Жанқожа Нұрмұхамедұлы ескерткіші, 2014 жыл
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Теміржол вокзалы маңында
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 27.05.2020
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1795 - 1859) – қазақ батыры. Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы. Ел аузындағы деректерге қарағанда, Жаңқожаның батырлық даңқы ерте шыққан. Сыр бойының Қылышбай ханы хиуалықтармен соғысқанда, қазақ батырлары Хиуаның Тықы деген батырын жекпе – жекте жеңе алмай іркіліп қалған бір тұста, 17 жасар Жанқожа өзі сұранып шығып, оны найзамен түйреп түсіреді. Осыдан бастап оның батыр атағы жалпақ елге жайылып кетеді. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830–1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңіздеріне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасап, малын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрып, 1817 жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып, бейбіт елді шауып, алым-салық жинап тұрды. Осындай зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасады. 1856 жылы желтоқсанның соңғы күндерінде көтерілісшілер Қазалыны қоршауға алады. Қаратөбе маңындағы Л. Булатовтың отрядына бірнеше рет шабуыл жасайды. Көтерілістің бас кезінде Жанқожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857 жылы қаңтарда олардың саны 5000-ға жетеді. Жағдай Орынбор генерал-губернаторы В. Перовскийді қатты алаңдатты. Ол генерал-майор Фитингофт бастаған 300 атты казак, 320 жаяу әскер, 1 зеңбірек, т. б. қаруларымен қоса сұлтан Елікей Қасымов бастаған бірнеше жүз қазақ жасағы бар жазалау отрядын аттандырады. Екі жақ Арықбалықтың тұсында кездесіп, бірнеше дүркін шайқас болады. Бақайшағына дейін қаруланған жазалаушы отрядқа көтерілісшілер қарсы тұра алмай, шегінуге мәжбүр болады. Екі күн бойы ізіне түскен жазалаушы отрядтың көзіне көрінбей, көтерілісшілер Қызылқұмға ойысып кетеді. Жазалаушы отряд жолда кездескен қазақ ауылдарын шауып, тонаушылыққа ұшыратады. Фитингофт бастаған жазалаушы отряд ақпан-наурыз айларында көтерілісші халыққа қарсы тағы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарына адам айтқысыз жауыздықтар жасайды.
Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Жанқожа сатқындық жасаған рубасылары мен елағаларына ренжіп, Дауқара жаққа, одан Бұхар хандығы жеріндегі Ерлер тауына жалғыз кетіп қалады. Екі жылдан соң қайта оралып, Қызылқұмда жалғыз отырған Жанқожаны Елікей Қасымов бастаған казак отряды өлтіріп кетеді.
Сипаттамасы: Жанқожа батырдың 240 жылдық мерейтойы қарсаңында қала орталығынан батырдың ескерткіші бой көтерді. Ескерткіш 2,5 натуралық өлшемде қоладан құйылған, салмағы-5,3 тонна. Ескерткіштің биіктігі-5,4 метр, тұғырының биіктігі-6,0 метр. Ескерткіштің авторлары А.Кененбаев, Қ.Дулатов, Т.Серікбаев. Ескерткіш Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz/be/10-pamyatniki-kaz/191) картасына енгізілген. QR-код тақтайшасы орнатылған.
Қызылорда теміржол вокзалы алаңында 2014 жылы ұлт азаттық жолындағы күрестiң қас батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының ескерткіші ашылды. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі жиналған қалың көпшілікті қуаныштарымен құттықтады. - Мемлекет басшысы, отанымыздың қасиетті байтақ даласын дұшпаннан қорғаған батыр бабаларымызды ұлықтап, лайықты құрмет көрсету біздің перзенттік парызымыз деген болатын. Бүгін міне, халқымыздың тұтастығы мен еліміздің бірлігін ойлаған ұлт азаттық көтерілістің бас қолбасшыларының бірі, Сыр бойынан шыққан қас батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлына арнап облыс орталығында батырдың зәулім ескерткішін орнатып отырмыз. Бұл ескерткіштің Қызылорданың көркіне көрік қосып, жастарымыздың бойына патриоттық сезім беретін рухани орынға айналатынына сенеміз. Келешекте сарбаздар осы жерде отан алдында ант беретін, әскери лауазым алғандар мен оқу бітірушілерге куәлік тапсыратын, әскери борышын өтеуге аттанатын жас өрендерге ақ жол тілейтін, жас жұбайлардың гүл шоғын қоятын киелі жер болғанын қалаймыз, - деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.Салтанатты шарада мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманұлы, Республикалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев ескерткіштің ашылуымен құттықтап, Жанқожа батырдың ерлігі мен өр рухы жайында бейнефильм түсіруді ұсынды. Ескерткіштің ашылу рәсімі студенттер сарайында «Ұлт азаттығы қозғалысы және Жанқожа батыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Белгілі ғалымдар, әдебиетшілер мен тарихшылар қатысқан жиында батыр бейнесі жан-жақты сөз болып, тың деректер айтылды.