшы тартып, православиялық миссионерлер арам пиғылын бастағалы тұрған елең-алаң кез еді.

Міне, осындай қарбалас ислам дінін қызқыштай қорғап, алдын-ала шара қарастырған Қожаназар ишанның көрегендігі білім дәрежесі мен бедел парасатын танытпай ма? Осының артынша темір жол бекеті Қамыстыбастан да мешіт құрылысын жүргізді. Сондағы мақсаты заман ағымына аңдап, шоқындыру саясатына қарсы тұрған дін ағартушысының харакеті еді.

Қожаназар жас кезінде Бұхар, Хиуа медресеселерінде, жоғары діни оқу орындарында білімін шыңдап «Әзһар ал-хаққ» шариғат жайлы кітапты «Нурул-Әнуар-услан ал-фикх» фикх негіздерін талдап «Мушкәт шәріпті» тамамдап, құрметті, сыйлы, білімді ишан дәрежесіне көтеріліп, халыққа қамқор болып, тентекті тезге салып, теліні жөнге бағыттап, тірісінде атақты ғұлама атанған. Үш рет Меккеге қажылыққа барып, қағбаға тауап етіп, Арафат тауына көтеріліп, Аллаға тағзым етіпті.

Сапар соңында керуенге ілесіп келе жатқан қажыға салт атты, сабау қамшылы біреу жолшыбай қосылып, сапар серік болыпты.

Ойында ештеңе жоқ, қажылыққа барар жолдағы елдердің жай-жапсарын, көрген қызықты оқиғалар мен діни әңгімелерді жол қысқарту үшін  айтып, астындағы теке-жәуміт арғымағының сауырына қамшыны сипай салып, сырғытып келе жатты.

Қатар келе жатқан жол серік жігіт:

-Аға, мына түйенің жүрісі жалықтырып жіберді. Арғымағыңыздың жүрісін көрейін. Ат басын тартпай еркіне жіберіп, керуеннен біраз озып ат шалдырсақ қайтеді?-деді.

-Мақұл, інім. Ішің пысса, жібер ат басын. Қартайсам да мен де тақымымды сынайын. Туған жердің лебіне мен де мас болып, денем босап келеді. Сергиік. Бас қамшыны-деп Қызылдың қиясымен қиялай тартқан сан ғасырдың ізіндей «Жібек жолының» сорабымен сыдырта ат басын қоя берді. Күн намаздігерге жақындай бере ат басын іркеп, арттағылардың қоналқаға тоқтар жері осы тұс болар деп ат шалдырып, дем алмақшы болады.

Ишан құс ұйқылы, қапсағай, ортадан ұсындау қара сіңірлі, қайратты кісі болатын. Мызғып кетіп, көзін ашса, әлгі жігіт балағын түріп, аттардың жанында жүргенін көріп:

-Пірәдар, не істеп жүрсің?-деп сұраса:

-Тақсыр, демала беріңіз. Аттарды суытып, өзім жайлаймын ғой. Ұзақ жолдан шаршап-шалдығып келесіз. Бір қызметіңді атқарайын, аға, демалыңыз-десе керек.

Шынында да ұзақ жүріс шаршатқан ишан тағы қалғып кеткен екен. Осы сәтті пайдаланған қарақшы атты олжалау ниетімен ишанның алқымын кездікпен орып жіберіпті.

Ұйқылы-ояу орнынан атып тұрған қарақшыны ат үстінде көріп:

-Ер болсаң бір белдес!-деп тамағын ұстап, қырылдай айқайлаған. Бірақ қарақшы қайрылмай алған бетіне қарай жөней берді.

Осы кезде қаһарланып, дұға оқып, қолын әлгінің  артынан қылыштай сермеген ишан да құлады.

Көп ұзамай керуен жол жиегінде қансырап жатқан ғұламаны тауып алып, киіз күйдіріп басып, жарасынтаңып, есін жиғызып, мәнісін сұрағанда, қасындағы сұрқылтайдың сұмдығын айтады.

Із кесіп, залымның сазайын бермек болған ереуіл топқа тоқтау айтып:

-Ол ұзамаған шығар, көп болса ана төбенің бауырында жатыр. Тынығып, таң атқан соң көрерсіңдер-дегеніне желіккен топ еліріп, шырақ дайындап алып, із кесіп кетті.

Көп ұзамай, аттан құлап мойын омыртқасын үзілген қарақшының мәйітін өз атына теңдеп, қажының атын жетелеп:

-Ғұлама тақсыр, айтқаныңыз келді, қарақшы өліпті. Сәйгүлік дін аман. Астағифиралла, кереметіңізге құлдық!-деп тағзым етіпті.

Таңертең керуен жедел жолға жиналғанда ишан жігіттерді тоқтатып, ақ жуып, арулап қарақшының жаназасын шығарып жерлеуге өтініш жасаған екен.

-Мұсылманды, тіпті адам баласын көмусіз тастау-зор күнә. Қандай кінәлі немесе залым болса да кешір, қайрымдылық жаса деген Расулдың аманаты бар. Мұның да бір кәсібі шығар. Ит құсқа жем болмасын - деген екен ишан.

Ұлы жүректің ұлылығы, жанының жылылығы осындай-ақ болар.

1905 жылдың шамасында, Орта жүздің байлығы мол Бөрібай деген кісісі Қарақұм асып, Қожаназар ишанға ат арытып келіп, қолқа салыпты.

Қолқасы:

-Тақсыр, өлер шағым болды. Келген себебім: дабысыңды естіп көмек сұрай келдім. Жеті атамнан бері тұқымымызға өш, өлсек, көрімізден суырып жейтін бір пәле бар. Сол көрбақтан қалай құтыламын деп, жатсам да, тұрсам да уайым қайғы жеп, күйзеліп жүрмін. Сізден бір көмек болар деп Сіздің маңайыңызда болуға рұқсат сұрай келдім. Сізді ғұлама деп естіп, біліміңізден үміт күтіп, өзімнің сауабымды алар, ұрпағымды құтқарар деген сеніммен сергелдең болып келіп тұрмын.-деді.

Иман:

-Мақұл, Көшіп келсең келе ғой. Алла бұйыртса, көрерміз. Тәңірден-мархабат, Алла тілегіңді қабыл етер, -деп рұқсат етсе керек.

Әлгі кісі көшіп келіп, мешіт жанынан үй там салдырып, пірге қол тапсырып, һаққа мойын ұсынған екен.

Көп ұзамай, Бөрібай  бай бақилық болып, жерленгеніне екі-үш күн өткенде, Құптан намазына ұйып тұрған ишан оқыс қимылдап:

-Келді! Әлгі пәле Бөрібайға – деп қолын сілтеп қалып, тез шырақ ұстап, найб-иман екеуі қорымға тартыпты. Әрине намазхандар да бірге барған.

Ентелесіп жеткен топ бейіттің үстінде жартылай денесі қабыр ішінде, жартысы сыртта бірдеңе қалғанын  көреді.

Ишан дұға оқып, қасындағы найб-имамға суырып ал деп белгі беріпті.

Ол кісі жеңін түріп жіберіп, борсық сияқты бір пәлекетті суырып алыпты.

Тез қапқа салғызып, дарияға ағызып жіберуге нұсқау берген ишан бұзылған намазын қайта оқу үшін мешітке қарай беттеген екен.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Қазалы қаласының ескі бөлігі, қала құрылыс кешені. ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы Ноғай (Нұралы) мешіті
2 / 5
Көтібар мұнарасы, ХІХ ғасыр
3 / 5
Молқалан (Молла-Қалан) кесенесі, ХVІ ғасыр
4 / 5
Бақатам кесенесі, ХІХ ғасыр
5 / 5
Жанкент (Янгикент) қалашығы, ІХ-ХІ ғ.ғ.

Ақпарат

    Записей не найдено.